19.08.2020, 15:51
Оқылды: 127

БҚО әкімінің орынбасары Бөрлі ауданында болып, құрылыс жұмыстарымен танысты

  Бөрлі ауданына облыс әкімінің орынбасары Тимуржан Шәкімов іссапармен келді. Ол аудан аумағында іске асырылып жатқан жұмыстарымен танысты. Алдымен Құрылыс-4 ықшамауданындағы жол салу жұмыстарын қарады. «АксайБизнесСтрой» қолға алған жобаны күздің соңына дейін аяқтамақ. Тимуржан Әдиетұлы жаяу жүргіншілер жолының жиектастары берік бекітілгендігін көріп, оң баға берді.

Borli (1)

Одан соң Ақсай қаласының №4 және №3 орта мектептеріндегі жөндеу жұмыстарының орындалу барысын тексерді. Мердігерлерге жұмыс қарқынын үдетіп, жұмыс күшін көбейтуді шегелеп тапсырды.

– Қарап тұрғанда жұмыстың қарқыны шамалы екені бірден білініп тұр. Негізі мектептердің жөндеу жұмыстары қыркүйекке дейін аяқталуы талап етіледі. Екі мектептің 3000-ға жуық оқушысын басқа мектептерге орналастыру қиынның-қиыны. Бұл жерде жұмыс қайнап жатуы керек. Сондықтан жұмыс күшін көптеп тару қажет. Бұлай шұқылаумен іс бітпейді. Және барлығы сапалы, өз деңгейінде болуын қатты қадағалаған абзал. Мүмкін білім беру бөлімі, мектеп басшылары ақылдасып, құрылыс саласынан хабары бар мамандармен келісімшарт жасасып, жұмыс барысын қадағалауда ұйымдастыру керек шығар. Оны да ойластырған жөн. Өйткені сіздер жобаны қабылдап қойып, ертең шикіліктер шығып жатпасына кім келіп. Сол себепті мамандар жұмыс жасағаны дұрысырақ, – деді өңір басшысының орынбасары Тимуржан Шәкімов.

Халықтар достығы көшесіндегі кәріз жүйесін ауыстыру жұмыстарындағы пайдаланып жатқан жаңа материалдардың төзімділігі мен жұмыстың тиянақты істелуі назардан тыс қалмауын қаперге салды.

-Халықтар Достығы көшесіндегі учаскеде магистральдық кәріз желілерін қайта жаңарту жүргізілуде. Жобаның құны 551 млн. теңгені құрады. Қайта жаңартылатын учаскенің ұзындығы – 1769 метр. Кәріз жүйесіне берік полимер құбырлар қолданылып жатыр. Материал өте ыңғайлы, берік және тот баспайды. Германиядан арнайы тапсырыспен алдырдық. Технологиясын өзіміздің жігіттер меңгеріп алды. Қазір кәріз жүйесінің 500 метрін жасап үлгердік. Егер қажет десе толық таныстырылымын жасап бере аламыз. Бұл материал басқаларға қарағанда әлдеқайда арзаған шығады, – дейді «БатысСтройИнвест» ЖШС директоры Әбдібек Мақсотұлы.

Borli (2)

Қарашығанақ шағын ауданында көпқабатты үйлердің құрылысындағы кейбір қателіктерді де тізіп өтті. Алдағы уақытта құжат дайындау барында олқылықтарды жібермеуді тапсырды. Жұмыс барысында алдымен сапаның бірінші орында болуын ескертті. «ARSBUILDING» компаниясының өкіліне мұнаралы кран орнатуды талап етті.

– Құрылыс жұмыстарында, алдымен, адам өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек. Мысалы, мына жерде кран автокөлігінің жұмыс жасауы қауіпсіздік ережесіне кереғар. Өйткені кран жүргізушісі жоғарыда не болып жатқанын көрмейді. Ол жүк көтеру кезінде айналасын толық көріп отыруға тиіс. Сондықтан көпқабатты үй құрылысы кезінде мұнаралы кран орнатылуы шарт. Құжат бойынша да дәл солай көрсетіледі. Осы олқылықты тез арада қалпына келтіріңіздер, – деді Тимуржан Әдиетұлы.

Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары қаланың оңтүстік аумағында орналасқан, ел аузында Шанхай аталып кеткен ықшамаудандағы жол салу және медбикелерге арналған жатақхана құрылысының барысымен де танысты.

Мейрамбек Сыдықов,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале