7.10.2019, 10:00
Оқылды: 158

БҚО-да алғаш рет вокалды-аспапты ансамбльдер фестивалі өтті

Қазталов ауданында алғаш рет өңіріміздегі вокалды-аспапты ансамбльдер арасында «Туған жер әуені» атты облыстық фестиваль өтті.

IMG-20191006-WA0054

Бұл кеш өткенге көз тастап, тарихты зерделейтін күн болғандай.
Уақыт талабына сай жанданып өзіндік өрнегін қалыптастырып келе жатқан ансамбльдер баршылық. Облыстық фестиваль соның бір дәлелі.
Фестивальде қазылық еткен Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония әншісі Жаскелең Ғайсағалиев жеңімпаздарды марапаттау сәтінде:

-Қазталовтық ағайын үшін бүгін үлкен той десе де болады. Жанды дауысты ән шырқаған таланттыларымызды және сіздердің зор қошеметтеріңізді көріп, кештен кеткім келмей тұр. Ауыз толтырып айтатындай тамаша күн өтті, - деп әсерін жеткізді.

IMG-20191006-WA0055

Алғашқы іріктеу кезеңінде 10 вокалды-аспапты ансамбль халықтық, шетелдік әуендерді орындап, 2-інші кезеңге жолдама алды. Фестиваль нәтижесінде тасқалалық Айбек Кахов «Үздік гитарист», жәнібектік Райымбек Каримов «Үздік вокалист», жалпақталдық Гаяз Мазгутов «Үздік дауылпазшы», Боранқұл Сартуков «Үздік соло гитарист», Әсем Бекжан «Ең үздік клавиша ойнаушы», «Қыздар-ай» вокалды-аспапты ансамблі «Көрермен көзайымы» аталымымен марапатталды.

IMG-20191006-WA0065

Ал ІІІ орынды Теректі ауданының, ІІ орынды Тасқаланың вокалды-аспаптар ансамблі иеленді.

Бірінші орын иегерлерін аудан әкімінің орынбасары Рүстем Зұлқашев құттықтап, марапаттады.

IMG-20191006-WA0070

-Қайырлы күн, жерлестер! Көпшіліктің есінде болар бұрын біздің шаралар, тойлар осындай топтардың қатысуымен өтетін. Сол кездегі белгілі вокалды-аспапты ансамбльдердің әуендерін тыңдап өстік. Бүгінде заман дамып келе жатқасын әнді сүймелдейтін жаңа құралдар пайда болды. Әлбетте жанды дауыстан шыққан әуенді тыңдаған жөні бір бөлек. Үлкен топтың еңбек етуімен шығатын туынды. Алыс-жақыннан келген барлық конкурсқа қатысушыларға көрермендер атынан ризашылығымды жеткіземін, - деп бірінші орынға ие болған Бөрлі ауданынан келген «Фортуна» вокалды-аспаптар ансамбліне ақшалай сыйлық пен сертификат табыстады.

IMG-20191006-WA0057

Жұлдыз Асқар
Қазталов ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале