Бүгін өңір тұрғындары Орал әуежайында дзюдо күресінен қыздар арасындағы тұңғыш Әлем біріншілігінің жеңімпазы Фатима Сұпығалиеваны салтанатты түрде қарсы алды.

52 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен спортшы қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш дзюдошы Әлем чемпионы ретінде тарихқа жазылды. Чемпионды күтіп алуға Батыс Қазақстан облыстық дзюдо федерациясының президенті Рустам Шайхиев, қала әкімінің орынбасары Азамат Халелов, спортшының әкесі әрі жаттықтырушысы Алтынбек Сұпығалиев және аудан тұрғындары қатысты.

Облыстық дзюдо федерациясының президенті Рустам Шайхиев Фатиманың бұған дейін жасөспірімдер арасында Азия ойындарын ұтып, Еуропа кубогының иегері атанғанын, ал бұл жолы осымен үшінші рет қатысқан Әлем чемпионатында алтын медальға қол жеткізгенін атап өтті. Ол сондай-ақ 2023 жылғы чемпион Нұрлан Исатаевтан кейін Фатима өңірден шыққан екінші Әлем чемпионы екенін және екі айдан соң өтетін жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарына жолдама алғанын хабарлады.

Қарсылау рәсімі Подстепный ауылындағы спорт кешенінде жалғасып, онда Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова чемпион қызға ел атынан тұлпар мінгізді, ал оның ата-анасына 500 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық табыстады.

Т. Әнуарұлы,
Теректі ауданы