9.08.2023, 14:30
Оқылды: 16

«Балдәуреннің» жағдайы бал болмай тұр  

Жаздың жайдары күнін ұмытылмастай өткізу үшін оқушылар лагерьге асығады. Оқу жылы қалай аяқтала салысымен солай құжаттарын жинап, уақытты қызықты әрі тиімді өткізуге тырысады. Бір аптада жаңа достар тауып, тәрбиешілердің ұйымдастырған шарасына қатысып, жаңа оқу жылына ерекше шабытпен барғысы келеді.

Жәнібек ауданында осындай бір ғана балалар тынығатын орын бар. Тәлімгерлер жаз бойына әр түрлі шара ұйымдастырып, ауданның зиялы тұлғалары мен оқушылар үлгі алатын өнерпаздарын шақырып көптеген кездесу өткізді. Оған ата-аналар мен бүтін аудан тұрғындары куәгер болып, ризашылығын білдірді. Газет ұжымы да апта сайын түрлі бағытта өтетін кездесулерді қарапайым халыққа жеткізіп, қолдау білдірді. Оқушылардың көңіл қалауын дөп басып, олар қызығатын дүниелерді өткізуде лагерьдің тәлімгерлері алдына қара шығармайтыны рас. Ал одан бөлек ескеретін біраз жайт бар екені белгілі. Ән айтылсын, би биленсін, күй тартылсын. Бірақ қарапайым ұйықтайтын жері әбден тозған болса, әр жерден шала жасалған электр тоқтары «менмұндалап» тұрса, айналдырған отызға жуық бала суға түсетін моншада тазалық сақталмаса, басында айтылған әрекеттердің барлығы түкке тұрғысыз болып қала бермек.

IMG_0278

Күрделі жөндеуді аса қажет ететін орынның мәселесі жыл сайын айтылып келеді. Осы орайда аудандық «Балдәурен» жазғы лагеріне аудан прокуроры Сәкен Молдашев, аудан прокуратурасының прокуроры Жандос Қуанышбеков, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Баянсұлу Атошева, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкері Берік Испенбетов арнайы тексеріспен барды. Электр жүйесінен бастап көзге ұратын ақаулар жетерлік. Балалар демалатын орынның осындай күйге түскеніне бас шайқаған олар жатын бөлме мен моншаға дейін талапқа сай келмейтінін жеткізді.

IMG_0316

Осылардың бәрін өз көзімен көрген Сәкен Сәрсенбайұлы:

- Демаламыз деп келген балалар лагерьге емес, казармаға келгендей күй кешетін шығар. Төсек орындарының өзі ескі. Өрт пен дабыл жүйесінің істен шыққаны тағы бар. Жағдай мәз емес, - деп ашынды.

Бір өкініштісі, сапасы сын көтермейтін демалыс орнында екі жүзден астам бүлдіршін болған. Демек олардың бәрі осындай жағдайға тап келген. Асхананың санитариялық жағдайына келгенде тіпті сөз таппадық. Көкөніске бір топ шыбын үймелеп жүр. Суға түсуге арналған бассейн ішінен қоқыс пен қоңызды бірден байқайсың.

Берік Қаметұлы осы жайды толықтырып:

- Лагерь аумағында орналасқан қызметтік жайлар, асхана және балалардың жатын бөлмесінде өртке қарсы қауіпсіздік дабылдарының барлығы істен шыққан. Асхананың ыдыс жуатын бөлмесінде су сорғышына баратын электр ұзартқыш жалғаулары дәнекерлеу, балқытып біріктіру немесе арнайы қысқыштар көмегімен жүргізілмеген. Моншаға кірген кезде де дәл осы өрескел жайтты байқадық. Дәл қазір сынамалар алынып, сараптама жүргізіліп жатыр. Нәтижесін алдағы уақытта хабарлаймыз,- дейді.

IMG_0334

Бәрін айт та, бірін айт санаулы күндерден соң демалыс маусымы аяқталады. Жыл сайын «сиырқұйымшақтанып» кеткен мәселе тағы да келер жылдың еншісіне қалатын сықылды. Соңына келіп, жар салған түйткіл осы жылы тағы да шешусіз қалмақ. Келер уақытта осы тексеріс пен тегеурінді қолға алынған іс діттеген мақсатқа жете ме? Ол жағы тағы да жұмбақ. Аудандық білім беру бөлімінде өлі тыныштық. Талай қоңырау соғылды, талай хат жолданды. Дәл осы мәселеге бейқамдылық таныту жас ұрпаққа қолдан жасалған қастандық деуге толықтай болады. Майысқан керуетте ұйықтайтын, шыбын-шіркей жайлаған ас ішетін, не жарығы жөнді жасалмаған демалыс орнында тынығатын ұрпақтан не күтеміз?

Әлібек Қаржау,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

IMG_0262

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале