26.12.2023, 15:30
Оқылды: 163

БҚО-да тағы екі мектеп ашылды

Дәл бүгін Ақжайық ауданының Атамекен және Жайық ауылдарының тұрғындары үшін ақ түйенің қарны жарылған ақжарылқап күн болды. Қос ауылда су жаңа мектеп пайдалануға беріліп, тұрғындардың көптен күткен тілегі орындалды.

IMG-20231226-WA0112

Жұрттың игі жақсылығын бөлісуге облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов келді. Ашылу салтанатына облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бисенбек Нәсимоллин, аудан әкімі Мұрат Сердалин қатысты.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсырмаларына сәйкес, облыс көлемінде 27 мектептің құрылысы басталған болатын. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 18 білім нысанының құрылысы жоспарланып, оның 9-ы бойынша жұмыс биыл басталды.

Бұл жөнінде облыс әкімінің орынбасары Қ.Айтмұхамбетов Атамекен ауылындағы М.Өтемісов атындағы мектепке арнап салынған жаңа ғимараттың ашылу салтанатында айтты.
– Бұл – ең алдымен шәкірттеріміздің, мектеп ұжымының қуанышы. Бүгіннен осы ауылдың ұл-қыздары заманауи, барлық құрал-жабдықтармен қамтылған ғимаратта білім ала бастайды. Сондықтан бүгінгі күн ауылдың тарихында мәңгі қалады деп білемін. Жылдың соңғы күндеріндегі осы қуаныш – ұрпағын мейірбандылыққа, адалдыққа, адамгершілікке, еңбексүйгіштікке тәрбиелеген ауыл үшін үлкен олжа, еліміздің ертеңі ұл-қыздарымызға мемлекеттің қамқорлығының анық айғағы. Жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру – біз үшін ең қажетті нәрсе. Осыған басымдық беріп, құрылысқа тікелей қаржы бөлген «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг б.в.» компаниясына және құрылысты салған мердігерлерге көп рахмет айтамын. Баршаңызды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен, жаңа мектептің ашылуымен құттықтаймын, – деді ол.
Көптен бергі тілегі орындалып, балаларына білім алуға лайықты, барлық жағдай жасалған мектептің ашылуына жиналған бүкіл ауылдастардың қуанышында шек жоқ.

IMG-20231226-WA0111

Атамекендіктердің атынан салтанатта сөз алған ардагер-ұстаз, осы мектепте 20 жылға жуық директор болған Амангелді Жанайысов осындай зор құрметке үлкен ризашылығын, бір жылдың ішінде құрылысты сапалы аяқтаған құрыш қолды құрылысшыларға ағалық алғысын арнады, жас ұрпаққа бақыт тіледі.
Осыдан соң құрылыс мердігері «ЖайықСельСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Ерлан Өзбеков сөз сөйлеп, М.Өтемісов атындағы мектептің директоры Болат Өтешевке символдық кілтті табыстады.

мектеп жп атамекен

Жаңа ғимараттың лентасын ардагер-ұстаздар Амангелді Жанайысов пен Қымбат Оразова қиды.
Бұған дейінгі білім ошағының ғимараты 60 жылға жуық жас ұрпаққа қызмет етті. Әрине, кейінгі кезде іргетасы жарылып, қабырғалары сөгіле бастады. Төбесінің белдік ағаштары майысып, есік-терезелерін күн жеп, едендері шіріп, кейбір жерлері ойылып кетті. Яғни, жаңа ғимаратқа қол жеткізу жұрттың арманына айналған еді. Сондықтан қаржылық құны 931 миллион теңге тұратын сәулетті ғимарат – атамекендіктердің арманының орындалғанының нышаны. Қызыл кірпіштен қаланған. Бір қабатты, 108 орындық. Барлық 15 оқу кабинеті бүгінгі талап тұрғысынан лайықты жабдықталған. Мұнда екі шеберхана, кітапхана мен оқу залы, медициналық кабинет, бір мезгілде 40 оқушы ауқаттанатын асхана жұмыс істейді. Мектепте 117 оқушы білім алса, оның жанынан жұмыс істейтін шағын орталықта 30 бүлдіршін тәрбиеленуде.
Чапаев ауылдық округіне қарасты Жайық ауылындағы негізгі мектептің ашылу салтанатына жиналған ағайынның жүзінен шаттықтың лебі байқалады. Қуанышын жасырмай, әндетіп, шашуын шашқан жайықтықтардың мектептің жаңа ғимаратын көптен күткені белгілі. Іргетасы 1978 жылы қаланған бұрынғы мектептен де елімізге аты танылған азаматтар түлеп ұшқан болатын, жұрттың заманауи талаптарға сай салынған мектептің жаңа қонысында білім алған ұл-қыздарының ел келешегінің тірегіне айналатынына еш шүбәсі жоқ.
Мұнда облыс әкімінің орынбасары Қ.Айтмұхамбетов пен Ақжайық ауданының Құрметті азаматы ардагер-ұстаз Жігербай Қажғалиев, «АқсайСтройсервис и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Орынбасар Құшев сөз сөйлеп, жайықтықтарды көзайым қуаныштарымен құттықтады.
Символдық кілт мектептің директоры Меруерт Ерментаеваға табысталған соң, жаңа ғимараттың лентасын Жігербай Қажғалиев пен ардагер-ұстаз Сара Хасанова қиды.
Осында Ерлік сыныбы және қаралы қаңтарда лаңкестердің қолынан қаза тапқан жайықтық офицер, ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Сәндібек Қайыров атындағы патриоттық клубтың да ашылу салтанаты өтті.

мектеп жп атамекен

Осы шараға арнайы келген С.Қайыровтың әкесі Ғалимолла Нұрсайынұлы мен ұстазы Нұрсәуле Есқалиқызы лентасын қиған сынып Жайықтың қаһарман ұлының ерен ерлігін ұлықтау мақсатында ашылды. Ақжайық ауданының Құрметті азаматы Дәулетжан Жақсыбаев көпшілікті құттықтап, мектептің 8-сынып оқушысы Айзере Зәкария сын-қатермен бетпе-бет келгенде, Отанға адалдығынан айнымаған жерлес батырдың өмірдеректерімен таныстырды.

мектеп жп атамекен (2)
Ұлына құрмет көрсеткен жерлестеріне алғысын білдірген Ғ.Нұрсайынұлы: «Еліміздің биік белестерін бағындырып, әлемнің алып елдерімен қатар тұру үшін бүгінгі мектеп оқушыларының білімді болғаны қажет. Ал тәрбие сапалы болмай, білім алу қиын. Сондықтан тәрбиелі болыңдар, білімге қанығыңдар. Баршамыздың басымызды қосар осы мектеп, баршамыздың болашағымыз да осыннан басталады, – деді.

мектеп жп атамекен (1)
Бір ауысымда 60 оқушы білім алатын мектептің жобалық құны – 606,2 миллион теңге. «Қарашығанақ Петролеум оперейтинг б.в.» компаниясының тапсырысын бір жылға жетер-жетпес уақытта «Ақсайстройсервис и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сапалы орындап шықты.

мектеп жп атамекен (1)

Мұнда 8 оқу кабинетінен бөлек медбике кабинеті, 2 шеберхана, спортзал, кітапхана мен оқу залы, 40 оқушыға арналған асхана бар. Сонымен қатар мектеп ауласында 3 ойын, футбол, баскетбел жүгіру және спорт алаңдары жасақтады. Қазіргі таңда Жайық негізгі мектебінде 97 ұл-қыз білім алып жатыр. Мектепалды даярлық тобында 11 балдырған, шағын орталықта 17 бүлдіршін бар.

Әлия Шарапиева,
Фотоға түсірген: Нұрбек Ихсан

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале