20.11.2023, 17:30
Оқылды: 27

Боксқа киюге арналған аяқ киімді тарту етті

Жәнібек ауданындағы бокс үйірмесінің ашылғанына бар жоғы бір-ақ жыл болды. Сол бір ғана жылдың ішінде жастар облыстық байқауларда жеңіске жетті. Тіпті көршілес Ресей Федерациясынан жүлдемен оралып, ел мерейін өсірді.

401718113_882976987165310_5164002125006859075_n

Былғары қолғап шеберлері шаршы алаңда қайсар мінездерін көрсетіп, жаттығудағы әдіс-тәсілдерін тиімді қолданып, көпті мойындатқаны жасырын емес. Бүгінгі таңда үйірмеге қатысушылардың саны қырық екіге жетті. Алақандай аудандағы бұл көрсеткіш өте жоғары саналады. Демек, төккен тердің ең құнды нәтижесі осы. Оның үстіне санға емес, сапаға бағытталған үйірменің оқушылары түрлі сайыста еркін көсіліп, жүлделі орындарды алып жүр. Бапкер Нұрбек Орынбаевтың мұндай қарқыны бізді тек қуантады.

Аудан әкімі Тимур Шиниязов арнайы барып, бапкермен пікір алмасқан болатын. Қызу жаттығуға кіріскен балалардың көзіндегі от бірден байқалады. Араға айлар салып біздің елдің жігіттері жомарттық танытып, бокс залына арнайы барды. Нақтырақ айтсақ, ұлттық жекпе-жек спортының аудандағы басшысы Алтынбек Исаев пен күрес федерациясының басшысы Асқарбек Нығметов Ресейдегі додада чемпион болған жастарға боксқа киюге арналған аяқ киімді тарту етті.

Көңілі даладай ағалардың ақ пейіліне риза болған олар мәз-мейрам болды. Елдің жігіттері осындай іс жасаса, қалай қуанбаймыз? Ерекше көңіл-күймен бапкер мен оның шәкірттері алдағы сайыстарға дайындалуға кірісті. Қолдайтын жандар барда, жастар барда, Нұрбектей бапкер барда болашақ әлем чемпионы шығарына сенім кәміл!

Ақтілек Әлібекұлы,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале