1.02.2021, 11:58
Оқылды: 66

Болашақтың басты бағдарламасы

Қазіргі кезеңде рухани құндылықтардың кейін сырылып, қоғамда материалдық болмыстың алғы шепке шығып, сананы тұрмыс билеп бара жатқаны жасырын емес. Әсіресе, адамдардың жадынан «Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат жанынан түнілсін» деген хакім Абай ұлағатының көмескілене бастағаны да ойымызды он саққа жүгіртіп, жанымызды жабырқатып жібергендей еді. Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстанда» жарияланған мақаласымен танысқаннан кейін көкейімізді күбірткідей жеген аласапыран ойлардан арылып, ішімізде қайнап жатқан сан сұрақтарға жауап алғандай әсерде болып, шын мәнінде өзімізді тәуелсіз еліміздің толыққанды азаматындай сезіндік.

 Закария Сисенғали1

Президент адамдарды толғантып жүрген қоғамдағы түйткілді мәселелердің қай-қайысына да парасатты пікірлері, салиқалы ойлары, сарабдал бағдарламаларымен жауап берген. Әрине, қоғамда қордаланып қалған мәселелер аз емес. Оның бәрі бір күнде, бір жылда шешіле салмайды деп өзімізді жұбатқанымызбен, оның бірқатарының шешімінің табылатын кезі де болып еді. Отыз жыл аз мерзім емес. Отыз орда бұзар жас. «Отызда орда бұзбаған қырықта қамал алмайды» деп халқымыз бекер айтпаса керек. Біз, «Жас мемлекетпіз» деген кезеңнен өттік. Онымен не айтпақпыз?

Қасым-Жомарт Кемелұлы мақалада қазақ тарихының арғы-берге кезеңін кеңінен толғай келіп: «Әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазуға тиіс. Бөтен идеологияның жетегімен жүруге болмайды. Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді»  дейді. Кешегі Кеңестік тоталитарлық кезеңде ұлт тарихын қанымен жазған Е.Бекмаханов, М.Әуезов, Б.Сүлейменов, Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаевтар алды итжеккенге айдалып, соңы өмірінің соңына шейін қырағылардың қарауылында жүрмеді ме?

Жер-су атаулары жөнінде де осыны айтар едік. Тоталитарлық режимнің басты қаруы жер-су, елдімекендердің тарихи атауларын ұлт санасынан біржола өшіру. Сондықтан да кешегі Кеңестік дәуірде ауыл-аймақтар түгелдей пролетариат көсемдерінің атын иемденбеді ме? Өкінішке орай шовинизмнің шоғы әлі өшіп болған жоқ. Сонау солтүстіктегі ормандай орыс қаптаған аймақты айтпағанда жергілікті ұлт өкілдері басым деген өз өңірімізде де Круглозёрный, Серебряково, Богатск, Щапов, Янайкино, Бударино деген атаулардан арыла алмай, омалып отыр емеспіз бе? Ендеше, кешегі Ресей думасының бір топ депутаттарының арсыз абай-қоқайларына қоныс беріп отырған да өзіміз емес пе, айналайын ағайын-ау.

Бұл орайда Президенттің «... Аумақтық тұтастығымызға күмән келтіріп, тату көршілік қатынастарға сына қаққысы келетін кейбір шетел азаматтарының арандатушылық әрекеттеріне ресми және қоғамдық деңгейде тойтарыс бере отырып, ағартушылық жұмыстарын ұстамдылықпен жүргізген жөн. Біз ұлттық мүддені аспен де таспен де қорғауға дайын болуымыз қажеттігін тағы да баса айтқым келеді» деген астарлы да айбарлы сөзіне жете мән бергеніміз жөн.

Ең сорақысы сол, әпербақан айқайшылар қарапайым орыс халқының, жастарының санасын улап, ұлтаралық қатынасқа сына қағуда. Осыны естен шығармалық.

Мемлекет басшысы мақаласында: «Жаһандану кезінде ел жат жұрттың ықпалына бейсаналы түрде ілесіп кеткенін аңғармайды. Басқаша айтқанда, мәжбүрліктен емес, санасының улануы арқылы өз еркімен торға түседі», - дейді. Мақалаға дәйектеме ретінде бір-екі мысал келтіре кетсем, артық етпес деп есептеймін.

Қасиетті Қамыс-Самар өңірінің Боз бен Қойтоғыт қыстақтарының аралығында Сорқұлақ деп аталатын сор болды. Ана бір жылы жоғарғы орган басшыларының пәрменімен сордың жағасына екі киіз үй тігіліп, Гартман деген басшыны жергілікті белсенділер тайлы-таяғы қалмай қонақ етті. Гартман ол кезде Орал облыстық атқару комитетінің төрағасы.Сол күннен бастап Сорқұлақ атауының соры қайнап, сор әлі күнге шейін екі сағат  қана қонақ болған Гартманның атымен аталып келеді. Күндердің күнінде осы аймақтың картасына Гартман соры деген атаудың түспесіне кім кепілдік бере алады?

Осы аймақтың Шаншар мен Қызылқабақ қыстақтарының ортасындағы биік төбеге көрші ауылдан шешен азаматы келіп мал қыстатқан екен, сол жылдан бастап әлгі төбе Шешен төбе деген атауға ие болды.

Осыны айтып ағайынмен ащы болып, әркіммен қызыл кеңірдектесе айтысып, әділдіктің түбіне жете алмай жүрген бар болғаны 8 сыныптық қана білімдері бар ауыл азаматтары Мирас Сейітқалиев пен Ермекқали Ермұқановтардың тірліктеріне еріксіз риза боласың. Осының бәрі де еститін мемлекеттің құлағында отырғандардың қаперіне жетсе, нұр үстіне нұр болмақ.

Мемлекет басшысының мақаласынан алатын тағылым да тәрбие де орасан зор. Ең бастысы мақала дабыра-даңғазасы, жалаң ұраны жоқ тарихи құжат.

Демек мақалада айтылған әрбір мәселе белгілі бір топтың талқылауымен шектеліп қана қалмай ұлтына, нәсіліне қарамай барша қазақстандықтардың санасына жетіп мүлтіксіз орындалса дейміз.

 

Закария Сисенғали,

Жаңақала ауданы,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале