13.01.2024, 9:00
Оқылды: 40

Бөрлі ауданы: Мәселе жергілікті және үкімет деңгейінде шешіледі

Халық қалаулылары аймақтарды аралап, тоқсан сайын тұрғындармен кездесуді әдетке айналдырған. Жақында Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты, жерлесіміз Снежанна Имашева келді. Облыс орталығы және бірнеше ауданға баруды мақсат еткен депутат Бөрлі ауданында да болды.

Депутат-_7_

Халық қалаулысы ең бірінші кезекте жұмысын Бөрлі ауылдық округінде жақында пайдалануға берілген амбулатория жұмысымен танысудан бастады. Сонымен қатар мәжілісменге елдің жайын, тыныс-тіршілігін таныстыруға аудан әкімі Еркебұлан Ихсанов та келді.

Депутат (6)

Күрделі жөндеуден өткен амбулатория бүгінде 4 мың бөрлілікке дәрігерлік, стоматологиялық, физиотерапиялық және акушерлік-гинекологиялық қызметтерді көрсетеді.

Депутат-_11_

Одан бөлек медициналық ғимарат зертхана, дәріхана, оқшаулау, егу бөлмесімен және күндізгі стационардағы 10 төсек-орынмен қамтылған.

– Бұған дейін амбулатория ең соңғы рет 2002 жылы күрделі жөндеуден өткен. Сондықтан ауыл тұрғындары үшін медициналық нысанды жөндеу аса маңызды еді. Қазіргі жөндеуден өткен ғимаратта ауаны тазарту, тазалық пен залалсыздандыру мүмкіндіктері толықтай қарастырылған. Алғашқы зерттеу жүргізуге қажетті арнайы құрылғылар да бар. Сонымен қатар биыл тағы бірқатар қажетті медициналық құрылғы амбулатория игілігіне берілмек. Жалпы 40 жыл медицина саласында қызмет етуші, Бөрлі ауылының тұрғыны ретінде жөндеуден өткен амбулатория халық игілігі үшін қызмет етеріне және сапалы медициналық көмек береріне сенімдімін, – дейді Бөрлі ауылдық округі амбулаториясының дәрігері Надежда Александровна.

Снежанна Валерьевна нысанмен танысу барысында медицина қызметкерлерімен тілдесіп, жаңа ғимараттың жай-күйін сұрады. Одан бөлек депутат Бөрлі ауылына сапары аясында тұрғындарға арнайы кездесу өткізді. Кездесуге келген бөрліліктер ауылішілік жолдар, электр желісі мен ауыз су мәселесін көтерді.

Ауылдағы ауыз суға байланысты аудан басшысы Еркебұлан Нұретдинұлы мәселені егжей-тегжейлі түсіндірді. Оның сөзінше ауылға қажетті су көлемі 400 текше метр болғанымен, бүгінде тек 200 текше метр беруге қауқарлы екен. Сондықтан ауыл тұрғындарына әзірге су уақытпен берілуде.

– «Жайық гидрология» инстиуты арнайы зерттеу жүргізеді. Себебі 400 шаршы метр су беретін 3 ұңғыма қазіргі кезде тек 200 шаршы метр беріп отыр. Сондықтан біз қосымша ұңғыма қазуға міндеттіміз. Оған қаржы аудандық бюджеттің төтенше жағдай резервінен бөлінеді. Мұндай жағдай бірнеше жыл бұрын Жаңаталап ауылында да болған. Ол жақтағы мәселе осылай ұңғыма қазу арқылы реттелген. Институт зерттеу жүргізіп, қанша метр тереңдік қазу керектігін айтқан соң жұмыстар лезде басталып, мәселе реттеледі, – деді аудан әкімі.

Сонымен қатар тұрғындар ауылда жаңадан салынған Чапаева, Садовая көшелеріндегі кемшіліктер туралы да айтты. Бірінші көшедегі кемшіліктерді мердігер 5 жылдық кепілдік бойынша жөндейтін болса, Садовая көшесін комиссия құрамы әлі тексермеген. Сондықтан мердігер кемшілігі болса жөндеген соң ғана қабылданатыны айтылды.

Депутат (3)

Депутат сапары Ақсай қаласындағы аудандық полиция бөлімі жанынан құрылған Жедел басқару орталығында жалғасты. Өткен жыл аяғында іске қосылған бұл орталық қаладағы көлік ағынын бақылайтын 15 және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуді қадағалайтын 200 камераны басқарады.

Аудандық полиция бөлімінің басшысы Сұлтан Шалдарбеков ЖБО жұмысымен таныстырды. Оның сөзінше, жылдамдықты бақылау камералары жол ережесін бұзғандарға автоматты түрде айыппұл салса, шетелде тіркелген көліктерге айыппұл салу үшін күндізгі және түнгі ауысымда жүрген жол-патрульдік полицияларға видео-дәлел жіберіледі екен. Жалпы ауданға бейнебақылау камералары орнатылғалы құқықбұзушылықтарды анықтау әлдеқайда жеңілдеген.

– Айта кету керек, «SunCarSmartCity» камералары өзінің сапасымен ерекшеленеді. Мұндағы үлкейту функциясы, жалпы бейненің сапасы жоғары деңгейде. Әсіресе Жаңа жыл мерекесінде Наурыз саябағын бақылауды күшейту мақсатында аталған камералар жақсы жұмыс атқарып шықты. Бүгінде орталыққа 11 мектептегі 131 камера, 10 мектепке дейінгі ұйымның 121 бейнебақылау құралдары мен 33 дабыл түймесі шоғырланған, – дейді аудандық полиция бөлімінің басшысы.

Кездесуде сондай-ақ аудан әкімі мен полиция бөлімінің бастығы Мәжіліс депутатына аудандағы полиция бөлімінің жұмысын оңтайландыру мақсатында қажетті деп санайтын өзгерістері туралы ұсыныс білдірді. Өз кезегінде министрлік деңгейінде шешілуі тиіс сұрақты Снежанна Валерьевна міндетті түрде жеткізетінін айтты. Одан бөлек аудандағы полиция қызметіндегі кадрлық жетіспеушілік мәселесі мен қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы да талқыланды.

Мәжіліс депутаты арнайы сапары барысында тілшілермен де тілдесіп, олардың сұрақтарына жауап берді. Соның ішінде қызметтік сапарының мақсаты, тұрғындарды мазалаған мәселелер туралы ой-пікірін айтты.

– Бұл сапар кезекті рет сайлаушылармен кездесу, сайлауалды бағдарламалардың ішіндегі орындалған жұмыстарды талқылау мен азаматтардың мәселелерін анықтау мақсатында жүзеге асырылуда. Бөрлі ауданына дейін Жайық өңірінің тағы үш ауданында болдым және әлі аралайтын аудандар бар. Кездесу барысында тұрғындар көбіне инфрақұрылымдық мәселелер, жолдардың сапасын жақсарту турасындағы өтініш-тілектерін білдіруде. Әрине, мұндағы мәселелердің бірқатары бүгінде шешімін тауып келеді. Жолдар салынып, елді мекендердің тұрмыстық сапасы жоғарылауда, – дейді Мәжіліс депутаты.

Депутат өз сөзінде моноқала саналатын Ақсайда Жедел басқару орталығының ашылғаны көңіл қуантатынын, азаматтардың қауіпсіздігін қамтасыз ету мақсатында жасалатын жұмыстарды қашанда қолдайтынын жеткізді.

Снежанна Имашева VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы. Осы тұста мінберде көтеріп жүрген мәселелері және Парламентте атқарып жатырған жұмыстары туралы да бөлісті.

Депутат (2)

– Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы болған соң сот-құқықтық реформаға қатысты мәселелерді қозғаймыз. Оның ішінде сотқа қатысты, құқық қорғау саласында шешілуі тиіс мәселе бар. Ал ең соңғы рет тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңды өзгерту жөнінде депутаттық сауал жолдадым. Қазіргі кезде ондай қылмысты әкімшілік құқық бұзушылықтан қылмыстыққа ауыстыру тақырыбы кеңінен талқылануда. Жақында Мәжілісте де депутаттар талқыламақ. Жалпы бүгінде азаматтарымыз да заңды қатаңдату туралы петиция жариялады. Дегенмен заң қатайтудан бөлек бұл мәселенің алдын алу маңызды болып тұр. Жалпы мұндай іспен заң жүзінде айналысуы тиіс субъектілер бар. Онда құқық қорғау органдарынан білім беру ұйымдарына дейін қамтылған. Қазіргі таңда осы субъектілер санын көбейтуді қарастырып жатырмыз. Әсіресе ақпараттық әсерді, жарнама, кез келген бейнероликтегі мұндай зорлық-зомбылық көріністерін бақылау, – дейді депутат.

Аслан Нұразғали,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале