12.03.2024, 15:15
Оқылды: 19

Бөрлі ауданында ат спорты түрлерінен жарыс өтті

Ақсайда ұлттық ат спорты және дәстүрлі ойындардан жарыс өтті. Қызылтал шағынауданының батыс аумағында өткен спорттық шарада тай, құнан жарысы, садақ ату мен көкпар ұйымдастырылды. Жарыстың ашылу салтанатына қатысқан Бөрлі ауданы бойынша бәйге федерациясының өкілі Талғат Қуанышқалиев пен Бөрлі ауданының ұлттық ат спорт түрлерінің ардагері Берік Мукашев қатысып, жарысқа қатысушы шабандоз спортшыларға сәттілік тіледі.

бурли ат (4)

Жалпы жарысқа 5 құнан, 11 тай мен көкпарға 11 жылқы қатысты. Тай жарысында «Қос жүрек» атты ат бірінші келіп, 50 мың теңгені жеңіп алса, екінші келген «Ару» атты тайдың иесіне 30 мың және үшінші болып жарыс жолын аяқтаған «Ласточка» аты 20 мың теңге жеңіп алды. Ал құнан жарысына 5 жылқы қатысып, олардың жүлдесіне атбегілер демеушілік етті. Нәтижесінде бірінші келген «Черный» 80 мың, «Торытөбен» 50 мың және «Ақжол» 30 мың теңге иегері атанды.

бурли ат (5)

Жаппай көкпарға 20 шақты жылқы түсіп, жоспар бойынша 2000-5000 теңге аралығында 10 салым тігілді және демеушілер атынан қосымша 10 мың теңге ойнатылды.

бурли ат (3)

Сонымен қатар 30 метр қашықтықтан садақ атуда Бөрлі ауданының спортшысы Нұрсұлтан Тәжіғалиев І орын иеленсе, оралдық спортшылар Асхат Ищанов пен Али Қойбайқов өзара екінші-үшінші орынды бөлісті. 60 метрден садақ атуда Сырым ауданының мергені Сырлыбек Ғалымжанов І орын, Орал қаласының спортшылары Төрехан Насиев ІІ және Дәурен Кендібаев ІІІ орын иегері атанды.

бурли ат (2)

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Бөрлі ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімі «Ақсай» мәдени-бұқаралық, ұлттық ат спорт кешенінің дипломдары, медальдары және ақшалай сыйлықтарымен марапатталса, атбегілер құнан жарысы мен көкпарға демеушілік көрсетті.

бурли ат (1)

Аслан Нұразғали,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале