21.06.2024, 11:01
Оқылды: 187

Бөрлі ауданында криминогендік жағдай қандай?

23 маусым – Қазақстан полициясы күні. Яғни, осы сала қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Ал мереке күні қалыптасқан дәстүр бойынша әдемі, жылы сөздер ғана айтылуы тиіс. Бірақ полиция қызметкерлерінің қызметі қиын да күрделі.

Полиция ЖП

Сондықтан мереке болса да келеңсіз жайларды түгендеп, жүгі ауыр сандардың есебін теруге тура келеді. Полиция күні қарсаңында біз сұхбаттасқан аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Сұлтан Шалдарбеков біраз жайттан хабардар етті.

– Сұлтан Зұлқайнарұлы, шүкір, ел аман, жұрт тыныш десек те, бәрі ойдағыдай тып-тыныш емес екенін, тұрғындардың қауіпсіздігі күзетіндегі сіздер жақсы білесіздер. Сондықтан ауданның криминогенді жағдайынан мәлімет берсеңіз.

– Аудандық полиция бөлімі қылмыспен күресу, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, азаматтардың қауіпсіздігі мен оларға жақын болу мақсатында тиісті жұмыстарын өз деңгейінде атқаруда. Сонымен қатар сервистік полиция жүйесіне көшу және жеке құрам арасындағы тәртіпті жақсарту мәселелері де күн тәртібінен түскен емес. Биылғы жылдың бес айында аудандық ПБ кезекші бөлімімен АЕК-ке барлығы 1 205 хабарлама (арыз, ақпарат) тіркелген. Ал тіркелген қылмыс саны – 99. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 39,6 пайызға кем екені, біздің алдын алу шараларын ойдағыдай ұйымдастырғанымыздың арқасы деп білемін. Тіркелген қылмыстың негізгі бөлігін орта дәрежедегі қылмыстар алып отыр. Есепті мерзім ішінде бір қасақана өлтіру болды. Бұл іс дер кезінде ашылып, сотқа жолданды.

Жалпы осы уақыт ішінде қылмыстық істердің ашылуы (раскрываемость) 100 пайызды құрап отыр. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2023 жылы 5 айда 47 ұрлық тіркелсе, биыл 27-ге дейін азайып отыр. Алайда, ашылу деңгейі 85,7-ден 78,3% төмендегені рас. Ал алаяқтықтың саны 49-дан 22-ге түсті немесе – 42,6%, соның ішінде интернет алаяқтығы 18-ден 15-ке төмендеді немесе – 16,7%.

Бір қуанарлығы, аталған уақыт ішінде АПб-нің жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері мал ұрлығына қарсы іс-қимыл жөніндегі жол картасын жүзеге асыру үшін жасалған жұмыстың нәтижесі бойынша мал ұрлығының болуына жол берілмеді.

– Дегенмен көңіл толмайтын, әлі де жұмыстануды қажет ететін тұстар бар шығар? Соңғы кезде алаңдаушылық тудырып отырған қылмыс ретінде қандай жағдайларды атар едіңіз?

– Қоғамдық орында жасалған қылмыс 28,9%-ға (38-ден 27-ге), көшелерде жасалған қылмыс 31,6%-ға (19-дан 13-ке) төмендеді. Алайда бұрын сотталғандардың арасында жасалған қылмыс 75,0%-ға (20-дан 35-ке), алкогольдік ішімдік ішіп масаң күйде жасалған қылмыстар 21,7%-ға (23-тен 28-ге), топтасып жасасқан қылмыстың саны 5-тен 11-ге өсіп отыр және де кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстын 4 дерегіне жол беріп отырмыз (2023ж - 0).

Мені әсіресе, алаяқтық түрлерінің көбеюі алаңдатады. Аудан тұрғындары арасында алаяқтық қылмыстарын болдырмау, қаржылық операцияларды жүргізу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау және қаржы пирамидаларының схемаларына алданып қалмау мақсатында біз ұдайы интернет желісінде және бұқаралық ақпарат құралдарында үнемі түсіндірме жұмыстарын жүргізіп отырамыз. 2019 жылдан бері ауданда интернет-алаяқтық бойынша 258 қылмыстық іс тіркелді. 

Полиция бөлімінің интернет алаяқтықтың алдын алу, жолын кесу және ашу мақсатында «ҚР ІІМ-нің киберқылмысқа, оның ішінде телефон алаяқтығы және интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған бағдарламасы» негізінде ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалынатын қылмыстық құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл бойынша қабылданатын шаралардың тиімділігін арттыру мақсатында аудан көлемінде жедел профилактикалық іс-шаралары ұйымдастырылуда.

Жергілікті атқару органдармен бірлесіп хабарламалық-түсіндірме материалдары дайындалып, адамдар көп шоғырланатын орындарда таратып ілу жұмыстарын жүргіздік. Аудандық әкімдікпен бірлесе отырып көптеген мекемелер мен ұйым қызметкерлері арасында  60-тан аса жиын өткізілді.

Мүмкін профилактикалық жұмысты басқаша, жаңаша ұйымдастыру керек шығар?

– Қазіргі қылмыс жасаушылар сауатты. Біз оны жақсы түсінеміз. Сондықтан да жаңа технологиялық заманауи мүмкіндіктерді барынша іске қосып жұмыс жасап жатырмыз. Атқарылған жұмыс нәтижесінде Бөрлі АПб-нің Instagram әлеуметтік желісінің @police_burlin парақшасына 7000-нан астам оқырман жазылды. Аталған парақшада ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалынатын қылмыстық құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл бойынша 150 бейнежазылым және 2 300-ден астам сторис жарияланды. Ауданы бойынша Еgov порталы арқылы 2024 жылдың басынан бастап 2204 тұлға несие алудан бас тартып өз еркімен есепшоттарын бұғаттады. Бұл бағыттағы жұмыс полиция бөлімі басшылығының бақылауына алынып, күнделікті тұрақты негізде жүргізілуде.

Қанша айтылып, жазылып, түсіндіріліп жатса да аудан тұрғындары арасында алаяқтардың арбауына сеніп, өз есеп шоттарындағы ақшаларын басқа банктік шоттарға аудару оқиғалары тоқтамай отыр. Яғни, әлі күнге дейін тұрғындар алаяқтық деректері бойынша жүгінуде.

Бірер мысал келтіре аласыз ба? Желдей ескен ақпараттың ішінде оқырман ойына белгілі бір оқиғаларды ұстап қалады ғой.  

– Мысалға, осы жылдың басында Ақсай қаласының тұрғыны, зейнеткер 1954 ж.т. аз. В. өзінің есепшотындағы жинаған 100 000 000 теңге ақшасын алаяқтардың айтуымен банктік терминалды пайдаланып басқа есепшоттарға аударған. Тағы бір ауданымыздың тұрғыны, АҚ -ның бас есепшісі 1962 ж.т. аз. Н-ның сеніміне кіру арқылы алаяқтар 10 000 000 теңге көлемінде жәбірленушінің атынан кредит алғаны анықталды.

– Ақсай қаласында бейнебақылау камераларының көбейгенін байқап жүрміз. Және олардың тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау үшін, көше қозғалысын реттеу үшін орнатылып жатқанын білеміз. Ендеше, бұл құрылғылардың көмегі қаншалықты екенін білсек? 

– Ақсай қаласындағы көпқабатты үйлердің аулаларында, қоғамдық орындарда, көшелерде 210 бейнебақылау камерасы орнатылып, 2023 жылдың қараша айында іске қосылған аудандағы полиция бөліміндегі Жедел басқару орталығына қосылды. Ең алдымен бұл бейнебақылау камералары қоғамдық тәртіпті сақтау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде профилактикалық ықпалға ие. Бұл жүйенің функционалдығы қылмыстардың нақты ашылуын қадағалауға мүмкіндік беруде. Тұрғындардың санын ескере отырып (Ақсай қаласы – 43, 020, Бөрлі ауданы – 58, 053) бұл жұмысты объективті бағалауға, қылмыстардың барлық санаттарын жедел ашуды талдау жасауға, қылмыстылық жағдай нашарлауының себептерін анықтауға және озық тәжірибені кеңейтуге мүмкіндік береді.

Мәселен, жылдың басынан бері тоғыз жол-көлік оқиғасы болды (2023-4), екі адам қайтыс болды (2023-1), 13 адам әр түрлі жарақаттар алды (2023-7). Сонымен қатар ауылшаруашылық жануарларының қатысуымен төрт жол-көлік оқиғасы болды (2023-6).

Жол-көлік оқиғаларының өсу себебі негізінен – қарама-қарсы қозғалыс жолағына шығу, жылдамдық асыру, басқа көліктерді басып озу ережелерін бұзу, зейін қоймаушылық. Жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру және «жазаның бұлтартпастығы» қағидатын сақтау мақсатында 15 «Призма» жүйесінің базасында «СұңқарСмартҚорғау» жүйесі («Қорғау» жүйесінің аналогы) орнатылды. Белгіленген жылдамдық өлшегіштердің әрекет ету аймағында жылдамдық режимін сағатына 60 шақырымға шектеу қойылды және 5.42 «Фотовидеофиксация» ақпараттық-көрсеткіштік жол белгілері көше бойында орнатылды. Осы қосымшаның көмегімен жылдамдық режимін бұзған 6 916 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, 170 071 980 теңгеге айыппұл салынды, оның 140 148 320 теңгесі өндіріліп алынған болатын. Жылдамдық режимінің бұзуынан басқа әкімшілік айыппұл бойынша берешегі бар «анықталмаған жүргізушілер», жалған мемлекеттік нөмірлерде қозғалатын автокөліктер, сақтандыру полисі жоқ, көлік құралын басқаруға құқығы жоқ 113 автокөлік анықталып, көлік иесінен 3 372 280 теңгесі өндіріліп алынған болатын. Сондай-ақ деректерді берудің біріңғай жүйесін ұйымдастыру бойынша ауданда 11 орта білім беретін мектепке 131 бейнебақылау камерасы, 11 мектепке дейінгі мекемеде 121 бейнебақылау камерасы, сондай-ақ 33 дабыл түймесі орталыққа қосылған.

Мысал керек болса, осы айдың ақпан айында «Лидер» сауда үйіне жасалған тонау әрекеті де, Алексеев көшесінде болған жеке үйді тонау әрекеті де осы бейнебақылау камералары арқылы анықталды.

– Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын. Сала қызметкерлеріне тұрғындардың тыныштығын, қауіпсіздігін күзеткен еңбектеріне табыс тілейміз!

– Рахмет.

Сұхбатты жүргізген Дариха Нұрашова

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале