Білім күні Бөрлі ауданы үшін айтулы жаңалықпен басталды. Ақсай қаласында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған №9 жалпы орта білім беретін мектеп алғашқы шәкірттеріне өз есігін айқара ашты. 1 қыркүйек – Білім күніне орай жаңа білім ордасында «Білімнің жаңа ордасы – жаңа мүмкіндіктер мекені» атты салтанатты жиын өтті.

Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында ауданымызда бұған дейін де екі мектеп пайдалануға берілгені бәрімізге белгілі. Олар 300 орынға арналған Пугачев мектеп-балабақша кешені және Ақсай қаласындағы №1 ЖОББМ. Ал жаңа №9 ЖОББ мектеп 900 оқушыға арналған. Бүгін білім ордасында 750 оқушы жаңа оқу жылын бастап отыр. Биыл аудан бойынша 1-сыныпқа 900-ге жуық бүлдіршін қабылданса, олардың 73-і алғаш рет жаңа мектептің табалдырығын аттады.
Салтанатты шараға аудан әкімі Еркебұлан Ихсанов, аудан әкімі аппаратының басшысы Ерік Төлепқалиев, аудандық білім бөлімінің басшысы Айымгүл Тржанова, аудандық ардагер-ұстаздар кеңесінің төрайымы, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, ардагер ұстаз Роза Ахметова, №9 ЖОББМ директоры Жазира Кукенова және көпбалалы ана, «Күміс алқа» иегері Бекзат Габбасова қатысты.

Шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнінің орындалуымен ашылды. Алдымен аудан басшысы оқушылар мен ұстаздарды және тұрғындарды білім күнімен құттықтады.

- Баршаңызды жаңа оқу жылының басталуымен және «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерген жаңа білім ордасының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Бүгін – ауданымыздың білім саласы үшін айтулы күн. Жаңа мектептің пайдалануға берілуі өскелең ұрпаққа сапалы білім алуға қолайлы жағдай жасап қана қоймай, елді мекеннің әлеуметтік дамуына да серпін береді. Бүгінде ауданымызда жаңа оқу жылын 10 мыңнан астам оқушы бастады. Жаңа мектепте оқушылардың сапалы білім алуына, ғылыммен, спортпен және шығармашылықпен айналысуына қажетті барлық жағдай жасалған. Ендігі міндет – осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, білімді, бәсекеге қабілетті әрі отансүйгіш азаматтарды тәрбиелеу. Құрметті ұстаздар, еңбектеріңіз жемісті болып, шәкірттеріңіздің жетістігі сіздерге әрдайым қуаныш сыйласын. Қымбатты оқушылар, бұл мектеп білім мен ізденіске бастайтын алтын ұяларыңа айналсын. Жаңа оқу жылы баршаңызға жаңа мүмкіндіктер, жарқын жетістіктер мен толағай табыстар әкелсін. Білім ордасының іргесі берік, шаңырағы биік болсын. Осы мектептен талай дарынды шәкірт түлеп ұшып, ел игілігіне қызмет етсін! – деді құттықтау сөзінде аудан әкімі Еркебұлан Нұретдинұлы.

Жаңа мектепте оқушылардың білім сапасын арттырумен қатар, олардың шығармашылық және ғылыми әлеуетін дамытуға ерекше мән берілген. Пән кабинеттері соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен жабдықталған. Сонымен қатар STEM, робототехника, визуалды дизайн және хореография кабинеттері оқушылардың жан-жақты дамуына мүмкіндік береді. Ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін сенсорлық және инклюзивті кабинеттер де заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мектепте бастауыш және мектепалды даярлық сыныптарына арналған блоктар бөлек орналасқан. Сондай-ақ білім ордасында лифт қарастырылып, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қажетті жағдайлар жасалған.

Салтанатты шара барысында алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған 1-сынып оқушылары білім күніне орай тақпақтарын айтып, алғашқы ұстаздарына деген ыстық ықыластарын білдірді. Бұдан әрі барлық сыныптарда Білім күніне арналған «Қазақстан Республикасының Конституциясы: Адал азамат, зерделі ұлт және жауапты қоғам қалыптастырудың негізі» тақырыбындағы бірыңғай сынып сағаты өтті.

Шара соңында аудан басшысы бастаған салтанатты жиынның қонақтары жаңа мектепті аралап, білім ордасының оқу кабинеттері мен заманауи инфрақұрылымымен танысты.

- Ақсай қаласының 13-ықшамауданында орналасқан жаңа мектебіміз оқу жылын 750 оқушымен бастап отыр. Білім ордасында 34 сынып жасақталып, 35-тен астам педагог еңбек жолын бастады. Мектепте барлығы 44 оқу кабинеті бар. Оның ішінде робототехника және STEM кабинеттері, 150 орындық АКТ залы, үш спорт залы қарастырылған. Балалардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуы үшін барлық жағдай жасалған. Биыл мектепке төрт 1-сынып қабылданды. Оның үшеуі қазақ сыныбы болса, біреуі орыс сыныбы. «Келешек мектебі» болғандықтан, мұнда барлығы заман талабына сай жасақталған. Мектепте лифт орнатылып, ерекше қажеттілігі бар балаларға да қолайлы орта қалыптастырылған, – дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бақытнұр Халықова.
Жаңа мектептің ашылуы – ауданның білім беру саласындағы маңызды қадам. Заманауи білім ордасы жас ұрпаққа сапалы білім алып, ғылым мен шығармашылыққа ден қоюына кең мүмкіндік беріп, болашаққа нық қадам басуына жол ашпақ.
Айдана Абдрахманова,
Бөрлі ауданы
