3.08.2018, 11:23
Оқылды: 46

Бөрлі ауданында жол жөндеу қарқынды жүруде

dorogaЕлбасының жергілікті атқарушы органдар алдына қойған нақты тапсырмасы - сапалы жол салу. Ауданымызда бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүзеге асуда. Жергілікті бюджеттен Ақсайдағы Ықсанов атындағы көше күрделі жөнделуде. Бөрлі ауылындағы Достық көшесі ҚПО компаниясының қаражатына тақтайдай тегістелді.


Достық көшесінде көктем шыға басталған жұмысты мердігер сапалы атқардық деп отыр. Жақын күндері қаражат толық игеріліп, жұмыс белгіленген мерізімде аяқталады. Автожолдармен бірге арықтар ауыстырылып, тратуарлар төселді. Көшеге жарық беретін бағандар да жаңартылды.

« Жұмыстың 90 пайызы аяқталды. Белгіленген мерізімде аяқтаймыз деп отырмыз. Қазір отыз жұмысшы мен он бес техника жұмыстануда. 2 272 метр жерге асфальт төседік. Екі жыл кепілдігіміз бар. Жұмыс уақытында басталып, дер кезінде аяқталуда. Ауылға жаңаша реңк бергеніміз үшін қуаныштымыз. Жасаған жұмысымыз сапалы.» деді, «Елжас» ЖШС прорабы Виталий Лобанов.

Бөрлі аулының тұрғыны Мәлік Сералиев туған ауылында болып жатқан жарқын істерге дән риза. «Көптен күткен қуанышқа ауыл болып қуанып жатырмыз. Ауылымыз көркейіп келе жатыр. Ауылға келген жастар тұрақтап қалуда. Жыл санап тұрғындардың саны артып келеді. Жолымыздың жөнделгендігі тұрмысымызды одан әрі жақсара беруге үлес қосты», - деген ақсақал жасалған істің барлығы елдегі тұрақтылықтың арқасында деп біледі.

Өткен жылы қарияның ауылына 5 млрд. теңге қаржы құйылып, ауыз су тартылды. Оған қоса Бөрліде мәдениет ошағы жөнделіп, жақында дене шынықтыру сауықтыру кешені пайдалануға беріледі. Ең бастысы кедір-бұдыр болған басты көшеге асфальт төселіп, ауылдың ажарын аша түсті.

Бөрлі ауданында барлығы 804 шақырым жол болса, оның 72 шақырымы республикалық, қалғаны облыстық және аудандық маңызы бар жолдар. Жол азабын тартқан тұрғындардың шағымы ескеріліп, өткен жылы Ақсай-Жымпиты жолының он бес шақырымы жөнделсе, биыл дәл осындай көлемде асфальт төселуде. Мүлде жөндеу көрмеген бұл күрежол бойында Ақбұлақ, Ақсу, Жаңақоныс және Александров ауылдары орналасқан. Күре жолды жөндеу барысында бұл ауылдарға кірер жолдарға да қиыршық тас аралас құм қоспасы төселеді.

Айым НҰРҒАЛИЕВА
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале