23.09.2021, 15:28
Оқылды: 254

Бөрліде айтыс өтті дүбірлеген...

Бөрлі атырабында Қала күні қарсаңында, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Ақсайым арқау жырыма» атты облыстық ақындар айтысы өтті.

Алдымен ақындарды қалаға кіреберіс тұстан аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Исатай Қарабаев бір топ мәдениет өнерпаздарымен бірге күтіп алды. Кейін аудан әкімі Миржан Сатқанов ақындарды арнайы қабылдап, сый-құрмет көрсетіп, өз атынан алғысхаттар ұсынды.

51BBBBE9-11D0-47E7-B0A8-7A5F95C35C89

Түс ауа мәдениет үйінің төрінде айтыс басталды.

Жыр жекпе-жегіне әр ауданнан суырылып шыққан 14 ақын қатысты.

Айтыстың тізгінін жазушы- журналист, Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. “Ерен еңбегі үшін” медалінің иегері, облыстық “Орал өңірі” қоғамдық- саяси газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин жүргізді.

10D347B6-AF84-4B14-AFB8-5E946F6BAE8D

Айтыстың төрелігінде ақын, ұстаз, жұбантанушы Үзілдік Елеубайқызы, ақын, ұстаз, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Ерен еңбегі үшін медалінің иегері Дариға Мұштанова, аудандық «Бөрлі жаршысы» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы, ақын Дариға Нұрашова, айтыскер ақын, ҚР ның Журналистер Одағының, ҚР Жазушылар Одағының БҚО филиалының төрағасы, Ерен еңбегі үшін медалінің иегері, ҚР мәдениет саласының үздігі Бауыржан Халиолла болды.

Баптанып келген ақындар 7 жұп болды.

Алғашқы болып сахнаға Ақжайық ауданынан келген Бекболат Қаленов пен сырымдық Мақсат Тұяқ шықты.

Қатысушы ақындардың бірі талай жыр бәйгесіне қатысып, ысылған, тәжірибесі мол болса, бірі жаңадан топқа қосылып, аламан бәйгеге түсіп жатқандар. Десе де олардың қай-қайсысы да осал емес екендіктерін көрсетті.

Сөз сайысында құрдастар арасындағы қағытпа қалжың да, ұстаз бен шәкірт, аға мен іні арасындағы әдепті әзіл де, елдің басындағы әлеуметтік көкейтесті мәселелер де қозғалды.

DB923CF3-8E71-4786-8ECD-A27436F8D172

Сонымен жыр аламанының бас бәйгесін бөрлілік ақын Жарқынбек Шынтаев, ал бірінші орынды ақжайықтық Бекболат Қаленов иеленсе, екінші орынды қаратөбелік жас ақын Райымбек Өтепов алды. Үшінші орын жаңақалалық Орынбек Меңдіқұлға берілді. Сондай-ақ қатысушы басқа ақындарға да арнайы жүлде ұсынылды. Мәселен, Бөрлі ауданының әкімі атындағы арнайы жүлде белгілі айтыскер ақын Жансая Мусинаға, "Марабай жырау" атындағы арнайы жүлде Санат Мұханбетжановқа табысталды. Бауыржан Ширмединұлы,Талғат Мықи, Айнабек Бейсенғали, Мұрадым Мирланов, Естеміс Мұқанбетов, Мақсат Тұяқ, Әділ Ахметов, Данияр Нысанғалиев сынды ақындар Ақсай қаласы атынан арнайы естелік сыйлықтармен маратталып, алғысхатқа ие болды.

Сәнім Меңдібай

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале