29.12.2021, 12:00
Оқылды: 120

Бөрліде спортшылар балы өтті

Бөрлі ауданы Ақсай қаласындағы «Арман» мейрамханасында дәстүрлі жаңажылдық «Спортшылар балы» өтті. Аудандық спорт бөлімінің ұйымдастыруымен осымен төртінші рет ұйымдастырылып отырған салтанатты шарада жылдың үздік спортшылары мен ауданның спорт саласындағы жетістіктерге, дамуына үлес қосқан бапкерлер, ардагерлер және сала мамандары марапатталды.

3D50EB4A-8CCC-4359-AE77-96305475B03E

Биылғы Бөрлі спортшыларының жеңісіне күллі ел куә десек артық айтқандық емес. Себебі облыс, республиканы былай қойғанда Азия, Европа жалпы Халықаралық чемпионаттарда білекті де жүректі ұл-қыздарымыз алтын, күміс, қоланы қоржынға салса, оған тағы кешегі Стамбулда өткен паратаеквандодан Әлем чемпионы атанған Мәлік Мұқашевты қосыңыз.

Осындай кіл мықтылар бас қосқан салтанатты шараға қатысушыларды аудан әкімі Миржан Сатқанов жылдың табысты аяқталуымен құттықтады. Құр құттықтап қоймады, спортшылар мен жаттықтырушылардың еңбегіне жоғары баға беріп, чемпиондар мен бірқатар спорттың демеуші жанашырларына өз атынан алғысхаттар табыс етті.

BB6832AC-CFD0-41F9-BA23-670436CD0861

Сонымен қатар сала басшысы Армат Амангелдіұлы да спорт бойынша белсенділік танытқан мекемелер, спорт клубтары мен федерацияларын және 2021 жылғы өткізілген спорттық жарыстар қорытындысы бойынша ауылдық округтер, аудан мекемелері, БАҚ саласының арасынан жыл үздіктерін танып, марапаттады.

Жалпы салтанатты шараға қатысушылардың 33-і алғыс хат алса, 19-ы «Жыл спорт үздігі» атанып, 28-і түрлі аталым бойынша марапатталды.

Спорт – қалай десек те рух пен жігердің, жүрек пен батылдықтың таразысы. Осы таразы басындағы салмақты орны бар, ел намысын жоғары қоятын спортшыларымызға тек жеңіс тілейміз! 

Сәнім Меңдібай

Бөрлі ауданы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале