19.03.2021, 9:24
Оқылды: 108

Бөрліде жігіттер сынға түсті

Бөрлі аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығында Ұлыстың ұлы күні наурыз мерекесіне орай, пробация қызметіндегі азаматтардың әлеуметтік ортаға деген көзқарасын өзгерту, бейімдеу, өзіне және өзгеге деген сенімділігін арттыру мақсатында ұлттық салт-дәстүрді насихаттаған байқау өтті.

3F0B5EEC-3C30-4523-8458-69BE5A563680

Аталмыш байқауға көршілес Шыңғырлау ауданынан да қатысушылар арнайы келді. Бес кезеңнен тұратын байқауда жігіттер алдымен өздерін таныстырды. Әдет-ғұрыптарға байланысты қойылған сұрақтарға жауап беріп, шеберліктерін көрсетіп, қолдан жасаған бұйымдарын байқау барысында жасап, аяқтады. Сондай-ақ өзара күш сынасты.

Байқауға Бөрлі аудандық прокурорының орынбасары Алмас Оңаев, аудандық ПБ бастығының орынбасары Қадыржан Сағын, жастар ресурстық орталығының басшысы Руслан Азаматов және сайысқа демеушілік жасаған «Парасат» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әли Тасболат төрелік етті.

2FE0E071-CA29-4493-8611-0D427A70D0BD

Жігіттер сынға түскен бұл жарыс өте тартысты өтті. Қатысушылар бір-бірінен асып түсіп, домбырамен әуелетіп ән салып, салт-дәстүрден қойылған сұрақтарға ойлана жауап беріп, күш сынасуда қазақ жігіттерінің шымырлығын көрсете білді. Қолөнер бөлімінде алтыбақан әзірлеп, сайыс барысында қазылар алдында қалған бөлігін аяқтап, шеберлігін танытқан Нұрсұлтан Тәжіғалиев көрерменді сүйсінтті.

- «Сүрінбейтін тұяқ жоқ» деген қазақта жақсы мақал бар. Әр адам өз жасаған қателігінен сабақ алып, қайта үйірін тауып жатса ол, әрине, қуаныш. Сол сияқты бүгінгі сайыстың да негізгі мақсаты - жастарды қоғамға тарту, дұрыс жол көрсету. Қазақ жігіттерінің ұсақталмауын, қайта осындай таным-тәрбиені қай жаста болса да бойға сіңіру керектігін көрсету еді, - дейді сайыстың өтуіне тікелей мұрындық болған жастар ресурстық орталығының психологы Ботакөз Байқадамова.

665890DF-9ADC-4335-991A-CCBFE3627882

Жігіттер сынға түскен байқау қорытындысына келсек, бірінші орынды Шыңғысхан Ғұмаров, екінші орынды Шыңғырлаулық Есет Сейтов, үшінші орын қос Нұрсұлтанға (Тәжіғалиев және Кусашев) және Аманжол Жұмабаевқа берілді. Ал қалған қатысушыларға «Шымыр жігіт» және «Сегіз қырлы бір сырлы» деген номинация берілді.

Сәнім Меңдібай

Бөрлі ауданы

 zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале