12.02.2021, 18:07
Оқылды: 112

Бөрлідегі берекелі істер жалғасады

Барлық деңгейдегі әкімдердің есеп беру кездесулері атқарушы құрылымдардың біржылдық жұмысының қорытындысын шығарады. Сонымен қатар тұрғындардың қатысуымен алдағы жылдардағы даму бағыт-бағдарын айқындайды. Бөрлі ауданының әкімі Миржан Сатқанов осындай онлайн сипатындағы халықпен есептік кездесуін өткізді. Жиынға бейнебайланыс арқылы облыс әкімі Ғали Есқалиев қатысты.

EECAF5B7-2D00-4AB2-9FFC-4064B4845B7C

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын сақтау, қоғамдық ұйымдармен және қарапайым азаматтармен диалог, ашықтық, адамдардың қажеттілігіне жедел әрекет ету, халықпен тұрақты кездесулер жергілікті атқарушы құрылымдар қызметіндегі басты қағидат болып табылады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша аудан әкімдігі 250-ге жуық адамды онлайн және офлайн форматта қабылдап, аудандық деңгейдегі көптеген түйткілді мәселе шешімін тапты.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ақсай қаласының 10-шағынауданында  9 қабатты үш тұрғын үйдің құрылысы басталды. Бір үй жергілікті атқарушы құрылымның кезегінде тұрған азаматтарға, екі үй «Отбасы» банкінің салымшыларына арналған. Бұдан басқа Ақсай қаласында екі және «Аралтал» шағынауданында екі пәтерлік 40 тұрғын үйлердің құрылыс құжаттамалары дайындалды. Әлеуметтік саладағы маман тапшылығын жою, мамандарды тұрақтандыру мақсатында бір ғимарат жөнделіп, денсаулық сақтау саласының 28 қызметкеріне жатақхана ретінде берілді. Атқарушы құрылым дәрігерлерге арнап 22 пәтерді жалға алды. Бумакөл ауылында мамандарға арналған жатақхана салынды. Ақсайда білім беру саласының қызметкерлеріне жатақхана салу жоспарланған.

Есепті жыл ішінде 30 шақырымға жуық жолға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда екі есеге артық. Биыл да қарқынды түсірмей, 30 шақырымға жуық жолды жөндеу жоспарланды. Аудан әкімі атап өткендей, былтыр негізінен аудан орталығының жолдары жасалса, биыл бірқатар ауылдық елді мекендегі жолдарды жөндеу қолға алынады. Оның ішінде Пугачев ауылының Достық, Жастар, Тәуелсіздік көшелерінің, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының аясында Бөрлі  және Приурал ауылдарының бірқатар көше жолдары күрделі жөндеуден өтеді.

2020 жылдың қорытындысында аудан экономикасына тартылған инвестиция көлемі 266,5 млрд. теңгені құрады. Аудан экономикасын нәрлендірген жеке инвестициялардың өсуі динамикасы айқын. Биыл жалпы құны 18 миллиард теңгеден асатын 31 жеке инвестициялық жоба іске қосылмақ. Мұның өзі 600-ден астам жаңа жұмыс орнын құруға ықпал етеді. Өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына екі жоба, «Global Trade and Services» ЖШС-ның жарық диодты прожекторлар өндірісі және «Green Spark Limited» ЖШС-ның күн батареялары өндірісі жобалары кіреді. Аудан экономикасының құрылымында шағын және орта кәсіпкерлік үлесі - 88,8%. Осы салада жұмыспен қамтылғандар саны 12 096 адамды, яғни ауданның белсенді тұрғындарының 38%-ын құрайды. Сонымен бірге кәсіпкерлікті дамытуға арналған бірқатар мемлекеттік бағдарламалар сәтті жүзеге асырылуда.

Өткен жылдың қорытындысында ауыл шаруашылығы  өнімінің жалпы көлемі 8,5 млрд теңгені құрады. Шаруаларды су мәселесі қинайды. Көктемгі ағын суларды сақтап қалу үшін бөгеттерді қалпына келтіру жұмыстары басталды. Бесағаш, Успен, Қарағанды және Қарақұдық ауылдарының бөгеттері жөнделді. Аудан әкімі Президенттің тапсырмасына сәйкес пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекетке қайтару және жұмыс істейтін азаматтарға беру бағытындағы жұмыстардың жүйелі атқарылып отырғанын айтты. Бүгінде 10 шаруа қожалығынан 11 200 га  жер мемлекет меншігіне қайтарылды.  Ауданда жалпы шамасы 5 млрд теңгеге жуық ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Мысалға, «Достық Қоныс» ЖШС 3 мың асыл тұқымды ірі қараға арналған бордақылау алаңын салуда. «Аманат» шаруа қожалығы 600 ірі қараға арналған сүт тауар фермасы құрылысын жүргізуде.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Ақсайдағы 3 мыңға жуық оқушы білім алатын №3, 4 мектептері күрделі жөндеуден өтуде. Құрылыс жұмыстары ақпан-наурыз айларында аяқталады. Аудандық бюджеттен үнемделген қаражатқа  барлық ауылдық округ және қала мектептеріне оқушылар тасымалдайтын жаңа 16 аутобус сатып алынды. Ақсай қаласының №6 мектеп-лицейі облыстық «Орта білім беретін үздік ұйым» байқауының жеңімпазы атанып, облыс әкімінің 34 миллион теңге грантын ұтып алды. Бұл қаржыға шәкірттер практикалық жұмыстар жүргізетін жабдықталған физика, химия,  IТ-кабинет және STEM-зертхана сатып алынды. «Ақсай қаласының 13-шағынауданында 600 орындық мектеп құрылысының құжаттамасы дайындалуда. Жаңа мектеп Ақсай қаласындағы №7 мектепте оқитын балалар санын азайтуға мүмкіндік береді. Қазірде №7 мектепте 430 оқушының орнында 1031 ұл-қыз білім алады. Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында «Қызылтал» шағынауданында балаларға арналған мәдени-спорттық кешеннің құрылысы  басталады», - деді Миржан Сатқанов.

Ақсайлықтарды Қызылтал ауылы бағытындағы жол бойында желмен шашылған қалдықтар мен қатты тұрмыстық қалдықтар полигонынан шыққан түтін мазалайтын. Бұл мәселе былтыр шешілді. Полигон аумағы кеңейтіліп, қоршалып, дезинфекциялау орны, қоқыстарды сұрыптайтын желі, бейнекамералар мен жарықтандыру жүйесі орнатылды. Ауданы 40 га жаңа полигонның жобасы әзірленіп, сараптама жасалуда. Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бес стационарлық полиция бекеті орнатылды. Полиция бөлімінің ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Ақсай қаласында өрт сөндіру бекетінің құрылысы басталады. Бұрын қалада өрт сөндірушілерге арналған жеке ғимарат болған жоқ. Сондай-ақ осы бағдарлама аясында әскери комиссариатқа арналған әскерге шақырылушылар пункті салынады. Қолданыстағы ғимарат тозған,  стандарттарға сәйкес келмейді. «Ақылды» жарықтандыру, бейнекамералар, ыстық және суық судың аутоматтандырылған есептегіштері, жылдамдық өлшегіштері  болатын SMART-AKSAY жобасы бойынша инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде.

  Онлайн есеп беру барысында аудан әкімі тұрғындардың бірқатар сұрағына жауап берді. Соның бірі – Ақсай  қаласындағы жеделсатыларды жөндеу мәселесі. «Аудандағы 200-ден астам жеделсатының 115-і жөнделуі қажет, жыл сайын 18-і жөнделуде. Биыл да солай жалғасады. Алдағы 3-4 жылда барлық жеделсаты жөнделеді», - деді Миржан Мұнайдарұлы. Тұрғындардың Орал – Орынбор күрежолын жөндеу хақындағы сұраққа: «Бұл - республикалық маңызы бар жол, оның құрылыс жобасы сараптамадан өткізілуде», - деп жауап берді аудан  басшысы. Тұрғындар ауданда дәрігерлер жетіспейтініне шағымданды. Соңғы екі жыл ішінде Бөрлі ауданына өзге өңірлерден 28 дәрігер қызметке шақырылды. Оларды баспанамен қамтуға мән берілуде. Алдағы жылдары ауданды білікті мамандармен қамту жоспарланған. Аудан тұрғыны Олга Светлакова: «Ақсай – Жымпиты бағытындағы жолды жөндеу жалғаса ма? Александровка селосы бағытындағы жол қашан жөнделеді?», - деп жазды. «Жол Жымпиты бағытында салынып жатыр. Алдағы жылдары құрылысы аяқталады. Александровкаға дейінгі жолды асфальттау жоспарланған. Облыс орталығы бағытындағы күрежол жөнделген кезде, сіздің ауылға да жол салынады», - деді М.Сатқанов. Өтеп Қарасай есімді тұрғын Ақсайдағы ХҚО ғимаратының тар екенін айтып қынжылды. Аудан басшысы бұл мәселемен таныс екенін, қазір жаңа орынның жобасы жасалып жатқанын, алдағы уақытта мәселе шешілетінін жеткізді. Онлайн байланыс арқылы аудан тұрғындары ауылдар мен елді мекендерде жарықтың жиі сөнетініне, Ақсайда көліктердің жылдамдықты шамадан тыс асыратындығына алаңдайды. Сондай-ақ жастарды баспанамен қамтуға қатысты сұрақтар түсті.

Осы жиынды тікелей тыңдап  отырған облыс әкімі Ғали Есқалиев аудан әкімінің өткен жылғы есебінде оң даму үрдістері басымдығын, тың жобалар барын айтты. Бірақ мұнымен шектелмей, халықтың әл-ауқатын жақсарту жұмыстарын жалғастыру қажеттігін еске салды. «Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі өткен жылмен салыстырғанда 14%-ға төмендеген. Оның мәнісі ірі жобаларды жүзеге асыру бойынша «ҚПО б. в.» компаниясының шығындарының азаюына байланысты болды. Жалпы тартылған инвестиция көлемі - 97% жеке инвестиция. Бұл көрсеткіш инвестиция тартудың зор мүмкіншілігін көрсетеді. Аудан әкімі мұнайгаз саласына ғана мән-маңыз бермей, аудан экономикасын әртараптандыру мақсатында жеке инвестицияларды тарта отырып, жаңа жобаларды іске асыру жұмыстарын күшейтуі қажет. Осындай жұмысты атқаруға Миржан Мұнайдарұлының тәжірибесі жеткілікті.  Бүгінде шетелдік мамандарды алмастыратын жергілікті кадрларды даярлау жұмыстары Ақсай технологиялық колледжі базасында биыл басталады» , - деді облыс әкімі.

Өңір басшысы инвесторларды тарту мақсатында ашылған ауданның инвестициялық сайтының қазақ тілінде «сөйлемейтінін», кей жобалардың ақпараты жоқтығын ескертіп, кемшіліктерді түзетуді тапсырды. Облыс бюджетінің кіріс көздерін көбейту мақсатында тіркелмей қызмет жасап жүрген ірі компаниялардың тізімін жасақтап, олармен нақты жұмыстар жүргізу қажет. «Өткен жылы осы бағытта жұмыстандық, басқа аймақтарда тіркелген компаниялар өңірімізге көшірілді. Соның нәтижесінде жыл қорытындысы бойынша салық түсімдері 4 млрд теңгеге өсті. Нақ осы жерде мол қорымыз бар. Кейбір компаниялар осы жерде жұмыс істеп, салық төлемдерін басқа өңірлерге төлеп жүргені белгілі. Солардың көпшілігі Бөрлі ауданында жұмыс істеуде», - деді Ғали Нәжімеденұлы. Одан әрі облыс басшысы облыстық еңбек инспекциясына аудан әкімдігімеен бірлесіп, «ҚПО б. в.» компаниясы мен оның айналасындағы мердігер компаниялардың қызметкерлерінің жалақыларын келісімшартқа сәйкес уақтылы төленуін бақылауға алуды тапсырды. Ауданда ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемі 9%-ға төмендеген. Жағдайдың қуаңшылыққа байланысты екендігі түсінікті. Десе де, ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін барынша пайдалануы тиіс. Соған орай аудан әкімдігі кен игеруші компанияның, мердігерлердің азық-түлік өнімдерін қайдан алатынын анықтап, сол өнім түрлерін ауданда шығару жөнінде талдау жасап, ұсыныстар жасау керек. Егіс алқаптарына түгендеу жүргізіліп, көпжылдық дақылдар егісін ұлғайту, мемлекет иелігіне қайтарылған жерлерді игеруге инвесторлар тарту қажет. Асыл тұқымды шаруашылықтар жоқ, соларды дамытқан жөн. Мемлекеттік бағдарламалар аясында гранттық қаржыға мал өнімдерін өңдейтін шағын және орта кәсіпкерлік нысандарын ашуға мән берілгені дұрыс. Тасжол бойындағы жол-көлік оқиғаларын азайту мақсатында БҚО полиция департаментімен бірлесіп, жұмысты күшейту тапсырылды. Ауданда 27 ауылдық елді мекеннің төртеуінде ғаламтор байланысы жоқ. Бұл облыстық деңгейде жоспар жасалып, шешіледі. «Жобалардың сапасына көңіл аудару керек. Өткен жылы ауданға барғанымда, тұрғындар абаттандыру жобаларына балалар алаңдарын енгізуді ұсынды. Осыны ескергеніміз жөн. Аудан тұрғындарының жалақысы жаман емес деп саналады және ауданда тұрғын үй құрылысы жинақ банкісінің салымшылары және зейнеткерлік жинағы мол адамдар бар. Олар зейнеткерлік жинағының бір бөлігін алып,  үй мәселесін шеше алады. Сондықтан ауданға тұрғын үймен қамту жоспарын жаңадан жасақтау қажет. Биыл және алдағы жылдары қанша коммерциялық үй салынатынын тұрғындар біліп отыруы үшін сайт жасау керек», - деді Ғали Есқалиев.

Облыс әкімі ауданда қолға алынатын жобаларға қолдау көрсетілетінін айтты. Оның бірі SMART-AKSAY жобасы болса, екіншісі, кәрізді қайта құру жобасы. Бұл жобалар мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі негізінде жүзеге асырылады. Дәрігер мамандар тапшылығын жою үшін жылда грант шамасын көрсетіп отыруды,  ата-аналар ұсынысымен дәрігерлік мамандықтарға бөлінетін гранттар санын көбейтуге болатынын жеткізді.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале