Бөрлі ауданындағы «Қарашығанақ» спорт кешенінде Бөрлі ауданы әкімінің жүлдесіне арналған Бокстан 2012-2013 жылғы жасөспірімдер арасында Республикалық ашық турнир өтті.

Алдымен аталған турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтіп, оған аудан әкімі Еркебұлан Ихсанов бастаған бір топ басшылар мен ардагер қонақтар қатысты. Аталған іс шараға көршілес Ресей Федерациясынан, еліміздің Ақтөбе, Маңғыстау, Ақтау, Атырау өңірлерінен және БҚО аудандарынан Бөкейорда, Ақжайық, Бәйтерек, Тасқала және өз ауданымызды қосқанда, 14 команда қатысты.

Алдымен алғаш боп сөз сөйлеген аудан әкімі: «Бүгінгі ұйымдастырылып отырған жарыстың басты мақсаты – салауатты өмір салтын сақтай білуге, еліміздегі бокс саңлақтарын кеңінен насихаттауға, бос уақытын тиімді пайдалана отырып, спортпен шұғылдануына бағытталады,-дей келе, жарысқа қатысушы жас былғары қолғап шеберлеріне сәттілік тіледі.

Дене шынықтыру және спортты дамыту, жасөспірімдер арасында патриоттық тәрбиені күшейту, салауатты өмір салтын насихаттау бағытындағы турнирге кәсіби төрешілер төрелік етті.

- Жыл сайын география өсіп жатыр дегендей, осы болып жатырған турнирда қатысушылар саны бұрынғыларға қарағанда көп. Боксшылар 33-70 келі салмақ арасында жұдырықтасатын болады. Жеңімпаз боксшыға белдік, медальдар беріледі. Және 5 номинация қарастырылған. Олар: «Жеңіске деген жігерлігі үшін», «Ең үздік боксшы», «Үздік тактикалық дайындығы үшін», «Үздік төреші», «Үздік бапкер» Балалар да жақсы дайындықпен келген. Құлшыныстарынан көрініп тұр,- деді Бөрлі ауданы Бокс федерациясының вице президенті Қадырбек Жандосинов.

5 күнге созылған былғарықолғапшылардың додасы өз мәресіне жетіп, үздіктер марапатталды. Жеңімпаздарға арнайы медальдар, Алғыс хаттар және әр салмақ дәрежесі бойынша жүлдегер боксшыларға белдіктер табысталды.
Сәнім Меңдібай
Бөрлі ауданы