5.06.2022, 13:58
Оқылды: 65

Бөрліліктер белсенді

Бүгінгі референдум - ел болашағы үшін маңызды науқан. Сондықтан бөрліліктер де аталған науқанға бір кісідей атсалысуда. Бөрлі ауданында 34 сайлау учаскесі бар. Оларда ауданның 39859 тұрғыны дауыс бермек. Дауыс берушілердің 29023-і аудан орталығында болса, 10836 адам ауылдық округтерде дауыс береді. Сайлау учаскелерінде 217 комиссия мүшесі мен бақылаушы сайлаудың әділ өтуін қадағалап, ұйымдастыруда. Айта кетейік, Ақсай шаһарындағы барлық бағытқа қатынайтын қоғамдық көлік тегін қызмет көрсетуде.

7

Ақсай қаласына қарасты Қызылтал ауылындағы №91 сайлау учаскесінде 2828 адам тіркелген. Түскі сағат 13.00-ге дейін ауылдың 600-ге жуық тұрғыны дауыс беріп үлгерді.

Бұл сайлау -  еліміздегі саяси жаңғырудың жаңа кезеңінің бастауы дейді қызылталдықтар.

82 жастағы қызылталдық тұрғын Қамажай Ахметова да сайлау учаскесіне отбасымен келіп, өз дауысын берді. 12 немере сүйіп отырған Қамажай әже ел тыныштығы үшін дауыс бергенін айтады.

9

- Дауыс берейін деп әдейілеп келдім. Үнемі жаңалықтарды жібермей қарап отырамын. Жаңа Қазақстанымыз гүлдене берсін, еліміз тыныш болғай, - деді Қамажай Ахметова. №91 сайлау учаскесінің төрағасы Талғат Букушев облыстық мәслихат депутаты Анвар Агаевтың атынан Қамажай әжеге сыйлық табыс етті

- Біздің қоғам үшін референдум - айтулы іс-шара. Сондықтан бүгінгі сайлауға қазақстандықтар біркісідей атсалысады деп ойлаймын. Өйткені еліміздің келешегі біздің, яғни халықтың таңдауына байланысты екеніне бәріміз сенеміз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі жаңа Қазақстанға қадам осы референдумнан бастау алады деген еді. Балаларымыздың болашағы үшін дауысымды бердім, - деді Ақсай қалалық №8 "Өркен" бөбекжайының тәрбиешісі Нұрайна Меңдібаева.

Қызылталдық Ринат Уахитов үшін бүгінгі күннің маңыздылығы ерекше. Өйткені бүгін оның туған күні. 5 маусым Референдум болатынын естігенде таң қалғанын айтады.

8

- Бұрын бұл күнді Экологтардың күні деп білетін едік. Енді, міне, тарихта тағы бір референдуммен есте қалды. Дауыс беруге келгенімде менің туған күнім екендігін ескеріп, сыйлық беріп жатыр. Қуаныштымын,- дейді Ринат.

41 жасқа толып жатқан туған күн иесіне де сыйлық табысталды. Айта кетейік, бүгін қызылталдық екі тұрғынның туған күні екен.

Айым Нұрғалиева,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале