21.01.2021, 20:28
Оқылды: 81

Бөрлінің бас ауруы – басынған киік

Бөрлі – Бөкей ордасы ауданындағы берекелі ауылдың бірі де бірегейі. Бұл ауылдық округ әкімі Меңдібай Қитановтың баяндамасынан да анық көрініс тапты. Өткен жылдың өзінде жеті азамат «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасымен, төрт тұрғын «Игілік» бағдарламасымен несие алып, өз кәсібін бастады.

 бөрлі

Округ бойынша төрт түліктің барлығында да айтарлықтай өсім бар. Өткен жылы округке қарасты 24 шаруа қожалығы 39,150 мың теңге субсидия алды. Бөрлі – аудан бойынша шетелден асыл тұқымды мал алып, басты бағытты сапа деп таныған ауыл. «Есет» және «Р.Сисенғалиев» шаруа қожалықтарының Венгриядан, Беларусиядан әкелген герефорд және ангус тұқымды 539 бас аналық сиыры бүгінде өріс толтырып, әбден жерсініп кетті. Округтегі үйлер түгелге жуық табиғи отынмен, таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. Ауыл аумағындағы 21 мал қыстағы электр желісіне қосылған. Электр желілері жоқ қыстақтар күн панелдерін орнатып, қажеттеріне жаратып отыр. Округ орталығында бір наубайхана, бір дөңгелек жөндеу, тоғыз азық-түлік дүкені, бір тойхана халыққа күнделікті қызмет көрсетуде.

бөрлі1

Ауылдың шаруалары мен жастары пандемия кезінде қайырымдылық шараларын көптеп өткізіп, ауылдың бірлігін танытқан. Әр жылдардағы мектеп түлектері 47 отбасына азық-түліктен көмектессе, шаруа қожалықтары мал сойып, етін таратты, қап-қап астық үлестірді. Ауыл жастары, мектеп ұжымы дәрі-дәрмек, масканы тегін таратты.

Ауыл үшін біткен істің үлкені мектептің алғаш рет күрделі жөндеуден өткені. «Инго Строй» ЖШС жүргізген жұмысқа ауылдың отызға жуық азаматы тартылды.

Т.Масин ауылдық округінің әкімі Меңдібай Қитанов өткен жыл бойынша атқарылған істерді баяндап қана қоймай, күрмеуі қиын мәселелерді аудан басшысының назарына ұсынды.

Бөрлі-Шаңдыкөл 9 шақырымдық жолын көтеру, үш шақырымына қиыршық тас төсеу, Тереңқұдық елді мекеніне «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында ауыз су тарту мәселесін ортаға салып, демеушілер қолдауымен М.Бегалиеваның бюстін орнату, балалар ойын алаңын салу жоспарымен бөлісті.

Округтің учаскелік полиция инспекторы, аға лейтенант Қуандық Сұлтанияровтың айтуынша, заңсыз киік мүйізін тасымалдау бойынша екі қылмыс, мал ұрлығы бойынша алты, заңсыз аңшылық бойынша екі, билік өкіліне бағынбау бойынша бір қылмыс тіркелген. Қылмыстың 80,2%-ы ашылып, жазықтылар жауапқа тартылды.

бөрли

Жарыссөзде сөз алған Нағым Тәжімұратов интернеттің баяулығын, республикалық маңызды жолдан ауылға дейінгі 11 шақырымды жөндеу, электр бағандарын ауыстыру сияқты мәселелерді көтерді.

Қайрат Бекқалиевтің де шағымы электр қызметіне қатысты болды. Аудандық электр торабының басшысы Самат Оңаев мекемелерінің жеке меншіктен мемлекет меншігіне ауысып жатқандығын, электр торабы қызметі бірден жақсарып кетпесе де, алдағы уақытта біртіндеп осы мәселелер шешімін табады деп сендірді.

Бөрлілік тұрғындар зымырандардың көптеп түсетіндігін айтып, полигон жерлерінің аумағын қайта қарау, киік мәселесін көтерді, газ қызметіне қатысты сауалдарын жолдады.

Газ қызметінің шебері Рафхат Ғабитов газ құбырының тозған кран, құрылғыларын ауыстыру үй иесінің қалтасынан шығатындығын, ал қызмет тегін көрсетілетінін айтты. Яғни, газ қондырғысының тозған, істен шыққан бөліктерін үй иесі сатып әкеліп, ауыстыру қызметіне газ шеберлерін шақырады екен.

Аудан басшысы ауыл тұрғындары тарапынан қойылған сауалдарға толыққанды жауап берді. Полигон мен зымыранға қатысты мәселенің аудандық емес, үкіметтік, тіпті мемлекетаралық деңгейде қолға алынып жатқандығын айтты.

 

«Орда жұлдызы»

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале