28.01.2021, 11:04
Оқылды: 121

Бұлдыртыдағы балабақша жаңа ғимаратқа көшті

Сырым ауданына қарасты Бұлдырты ауылындағы «Айналайын» балабақшасы жаңа ғимаратқа көшті. Бұрын мектептің интернаты болған қос қабатты типтік ғимарат аудандық бюджет есебінен жөнделіп, ауыл балабақшасына пайдалануға берілді. Балаларды мектепке дейінгі білім беру ұйымдарымен қамтамасыз ету мен балабақша жасына жеткен балалардың кезегін азайту тұрғысында мұның игілікті іс болғаны даусыз.

IMG_0993

Бұлдырты ауылдық округіндегі сапарында Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев жаңа қонысқа кірген балабақшаның жұмысымен танысты. 10 жылдың ішінде 250 түлек түлеткен берекелі шаңырақ «Айналайын» балабақшасының басшысы Динара Нұриденованың айтуынша, ақылы топта – 50, шағын орталықта - 50 бала бар екен. Қазіргі таңда санитарлық талаптарға сәйкес кезекті топтар жұмыс жасауда. Мекеменің құжаттары реттелсе, 20 орындық қосымша топ ашылмақ. Бірақ, оның өзі ауыл балаларын толық қамти алмайын деп тұр. Себебі, Бұлдыртыда  52 бала балабақша кезегін күтуде Олардың ішінде 2 жасқа дейін – 28, балабақша жасына жеткен 21 бүлдіршін бар.

IMG_1006

Мекемеде 11 қызметкер жұмыс жасайды. Жаңа ғимарат жаңа игіліктер ұсынуда. Кең бөлмелер, көрнекіліктер, канализациялық желілер ата-аналардың ризашылығын туғызуда. Қауіпсіздік үшін балабақшаның әр бөлмесіне камера қойылған. Бүлдіршіндердің алаңсыз ойыны мен ұйқысын, тыныс-тіршілігін барлығы 18 бейнекамера бақылап тұр.

Бұл балабақша экологиялық бағытты ұстанып, экобалабақша ретінде жұмыстанбақ. Осылайша, өңірдегі мектепке дейінгі білім беру ісіне жаңа тәжірибе ұсынып көрмек.

IMG_0998

Мәселелер де жоқ емес. Жаңа қоныстың шатыры ескі болып тұр. 2003 жылы жабылған шатыр ауыстыруды қажет етеді. Әйтпесе, жөндеудің қадірі кетейін деп тұр. Мекеме басшысы нысанның ауласын шарбақпен қоршау мәселесін де айтты.

Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев округ әкімі Ерлан Мақашевқа білім беру бөліміне тиісті ұсыныстар түсіруді, содан кейін жабылған интернат қызметкерлеріне жұмыс тауып беруді тапсырды.

 

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале