Сырым ауданында жол қауіпсіздігінің алдын алуға бағытталған жиын өтті. Оған аудан әкімі Төлеген Төреғалиев және ауылдық округ әкімдері, тиісті бөлім басшылары, шаруа қожалық жетекшілері қатысты.

Алдымен күн тәртібіне сай «Сырым ауданы аумағында жол қауіпсіздігінің алдын алу туралы» аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Абылай Каримуллиев пен аудандық полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы Бақытжан Казахстанов баяндама жасады.
Абылай Айболұлы көлікке малдың соғылу оқиғасының алдын алу және ірі қара мен жылқыға жарық шағылыстырғыш лента (флиппер) тағу керектігін айтты. Ауданда 2018-2019 жылдары 31 мал қағу дерегі тіркелген. Оқиға кезінде автокөлік иелеріне түрлі шығын келтірілсе, өмірімен қоштасқан жандар да бар.
Айта кетелік, жол-көлік оқиғалары барысында мал құлағында сырға, таңба, чиптар болмауы қиындықтар туғызып жүрген көрінеді. Ендігі жерде малын таңбаламаған жеке тұлғалар мен шаруа қожалықтары анықталып, ӘҚБтК-ның 406-бабының 15-тармағына сәйкес жауапкершілікке тартылмақ. Жасыратыны жоқ, флиппер тағу жұмысына мән бермей отырған округтер де бар. Ал аудан орталығы Жымпитыда қараусыз жүрген малды уақытша ұстайтын тұрақты орын әзірлеу жұмыстары қолға алынған.

Бақытжан Серікұлының айтуынша, 2018 жылы көлікке малдың соғылуынан Алғабастың тұсында 1, Аралтөбе-Бұлан тұсында 1, Бұлдырты мен Жымпитының тұсында 4 және Шағырлой аумағында 5 жол-көлік оқиғасы орын алса, тек көлікке соғылған 4 малдың иесі ғана анықталған. Былтыр Сырым ауданы аумағында 37 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оның 19-ына қылмыстық іс қозғалған. Ең өкініштісі, 32 адам түрлі дене жарақатын алса, 5 адам қаза тапқан. Жол-көлік апатына себепкер болған малдың көбісінің иесі анықталмай отыр. Оның себебі – малдың сырғаланбауы.
Жиын барысында кейбір шаруа қожалық жетекшілері жол бойына көліктің жылдамдығын өлшейтін құрал орнату керектігін айтса, бұлдыртылық шаруалар тоғайдағы аңшылардың мылтығының даусынан үркіген жылқылар жол бойына шығып кететіндігін сөз етті.
Аудан әкімі Т.Төреғалиев ауылдық округ әкімдері мен шаруашылық құрылымдарына электробақташы алып, белгілі бір жерді қоршап, малды түнде сонда ұстауды қолға алу қажеттігін ескертті.
Шынар Молданиязова
Сырым ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер