14.03.2022, 16:45
Оқылды: 121

Чемпионаттан күміс жүлдемен оралды

Жуырда Семей қаласында ересектер арасында самбо күресінен Қазақстан Республикасының чемпионаты өткен болатын. Кіл мықтыдан кім мықтыны анықтау мақсатында үш күнге созылған жарыста бағы жанғандар мен бабы келіскендер жеңістің биік тұғырынан көріне білді.

Айгерім

Осы самбо саңлақтарының басын біріктірген байрақты бәсекеге облыс атынан шыңғырлаулық Тілемгенова Әйгерім де қатысып, жүлделі екінші орынға қол жеткізген болатын.

Әйгерім бірінші белдесуін Қызылорда облысының самбошысын айқын басылымдық 8:0 есебімен ұтып, таза жеңіспен келесі жолдама алады. Екінші  жекпе жекте Алматы облысынан келген самбошы қызына аяққа ауырту әдісін қолданып тағы таза жеңіске жетеді. Үшінші қарсыласы Жамбыл облысына келген Симбекова Викторияны 5:2 есебімен қапы қалдырып, жеңімпаз атанды. Финалда былтырғы әлем чемпионы Маңғыстау облысының  атынан шыққан Гүлдана Альмухамбетоваға ескерту алып, жәй ғана басылымдықпен есе жіберіп күміс жүлдегер атанады.

IMG-20220312-WA0004

«Үлкен чемпионат болғандықтан қарсыластырым аса үлкен дайындықпен келген. Кездескен 4 қарсыласым да осал болмай, күрестегі жеңістер оңай берілмеді. Соңғы жекпе жекте кілемнен сәл шығып кетуіме байланысты алған ескертуім нәтижесінде ұпайыма кері әсер етіп, екінші орынға ие болып қалдым. Дегенмен барлық күрес нәтижесінен бапкерлеріммен ақылдаса отырып, қорытынды шығаратын боламыз. Осы орайда, менің спорт саласындағы жетістіктеріме қуанып, қолдау білдірген жерлестеріме алғысымды білдіремін. Болашақта мемлекетіміздің атын әлемдік додаларда шығарып, көк байрағымызды көтеруге бар күш-жігерімді саламын, жұмыстанамын»,- дейді самбо және қазақ күресінен Қазақстан Республикасының спорт шебері Әйгерім Маратқызы.

Ағымдағы жылдың маусым айында Ливан елінде өтетін Азия чемпионатында Әйгерімге еліміздің байрағын желбіретіп, жеңімпаз атануға тілектеспіз!

Аман Ізмұхан,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале