26.02.2021, 9:59
Оқылды: 77

Даласы дархан, халқы жомарт

Қазақстан халқы бірнеше жылдан бері Алғыс айту күнін атап келеді. Бұл – тағдыр тәлкегімен Қазақстанға еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзым белгісі. Қазақ халқы қиын кезеңдерде олардың бастарына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді. Бұл бүгінгі таңда еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды деуге болады.

smart

Өткен ғасырдың отызыншы жылдары алдымен елімізге қиыр шығыстан кәрістер депортацияланған болса, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде шешендер, немістер, Қырым татарлары күштеп әкелінген. Қай ұлт келсе де, бауырындай қабылдап, қолындағы барымен бөліскен қазағым ешбіреуін де далада қалдырмады. Соғыстан соң қазақ даласына қоныстанушылар легі тоқтаған жоқ. Сондықтан да осы күні талай ұлттың тағдыры тоғысқан Қазақстан көпэтносты мемлекетке айналды. Бүгінде тойланып келе жатқан Алғыс айту күні қайырымдылық дәстүрлерін, әлеуметтік ынтымақты және өзара көмек көрсетуді, ортақ тарихты құрметтеу күні саналады. 130-дан астам ұлттың отанына айналған қазақ топырағына қоныс аударылған өзге ұлттардың біздің жерге келу тарихы әр қилы.

Дариян ауылында тұратын Галина Федоровна Гарбуз ері Иванмен бірге 1974 жылы елімізге жұмыс бабымен қоныс аударған.

-Ол кезде бір ұл, бір қызымыз болатын. Туған жерімізде жұмыс жағы қиын болғандықтан, жолдасым қазақ еліне қоныс аудару туралы ұсыныс жасады. Өйткені ол 1954 жылдан бастап келіп-кетіп, Шыңғырлау ауданында қызмет етіп жүрді. 1959 жылы шаңырақ көтердік. Сол жылдары КСРО министрлер кеңесінің жас отбасыларды қазақ жеріне қоныс аудару туралы өкімі шыққанынан хабардар болатынбыз. Сүйтіп, біраз ойлана келе 1974 жылы отбасымызбен Қазақстанға көшу туралы шешім қабылдадық,- дейді Галина апамыз.

Дариян ауылына табан тіреген жас отбасының отанасы ауыл мектебіне мұғалім болып қызметке тұрса, отағасы да өзіне лайықты жұмыс тапқан. Елге жаңа келген жас отбасын Иван Петровичтің апа-жездесі қарсы алып, үйлеріне паналатқан.

-Жұбайымның апа-жездесі жұмыс бабымен Погодаев ауылына қоныс аударып, үйін бізге қалдырды. Көп ұзамай бұл қызметтік үйді босату керек болып, біз де Погодаев ауылына көштік,-дейді Галина Гарбуз.

Жаңа жерде де мұғалім болып қызметке тұрған Галина апамыз 1995 жылы зейнетке шыққанымен, 2000 жылға дейін мектепте қызмет істейді. Ал механик болып еңбек еткен отағасы 1995 жылы дүние салған. Ал өзі ғасырлар тоғысында Дариян ауылына қайта келіпті.

-Ауылымызда бірнеше ұлт өкілдері тұрады. Бәріміз бір атаның балаларындай татумыз. Біз көшіп келген жылдары ауыл өте үлкен болмаса да, халықтың жаңадан келгендерге деген ықыласы бөлек еді. Қонақ келді деп дәмді тағамдарын ұсынып, төрден орын беретін. Қолындағы барын беруге дайын тұратын қазақ халқының мейірбандығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес,- дейді Галина ханым.

Біздің басты байлығымыз – елдің татулығы мен бірлігі. Елбасы айтқан «Мәңгілік ел» болуымыз үшін ынтымағымыздан айырылмай, бірлікті сақтай білуіміз қажет. Ал ынтымақ пен татулықтың, бауырмалдық пен жанашырлықтың мәнін Қазақстан халқы жақсы біледі. Кейіпкеріміз де Украинаны туған жері деп білсе, Қазақстанды Отаны санайды.

Гүлжан Аязбаева,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале