30.09.2021, 10:38
Оқылды: 46

Дәрігерлер ана мен бала өлімін сақтап қалды

Мұратсайлық Ернар Сәрсенғалиевтің шаңырағында ұлы той. Дүниеге шекесі торсықтай егіз ұл келді.

жанакала 2

Ұлы қуаныштың артында үлкен сынақ, өмір мен өлімнің арпалысы қалды. Жүкті ананың толғағы басталды. Басқа басқа емес егіз күткен ананың жағдайы ақхалаттыларды абыржытқаны да рас. Батыс Қазақстан облысының жедел медициналық станциясына қоңырау шалынады. Ауа райының қолайсыздығына байланысты Жаңақаладағы аудандық аурухана дәрігерлері Бөкей ордасына жолданды. Хирургтар  Сержан Есенгубеков пен Азамат Дияров, анестезиолог Дәурен Көкенов, оның ассистенті Қожамберді Жұмагелдин  кешкі сағат 22.00-де жолға шығып, көлік тізгіншісі Аслан Қабдоловтың шеберлігінің арқасында балшықты белуардан кешіп, түнгі 02:00-де әрең жеткен. Жеткен бойда уақыт жоғалтпастан, шаршағандарына қарамай, ота жасауға кірісіп кетті. Жас анаға кесар тілігі (кесарево сечение) сәтті жасалып, қос ұлдың өмірін сақтап қалды.

WhatsApp Image 2021-09-30 at 10.27.21

- Бүгін қуанып отырмыз. Кеше жанымызды шүберекке түйіп отыр едік. Алла қолдап, жарым да, егіздерім де аман. Осы орайда Жәнібек аудандық ауруханасының бас дәрігері Сәуле Исмағұловаға шексіз алғысымды айтқым келеді. Осы кезге дейін Сәуле Мұғаятқызына қаралып келіп едік. Ботагөздің толғағы басталған сәттен таңғы алтыға дейін жақын жанашырымдай телефонмен хабарласып қолдау білдіріп  отырды. Жаңақалалық дәрігерлерге әулетімнің атынан ризашылығымды білдіремін.  Алғандары алғыс болсын әр кезде, - дейді егіздің әкесі Ернар Сәрсенғалиев.

Ернар мен Ботагөз - көпбалалы ата-ана. Екі қыз, үш ұлдың енді қос бірдей інілері бар.

- Бұл біз үшін үлкен сынақ болды. Жүкті анада уақытынан бұрын толғақ басталды. Дереу облыстық жедел жәрдем станциясына хабар берілді. Уақыт оздырмау үшін көрші ауданның дәрігерлері жолданды.   Жаңақалалық әріптестеріме басшысынан бастап, қосшысына дейін өз ісінің шеберлері екенін көрсетті. Посттарын тастап, тәуекелге бас тігіп келді. Аудандық аурухана деңгейінде жасалмайтын отаны сәтті жасап шықты. Нәрестелердің бірі тұншығып, оны құтқаруда педиатр Ақлима Ишанова сын сағатта тәжірибелі маман, тіс қаққан шебер екенін анық көрсетті. Бөбектің өміріне төнген қауіп сейілді. Қазір ананың да, егіздердің де жағдайы бірқалыпты, - дейді аудандық аурухана басшысы Анарбек Белисанов.

Ұлпан Әнуарқызы,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале