16.08.2022, 10:45
Оқылды: 59

Диқандарға арналған агроорталық

Бәйтерек ауданының Сұлукөл ауылдық округінде агросала өкілдерінің басын қосқан фестиваль өтті. «АгрофестБатыс – 2022» фестивалі Егінжай күнінің аясында ұйымдастырылды. Жайқалған егістікті дүбірге бөлеген іс-шарада агроорталық ашылды.

7

Егістіктегі фестиваль

Шыны керек, ұйымдастырушылар бұл күнге ерекше дайындалыпты. Бір жағында жүгері, екінші бетінде күнбағыс жайқалған алаңқайға ақ шаңқан шатырлар тіккен. Ауыл шаруашылығына қажет түрлі техникалар сап түзеді. Әншілердің табиғи дауыста орындаған әндері қонақтардың көңілін бір серпілтті. Шақырайған күннің ыстығынан сусағандар үшін түрлі салқын сусындар да «менмұндалап» тұрды. Бір шетте қонақтардың өзара мергендігін сынайтын тир де орналасыпты. Әйтеуір іс-шара күні бойы дала еңбек әуеніне бөлеп, егісін жинайтын шаруалардың жанын жадыратып, бір сергітті. Ал жайқалып тұрған күнбағыс пен жүгері алқаптары зор еңбектің нәтижесінен хабар берді. Іс-шараны ұйымдастырған республикалық «AlemAgro» компаниясы мен жергілікті «АгроСервис-Батыс» ЖШС-ның бірлескен жобасы – агроорталық жыл сайын осы жерде қонақтарды қабылдайды.

8

Аудан әкімі Марат Тоқжанов фестивальді ұйымдастырған қос компанияның өкілдерімен бірге агроорталықтың лентасын кесті.

– Агроорталық шаруалардың өзара тәжірибе алмасып, ауыл шаруашылығындағы тың жаңалықтарды бөлісуге мүмкіндік береді. Ал осындай көп-шіліктің игілігіне арналған шаруаны ұйымдастыру – нағыз азаматтық. Америкалық әлде еуропалық бір кәсіпкер ең керемет деген тұқым сорттарын көршілеріне таратып береді екен. Сонда біреулер: «Сіз қызықсыз, ең жақсысын көршілеріңізге бересіз. Олар сіздің бәсекелестеріңіз емес пе? Ертең сізге қиындық тудырады ғой», – депті. Сонда кәсіпкер: «Олай емес. Егер олардың егістігі жайқалып тұрса, менікі де жайнап өседі. Ал тек менікі жақсы өнім берсе, қызғаныш пайда болады. Қызғаныш міндетті түрде шиеленіске алып келеді», – деген екен. Біздің жігіттер азаматтықтарын көрсетіп, білгендерімен бөлісіп отыр. Агроорталықтың жұмысына табыс тілеймін, – деді аудан басшысы.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Денис Умашевтің айтуынша, өңірде өсімдік шаруашылығымен айналысатын 400-ге жуық шаруашылық бар. Былтыр шаруалар күнбағыстың гектарынан 5-6 центнерден өнім жинаған. «Теректі ауданындағы Пойма ауылындағы май зауыты күнбағыс майын өндіреді. Зауыттың жылдық қажеттілігі 51 мың тонна. Егер ауа райы жақсы болса, жергілікті өндірілетін өнім сол сұранысты қамтуға жетеді. Шаруалар бүгінгідей іс-шараларда айтылған ғылыми негіздемелерді өндірісте пайдалануы керек. Өйткені мұндай іс-тәжірибе сапалы өнімге қол жеткізеді», – деді Денис Молдағалиұлы.

Бұрынғыдай емес, қазіргі техникалар жасанып алған қыздай, қызылды-жасылды, әдемі көрінеді. Сыртқы пішіндері де түрліше. Біреуі алып, біреуі шағын дегендей. Елордалық «CT AGRO» компаниясы фестивальге егістіктегі жұмысқа «жегілетін» түрлі трактор мен комбайн әкелген. Бұл компания CLAAS, HORSCH, Kverneland Group  және басқа да компаниялардың техникаларын лизингке және несиеге береді. Біз «CLAAS» компаниясының «TRION 650» астық жинайтын комбайнына отырып көрдік. Кабинасының өзі шағын бөлме секілді екен. Басқару тетіктері комбайншының оң қапталында орналасқан. Монитордан өнімнің сапасын, өнімділігін, егістіктегі жұмыс барысын бақылап отырады. Пультпен басқарылатын комбайн аутоматтандырылған. «CT AGRO» компаниясының өкілі Арман Омаровтың айтуынша, бұл комбайнның жабдықтары Германияда жасалып, Петропавлда құрастырылады.  Техника жоғары бейімділігімен, өнімділігімен, дәлдігімен және сенімділігімен ерекшеленеді дейді.

Испанияның «AgriTecno» компаниясының аймақтық директоры Дэнис Рохас Родригестің айтуынша, компания Қазақстанда 11 жылдан бері қызмет етіп келеді.  Әлемнің 60 шақты елінде жұмыс істейді. Күнбағыс, жаздық, күздік бидай және басқа да дақылдарды өсіруден мол тәжірибесі бар.

– Өзім күнбағыс өсірумен он шақты жылдан бері айналысамын. Бұл майлы дақыл шаруашылықтың кірісін арттырады. Мен бүгінгідей іс-шараның маңызы зор деп білемін. Себебі фермер, агроном, шаруашылық басшылары замануи технологиялармен танысады. Егістіктің өнімділігі қолданатын технологияға байланысты. Сондықтан шаруалар қандай гибридті пайдалану керек екенін білуі керек, – деді Дэнис Рохас Родригес.

Іс-шара барысында түрлі компанияның мамандары күнбағыстың «пионер» сортын люмиген технологиясымен өңдеу, «kws» гибридінің ерекшеліктері, БҚО-да күнбағыс өсірудің ерекшелігі жөнінде және басқа да тақырыптар аясында пікір алмасты.  Облыстың агроклиматтық жағдайында өсірген күнбағыс пен жүгерінің танаптарымен таныстырды. Майлы дақылдарды өсіруде қолданған технологиялар мен тыңайтқыштар жөнінде айтты. «Limagrain», «Corteva», «Pioneer.», «KWS» және басқа компаниялардың дақылдарды будандастыру жұмыстары көрсетілді. Танаптағы өсімдіктерді жинап алған соң, оларды зерттеп, тиімдісін өндіріске енгізеді.

«АгроСервис-Батыс» ЖШС

«AlemAgro» компаниясының аймақтағы жетекшісі Берік Жуминнің айтуынша, күнбағыстың 40-тан, жүгерінің 20-дан астам будан түрі бар. Агроорталықта әлгі дақылдардың біраз буданы егілген.

6

– Біздің компания «АгроСервис-Батыс» ЖШС-мен бірлесіп, агроорталық ашты. Аталмыш серіктестік инновациялық техникалармен жабдықталған. Әрбір қожалық осындай жаңашылдыққа ұмтылуы керек деп есептеймін. Еліміздің әр өңірінде «AlemAgro» компаниясының өкілі бар. Көлікпен, зертханамен қамтылған 120-дан астам агроном жұмыс істейді. Олар тыңайтқыштар, тұқымдар сатып алған фермерлерге инновациялық  қызмет көрсетеді. Яғни тұқым мен тыңайтқышты тиісінше пайдаланып, сапалы өнімге қол жеткізгенше көмек-қолдау көрсетіп отырады. Фестиваль арқылы Батыс Қазақстанда күнбағыс пен жүгеріден жоғары сапалы өнім алуға болатынын көрсеткіміз келеді. Біздің мақсатымыз – жергілікті ауа райына, топыраққа жерсінетін будан түрлерін таңдау. Іс-шараға қонақтар еліміздің өңірлерінен, Ресейден келді. Жалпы, шаруалардың бұл салаға қызығушылығы зор екенін байқадық, – деді Берік Жумин.

«АгроСервис-Батыс» ЖШС басшысы Армат Бисенов серіктестіктің 80 гектар алқабын ғылымға арнағанын айтты. Енді жыл сайын осы жерде Егінжай күні өтеді. Агроорталықта дақылдардың жаңа сорттары егіледі. Олардың жергілікті климатқа бейімделуі, қолданылатын тыңайтқыштардың мөлшері зерттеледі. Осылайша жыл бойы жинаған білім мен тәжірибені ғылыммен ұштастырады. «Мұндай басқосуларда сала мамандары мен өсімдік шаруашылығымен айналысатындарға инновациялық техникалар мен технологияларды көрсетеміз. Жылма-жыл фермерлердің арасындағы іскерлік байланысты нығайтқымыз келеді. Олар өзара тәжірибе алмасып, бір-бірінің жетістігі мен кемшілігін саралайды. Тек біздің облыстағы емес, жалпы еліміздегі фермерлердің хал-ахуалы жоғары деңгейге көтеріледі деп сенемін. Сондықтан мұндай іс-шаралар жиі өтіп тұру керек деп санаймын, – деді Армат Ғимыранұлы.

«АгроСервис-Батыс» ЖШС-ның негізі 2004 жылы қаланған.  Ал 2012 жылы серіктестіктің екінші тынысы ашылды деп айтуға болады. Қазір мұнда 40-тан астам адам жұмыс істейді. Серіктестік тек ауыл шаруашылығын ғана күйттеп кетпепті. Сұлукөл ауылының әлеуетін көтеруге де атсалысып жүр. Қазір серіктестіктің қонақтарына арналған, өндіріс басшыларына және бір қызметкеріне баспана салып жатыр. Сондай-ақ күзде тағы жеті үйдің іргетасын қалауды жоспарлап отыр.

– Біздің ауылды көркейтуге бағытталған үлкен жоспарымыз бар. Тұрғындарды жұдырықтай жұмылдырып, ауызбіршілігі мықты ауыл болғанын қалаймыз. Осы бағытта жұмыстанып жатырмыз. «Ауыл кеңесі» деген жобамызды іске асырып келеміз. Яғни бұл – ауылдың әлеуметтік дамуына бағдарланған жоба. Былтыр қыркүйекте осы жобаға 10 млн теңге бөлдік. Бұл қаражаттың 6 млн теңгеге жуығы ауылды санитарлық-тазалауға жұмсалды. Көлік жалдап, аулалардың сыртындағы тұрмыстық қалдықтарды шығардық. Мектепке көмек көрсеттік. Келесі жылға 8 млн теңгенің жобасын жасап қойдық. Бір айтатын жайт, қордың биыл игерілмей қалған қаражаты келесі жылдың ақшасына қосылады. Алғашында жобаны қолға алғанда ауылдастар бір-бірімен келіспей, дауласып қалатын. Қазір жобаның мақсатын түсініп, өзара ынтымақтастықта жұмыстанып жүр. Келесі жылы ауылдың әлеуметтік даму жоспарының бюджетін екі есеге, яғни 20 млн теңгеге көбейткіміз келеді. Жақын күндері бұл жобаны қоғамдық бірлестік ретінде тіркейтін шығармыз. Оған ауыл тұрғындары мүше болады. Сұлукөл ауылына қатынайтын жолдың жобалау-сметалық құжатын дайындап қойдық. Жолдың ұзындығы шамамен 25 шақырымдай. Бұл жобаға бірнеше шаруа қожалығы атсалысты. Бірақ ең ірі серіктестік біз болған соң, негізгі шығынды өзіміз төледік. Биыл Чеботорев ауылына дейін асфальт салынады, – деді Армат Бисенов.

Биыл «АгроСервис-Батыс» ЖШС 2650 га күздік бидай және 120 га күздік арпа еккен. Күздік бидайды гектарына 48,7 центнерден жинаған. Арпаны шамамен 40 центнерден алып жатыр. Жаздық арпаны 700 га, жаздық бидайды 750-800 га ексе, ноқаттың аумағын 120-130 гектардай ұлғайтқан. Себебі бұл өсімдікке сұраныс бар дейді. Күнбағыс 2350 га жерге егілген.

Егінжай күніндегі фестиваль соңында қонақтар іс-шараның жоғары деңгейде өткенін айтып, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин агроорталықтың жұмысы өңірдің ауыл шаруашылығының дамуына оң серпіліс беретініне сенім білдірді.

Жасұлан Қойшыбаев, Сұлукөл ауылдық округінің әкімі:

– Біздің округте орналасқан «АгроСервис-Батыс» ЖШС сапалы да мол өнім алу үшін үлкен жұмыс атқарып келеді. Агроорталықты игі істің бастамасы деп білемін. Біздің климатымыз шөлейтті болса да, жаңа технологиямен мол өнім алуға болатынын көрсетті. Осындай бастамалар ауыл шаруашылығының, соның ішінде өсімдік шаруашылығының қарқынды дамуына мүмкіндік береді.  Округтегі 10 мың гектардың 7,5 мың гектары егістік алқабы. Соның 3,5 гектары осы серіктестіктің қарауында. Биыл күздік бидай 1000 гектарға егілді. Орташа көрсеткішпен айтқанда гектарынан
48 центнерден өнім алды.

Данияр Базарбаев, «Магтоксин» ЖШС-ның өкілі:

– Фестивальдегі көрмеге дезинфекция, дезинсекция және дератизация жүргізетін техникаларымызды әкелдік. Біздің серіктестік тек шаруа қожалықтарымен жұмыс істемейді. Мемлекеттік тапсырыстарды да орындайды. Агроорталық осы саланың дамуына тың серпін береді деп ойлаймын. Жалпы, ғылымды басшылыққа алып жұмыстанатын шаруалар біздің қызметімізге жүгінеді. Сапалы өнімді қажет ететіндер хабарласады. Себебі зиянкестермен алдын ала күресу керек екенін біледі. Меніңше, шаруалар мұндай қызметтің маңызына енді көңіл бөліп жатыр. Ғылым-білімге иек артқандар, жақсы нәтижеге қол жеткізеді.

Арзамат Гурсаев, Мичурин ауылдық округіндегі «Исмаил» ШҚ-ның жетекшісі:

– Егінжай күніндегі фестивальде тың ақпараттар алдық. Жігіттер біздің шөлейтті климатта да майлы дақылдар өсіріп, мол өнім алуға болатынын көрсетті. Жаңа техникалармен таныстық. Жан-жақтан келген әріптестерімізбен сөйлесіп, іс-тәжірибемізбен бөлістік. Бүгінде мемлекет тарапынан кең қолдау көрсетіліп келеді. Агроорталық та өсімдік шаруашылығының дамуына өзіндік үлес қосады деп білемін. Мен жиырма шақты жылдан бері өсімдік шаруашылығымен айналысамын. Күнбағыстың бірнеше сортын өсіремін. Биыл майлы дақылдардың әр гектарынан 15-16 центнерден өнім алатын шығармыз.

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале