24.01.2022, 13:00
Оқылды: 117

« Дін мен дәстүр бір-бірінен ажырамайды»

Барыс жылы басынан қаһарлы мінез көрсетіп, төрімізге жайғасты. Кешегі «Қаңтар оқиғасы» елді дүрліктіріп, тыныштығымызға нұқсан келтірді. Оңтүстік астанамыздың келбеті қашып, аласапыранның ошағына айналды. Салдарынан халқымыз жапа шегіп, ана ұлынан, әйел жарынан, бала әкесінен, әке жолдасынан айырылды. Сол бір оқиға туралы ақпаратты естіп, көріп, оқығанда жаныңыз түршігетіні анық. Оның діни жат ағым өкілдерінің әрекеті екені де дәлелденді. Осындай олқылықтың алдын алу және халықты ақпараттандыру үшін «Ақниет» діни қоғамдық бірлестігінің төрағасы, теолог маман Қанатқали Қалиолламен сұхбаттастық.

7

– Қанатқали мырза, Алматыда орын алған оқиға қалың елдің қабырғасын қайыстырды. Оған «Тәуелсіздігімізге, елімізге жасалған қастандық» деп баға беріп жатқандар да бар. Ал жаппай тәртіпсіздіктің орын алуына себеп болған жайт – қара халықтың мұңы, сұйылтылған газ бағасының жыры. Себепке зер салсақ, «Біз сабыр мен қанағатты ұмытып кеткен жоқпыз ба?!» деген заңсыз сауал туындайды. Сіздің осы бір қос ұғым хақында пікіріңіз қандай?

– Ағузу биллаһи минәш шайтанирражим. Бисмиллаһир рахманир рахиим. Алматыдағы оқиға Тәуелсіздігімізге сызат түсіргені анық. Отанымызды қорғау жолында шейіт болған бауырларымыз бен жазықсыз өлім құшқан отандастарымызды Алла рақымына алып, жандары жәннатта болғай. Артында қалған жоқтаушыларына Алла сабыр нәсіп еткей.

Кешегі оқиға – сабырсыздықтан, қанағатсыздықтан болып отырған жағдай. Сабыр мен қанағатты ұмытқан жайымыз бар. Сабыр қандай кезде сыналады? Басымызға іс түскен кезде. Мұсылман адам үйінде қандай жағдай болса да сабыр қылар болса, сауабын алады. Жақсылық болса да, жамандық болса да сабыр қылар болса, сауабын алады. Алла тағала Құран кәрімде «Шүбәсіз Алла сабырлылармен бірге» дейді. Сабырды сауап ретінде келтіріп отыр. Қазақта «Сабыр түбі – сары алтын» деген жақсы сөз бар.

Қанағатты да ұмыттық. Онымызға күнделікті өмірден «Арзандапты», «Бәрекелді, ол өзінің құнында тұр» екен деген сияқты нәрсені еститінімізді атап өтуге болады. Қай жерде де еститініміз осы әңгіме. Кешегі дүрбелеңге де сол бір қанағаттың болмауы себеп болды. Қызметкерлерге Алла разы болсын. Сырттан келген террористердің арам пиғылды ойын жүзеге асырмауға тырысып, барынша тосқауыл қойды. Осы жолда қаза болған бауырларымыздың жаны жәннатта болғай. «Қанағат қарын тойдырар, қанағатсыз жалғыз атын сойдырар». Қандай қымбатшылық заман болса да, шүкір етуіміз керек.

– Жат ағым өкілдері деп жатырмыз. Халқымыздың басым көпшілігі қара сақалды мен қысқа балақтыны көрсе, «Теріс ағымда» деп үркетіні бар. Бірақ сақал қою – сүннет. Осы тұста біз жат ағым өкілдерін қалай ажырата аламыз? Олардың сипаты қандай? Біздің радикалды топтармен күресуге қауқарымыз жете ме?

– Діни радикалды көзқарастағы топтарды қалай ажыратамыз? Оларды ажырату үшін, ең бірінші, адам баласы діни сауатты болуы керек. Дін тұрғысында қарастырар болсақ, өзіміздің ұстанымымыз бойынша Азияда рұқсат етілгені ағым – ӘбуХанифа мәзһабы. Осы мәзһабтағы «Әбу-Ханифа қайдан шыққан?», «Ол пайғамбарымызбен қалай ұштасады?» деген сынды сауалдарға жауап іздей білуіміз керек.

Көбіне мәзһабтан ұтыламыз. Неліктен? Ізденбегеннен, діни сауатсыздықтан. Араб тілінде «Селсалә» деген ұғым бар. Мағынасы: «Ұстаздардың пайғамбарымызға жетуі». Оны ғалымдардың көпшілігі Әбу Ханифадан басталады деп топшылайды. Осы тұста біз білуіміз керек, Ханафи мәзхабының құрушысы – Әбу-Ханифа емес, пайғамбарымыз саллалаһу әлейһи уа-ссалам. Оның сара жолымен сахабалар да жүрген. Одан кейін Әбу-Ханифа жалғастырды. Мектептің өзінде біз ақида, сенім мәселесінде мәтуруди-әшғариді ұстанамыз.

Білеміз, қазіргі таңда түрлі ағым бар. Салдарынан түсініспеушілік болатыны да анық. Мәселен, кейбір жастарымыз өздерін «ханафимыз» дегенімен, ақидасын білмей, сенім тұрғысында қателікке ұрынып жатады. «Алла аспанда» деген Аллаға серік қосу секілді қателікке бой алдырып жатады. Фиқһ тұрғысында да қателікке ұрынатындары бар. Мысалы, ол сапар намаз, тәкбир алу және басқа да фикһ тұрғысында білінеді. Осындай қателікке ұрынуы салдарынан жастарымыз радикалды топтарға қосылады. Олардың көзқарасы айқын әрі ашық. Мысалға алар болсақ, ат қою, бесікке бөлеу, әйел адамның сәлем беруі деген мәселелерде оны «бидғат» деп, жоққа шығарады.

Қазіргі таңда адами негізгі құндылықты таптап, мемлекетке, қоғамға, жанұяға қауіп төндіріп отырған, адам денсаулығына түзетілмейтіндей зиян келтіретін теріс пиғылды діни ағымдардың қызметі алаңдатушылық туындатуда. Деструктивті діни ағымдар өз жақтаушыларын пайдалана отырып, үстемдігін күшейту үшін діни, саяси, психологиялық, денсаулық сақтау, ағартушылық, ғылыми-танымдық, мәдени және басқа да іс-шаралар арқылы өздерінің ниетін жасырын насихаттап, ұйымдар және топтар, уағызшылар солардың жетегінде кетіп, түрлі сипаттағы ақпаратты жеткізеді. Дін атын жамылған ағымдар өздеріне жаңа мүшелер тартып, олардан түскен ақпаратты бақылауда ұстайды. Сондай-ақ бейнежазба және өзге де жарнама тәсілдерімен жеке тұлғаны бағындыру арқылы психологиялық қысым көрсетіп, қорқытып, ұйым мүшелерін ұстап қалудың өзге де жолдарына сүйенеді. Осылай олар адамның тұрмыс қалпын және ақпаратты еркін таңдау құқығын бұзып, шектейді.

Бүгінгі таңда қоғамда ұлттың өркениеті мен мәдениетін теріске шығарушы дін атын жамылған көптеген ағым пайда болғаны белгілі. Сонымен еліміздегі дәстүрлі діни бірлестіктер ұстанымдарының үшеуімен бірге, шетелдік миссионерлердің белсенді қызметі арқасында жанасқан және т.б. ағымдар қызмет істеуде. Сонымен қатар жат ағымдардан сақтану мақсатымен ақпараттық-түсіндірмелі жұмыс тобы құрылып, бейнежазбалар, жарнамалар, мақалалар ұсынылып отырады. Ауданымызда алты мешіт бар, оларда алты имам қызмет етеді. Казталов, Жалпақтал ауылдарында қызметте жүрген имамдарымыз діни сауаты, білімі, тәжірибесі жағынан жоғары дәрежеде. Ал Қараоба, Қарасу, Жаңажол, Талдықұдық ауылдарындағы имамдардың білімі төмен. Себебі олар діни білімді медреседен емес, арнайы курстардан алған. Ауданымызда жат ағым өкілдерімен күрес біріздендіріліп, кешенді жоспар әзірленді. Қазіргі уақытта «Ақниет» діни қоғамдық бірлестігі тарапынан түсіндіру және өзге де біркелкі жұмыс жүргізілуде.

– Сөзіңізге мән берсек, жат ағым өкілдерінің сипатында олардың салт-дәстүрді жоққа шығаратынын байқаймыз. Жалпы, дін мен дәстүр сабақтастығын қалай түсіндіре аламыз? Теолог кеңесімен сұхбатты түйіндесек.

– Қазақ халқының мәдениетін, салт-дәстүрін және исламды, дін мен дәстүрді сабақтастыратын болсақ, олар – ажырамас ұғым. Қазақ ислам дінін өз халқының діні ретінде ұстанғанына 1000 жылдан аса уақыт өтті. Дәлірек айтқанда, VIII ғасырдан бастап алғанымен, X ғасырдың екінші жартысында арғы қазақ тайпалары тарихи таңдау жасап, ислам дінін қабылдады. Осы кезеңнен бастап қазақ жері ислам өркениеті таралған аймаққа айналды. Сүннеттік бағыттағы мұсылман діні қазақ халқының рухани байлығының ажырамас бір бөлігі болды. Негізінде қазақ халқының мәдениеті мен тарихындағы ислам дінінің рөлін екі аспектіге қарастыруға болады. Біріншісі, құлдырап бара жатқан нанымдардың орнына келген ислам діні адамдардың адамгершілік тұрғыдан биіктеуі және мәдениеттің ілгерілеуіне ықпал жасады. Әсіресе, бұл дін ұлттық сипаттағы ең үздік қаиеттердің қалыптасуына оң әсер етті. Екіншіден, ислам дінінен нәр алған халық тарих беттерінде өзіндік орнын жоғалтпау үшін мәдени күреске ұмтылды. Өйткені бұл кезеңде қазақ жұртына қиыр шығыстық және христиандық дәстүрлер пәрмені ықпалын тигізіп, қысымға алып отыратын. Ал ислам діні осыларға қарсы қойылатын «сауыт» қызметін атқарды. Қазақ даласында «Құран», «пайғамбар», «шариғат», «ислам» сөздері үнемі айтылып жүрді. Араб, парсы классикалық шығармаларында қазақ ұлты мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналды. Дін мен дәстүрді біз білуіміз керек. Мысалы, ол тері мен ет сияқты бөлінбейді. Дін бүкіл әлемге, бүкіл жаратылысқа түскен. Алла тағала Құран кәрімде «Діннің ең соңғысы – ислам. Расында, Алланың тарапында сүйіншіленген дін – ислам» деп келтірген.

Дәстүрге келер болсақ, әрбір мемлекеттің, халықтың өзіне тән дәстүрі бар. Мысалы, дәстүр жоралғысына келсек, радикалдар оны мойындамайды. Келіннің сәлем салуын, азан шақырып ат қоюды, ата-ананы сүюді дұрыс санамайды. Өзбектер, түріктер өздерінің діни салтына сай өмір сүреді. Біз әкеміз бен анамыздың қолынан сүйсек, олар маңдайынан сүйеді. Жалпы айтар болсақ, дін мен дәстүр бір-бірінен ешқашан ажырамайды.

Біз ең алдымен діни сауатты болуымыз керек. Сонымен қатар имамдар, теолог мамандардың жұмысына халық та қолдау көрсетіп, түсіністік танытуы қажет. Біз қандай мақсатта қызмет етіп жүргенімізді «Қасіретті қаңтар» айқындап берді. Дін мен дәстүрді сабақтастыра отырып, балаға діни сауат пен салт-дәстүрді үйрете біліп, бойына сіңіруіміз керек. Сонда ғана кешегіндей оқиға орын алмайды деп сенемін. Себебі біз діни сауатты, дәстүрге берік болсақ, жауға алынбас қамалдаймыз. Сондықтан барша аудан тұрғынына ұрпақ тәрбиесіне ден қойып, діни сауатты арттырыңыздар дегім келеді.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале