12.08.2021, 11:46
Оқылды: 1048

Директор Қайыровтың қайырлы ісі

Сырым аудандық білім беру бөлімінен алған ақпаратқа сүйенсек, аудан бойынша барлығы 22 мектеп бар. Оның 18-і шағын жинақталған, 4-еуі толық жинақталған мектеп болып саналады. Бала саны 180-ге жетпеген мектептер шағын жинақты мектептерге жатады.

IMG-20210810-WA0066

Шынын айту керек, кейбір білім беру мекемелеріміздегі оқушы сандары мемлекеттік нормативке жетпей отыр.  Мәселен, Жырақұдық және Талдыбұлақ орта мектептерінде бала саны тиісті мөлшерден аз. Бұл мектептердің негізгі мәселесі – негізгі мектепке айналып қалмау. Әрине, мектепке тек білім беру ұйымы деп қарай алмаймыз. Ауыл үшін мектеп – алтын қазық, өркениет пен тіршіліктің тамыры. Сондықтан мектепті сақтау – ауылды сақтау болып отыр. Сарай ауылдық округі, Көздіғара ауылындағы негізгі мектептің директоры Жақсыгелді Қайыровтың қайырлы ісін туған ауылын сақтау үшін жасаған жанкештілігі дер едік.

– Көздіғара негізгі мектебі жабылады дегенге де 20 жыл болды. Бірақ педагогтардың, тұрғындардың ауыл мектебін сақтап қалу жолындағы ымыралы жұмысының арқасында Көздіғарадағы білім ошағының дәлізінде әлі қоңырау үні естіліп тұр. Бұл жерде Гүлмира Жолайқызының да жанкешті еңбегін айтпай кетуге болмайды. Халық мектептің ауылдың жүрегі екенін түсініп отыр. Мектеп болмаса ауыл болмайды. Оны еріксіз мойындаймыз. Туған жерін, ауылын қанша жерден қимаса да баласын оқыту үшін халық көшуге мәжбүр болады. Ол да шындық! – деп бастады әңгімесін ауыл мектебінің директоры.

– Көздіғара негізгі мектебінде 33 қызметкер бар, оның 19-ы педагог. 42 оқушы бар. Шағын орталықта 12 бүлдіршін тәрбиеленуде.

IMG-20210810-WA0050

Жергілікті мұғалімдерден бөлек, жас педагогтар да қызмет қылу үшін Көздіғара мектебін іздеп келеді. Өйткені олар берекелі ауылдың, ұйыған ұжымның арқасында еңбек жолын сәтті бастайтындарына сенеді. Көздіғара мектебінде қызмет еткен педагогтар тәжірибе жинап, санатын жоғарылатып, өз саласында білгір маманға, білікті кадрға айналуда. Біздің мектеп – үлкен мектептерге маман дайындап беруші ұстахана іспеттес, – дейді Қайыров мырза.

Осы жерде заңды сұрақ туады. Келген маман неге кетеді? Бұл сұраққа ең әуелі билік басындағылар ойлануы тиіс. Себебі педагогтар үшін Көздіғарада баспана мәселесі шешілмеген. Мұғалімдер пәтер жалдап тұрып жатыр. Білім беру бөлімі бір жылы «Жабамыз!», бір жылы «Жаппаймыз!» - дегесін, олар «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша үй алуға да тәуекел ете алмай отыр. Мектеп жабылып қалса, не істейді. Ал, қызметтік үй болса, қатып кетер еді.

Осыдан бір-екі жыл бұрын дәл осы мәселе – яғни, елді мекендегі мектептердің мұғалімдеріне коммуналдық үй беру туралы «Мұғалімдер білімнің отын жаға ма, біреудің отын жаға ма?» деген мақала жаздық. Оған елең еткен ешкім болмады. Педагогтар мектепке екі түрлі пайда әкеледі. Біріншісі – ұрпаққа білім береді. Екіншісі – балаларын ауылға оқытып, оқушы санын сақтайды. Сәйкесінше, олар кетсе мектеп кадрсыз әрі оқушысыз қалады.

IMG-20210810-WA0049

Көздіғара негізгі мектебінің директоры Жақсыгелді Қайыров педагогтардың баспана мәселесін шешуге өзі кірісіпті:

– Мамандардан айырылғымыз келмейді. Сондықтан оларға қызметтік жатақхана немесе үй беру жөнінде әкімдікке бірнеше мәрте хат жолданды, есеп беру жиналыстарында айтылды. Бірақ ұсынысымыз жүзеге аспай тұр.

Амал жоқ, өзімізге қимылдауға тура келді. Мен Көздіғара негізгі мектебіне Көгеріс негізгі мектебінен 2019 жылы ауысып келдім. Көздіғара – менің туып-өскен, білім алған әрі педагог болып алғаш еңбек жолын бастаған ауылым.

Мектепке кадр мен оқушы іздеу үшін оларға тиімді ұсынысымыз болуы тиіс. Жанұялар да үй-жайы, жұмысы дайын жерге келуге тырысады.

Ауылдан, мектептің маңынан 2 үйді өз қаражатыма сатып алдым. Жөндеу жұмыстарын жасадым. Қыста Көздіғараға Алматы облысынан көпбалалы жанұя көшіп келді. Уақытша баспанаға орналасты. Ауылдың азаматтары жаңа қоныс иелерін қамқорлыққа алып, қаржылай, азық-түліктей жәрдем жасап, шаруашылық заттарын түгендеп, азаматтық танытты. Аудандық мәслихат депутаты Ернар Байдашев та бір кісідей көмек көрсетті.

Бұл үйдің төрт баласы мектеп жасында, біреуі – шағын орталыққа барады. Аналары тұрақты жұмысқа алынды.  Сатып алып, жөнделген үйдің біреуін осы отбасына бердім. Қазір тұрып жатыр.

Екінші үйді мектеп педагогтарына дайындап отырмын. Жаңа оқу жылында келген жас мамандар болса, оларға да баспана жайын алаңдамауға болады. Үй дайын! – дейді Көздіғара негізгі мектебінің директоры.

– Әр ауыл қал-қадерінше амал жасап жатырмын. Мен Көгерісті үнемі үлгі қыламын. Қалада тұратын көгерістіктер мектепте бала саны азайды дегенді естігесін, ауылға көшіп келіп, балаларын ауыл мектебіне берді. Отағасылары мал ұстап, шаруашылығын ширатып жатыр. Осылай жасаған 4 – 5 жанұяны білемін. Бұл іс басқа ауылдардың азаматтарының да қолынан келеді деп ойлаймын.

Көп жағдайда жанұяларды шаруашылықтар көшіріп әкеледі. Еңбектерін жемей, жалақыларын уақтылы берсе, олар да тұрақтап қалар еді. Бүгінгі заманда ауылдан ешкім қашып отырған жоқ, – деп ойын айтты Жақсыгелді мырза.

 

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале