28.02.2024, 23:00
Оқылды: 116

Дөң басына шыққан ақын

Теректі ауданы, Ақсоғым ауылдық округіне қарасты Еңбек негізгі орта мектебінде «Парасат» және «Ерен еңбегі үшін», сонымен қатар Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ұстаз, ақын, журналист Дариға Мұштановамен кездесу өтті. Ақынның 70 жылдық мерейтойы қарсаңында өткен шара «Даланың дарынды Дариғасы» атауымен өрбіді.

image-28-02-24-09-48-7

Теректі аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының қолдауымен, аудандық балалар шығармашылық үйінің ұйымдастырумен өткен кездесуге Дариға Ғазезқызынан бөлек ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Парасат» орденінің иегері, Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театры актрисасы Нұргүл Жұбатова және «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері, әнші-композитор Күләш Қуанышқалиева арнайы қатысты. Ақынды құрметпен қарсылап, оқушылар Дариға Мұштанованың өлеңдерін оқып берді. Ақжайық ЖОББМ-нің оқушысы Ділназ Исмағұл домбыраны күмбірлетіп, әсем ән былтыр ғана ашылған білім ордасының ішін ғажап күйге бөледі.

image-28-02-24-09-48-6

Кездесу сұрақ-жауап форматында өтті. Шараға жас ұстаздар қауымы көзайым болды. Тізгін алған аудандық балалар шығармашылық үйінің қосымша білім беру педагогі Үміткер Орынғалиев құрметті қонаққа ұстаздық жолы турасында сауалдар қойып, Дариға Ғазезқызы «өз баласындай» болған «Үміт» лингвистикалық гимназиясының қалыптасу кезеңдерін үлкен толқыныспен еске алды. Ұлағатты ұстаздың бақыты өмірден өз орнын тапқан шәкірт емес пе? Дариға Мұштанованың да мақтанатын һәм марқаятын шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде, қала берді шет мемлекеттерде жемісті еңбек етуде. Кездесу аясында сонау АҚШ-тан видеоқұттықтау жолдаған Қайрат Сапаров осы сөзімізге дәлел болды.

Ақжайық ЖОББМ-нің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері  Райхан Нәжмиденова, Майра Қуанышкереева, Федоров №1 ЖОББМ-нің жас ұстазы Мирас Ислямов, Ақжайық ЖОББМ-нің бастауыш сынып мұғалімі Алмагүл Төлеуова, Абай атындағы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Қарлығаш Құрманбаева, Федоров қазақ мектебінің машықкері Ринат Қайыржанов, Еңбек НОМ-нің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гүлдария Ажуова ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып, қошеметке бөленді. Көптеген халықаралық, республикалық ән байқауларының жеңімпазы, өңірімізге танымал өнерпаз Асыланбек Шайхин ақынның сөзіне жазылған Баян Қабиеваның әні «Көктерегімді» құйқылжытты.

Теректі ауданына келген құрметті қонақтар да кеш иесіне өз тартуын жасады. Актриса Нұргүл Өтемісқызы сазгерлік қырын паш етіп, Дариға Мұштанованың сөзіне жазылған әнін орындап берді. Әнші-композитор Күләш Қуанышқалиева әннен шашу шашып қана қоймай, сол әндердің шығу тарихына да тоқталып өтті.

image-28-02-24-09-48-12

Залға жиналған жас ұстаздар кеш кейіпкеріне көкейде жүрген сауалдарын жолдап, ақын Ақжайық, Ақсоғым, Шағатай, Абай ауылдарындағы білім ордаларына өз қолтаңбасымен «Аңыз болған абысындар» кітабын сыйға тартты.

Теректі ауданы әкімінің орынбасары Қалаубек Теміров ақынға аудан басшысы Әлия Биғазықызының сәлемін жеткізіп, иығына камзол жауып, құрмет көрсетті. Теректі аудандық мәслихатының төрағасы Әлжан Нұрғалиев Дариға Ғазезқызы ақын яки ұстаз ғана еместігін баса айтып, оның аудандық мәслихаттың депутаты болғандығын сөз етіп, сол кезеңде атқарған біраз жұмыстарын жіпке тізді. Мәслихат төрағасы ақынның шығармашылығынан да хабардар екендігін көрсетіп, бір өлеңін оқып берді.

image-28-02-24-09-48-8

Шараға арнайы келген облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Мәулет Жұбатов ақынның үлкен кеші наурыз айында «Атамекен» өнер ордасында өтетіндігін хабарлады.

БҚО оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағының бас маманы Марина Темірғалиева сөз алып, Дариға Мұштановаға «Кәсіподақ ардагері» төсбелгісін табыстады. Сонымен қатар, ақынға шипажайға жолдама сыйлады.

Ақсоғым ауылдық округі әкімі Муфтах Ғұмарұлы және Теректі аудандық білім қызметкерлерінің ардагерлер кеңесі төрайымы Гүлайым Асқарова да кеш иесіне құттықтау хат ұсынып, ізгі лебіздерін білдірді.

image-28-02-24-09-48-20

Ақын, ұстаз, қоғам қайраткері Дариға Мұштанова сөз алып, ұйымдастырушыларға өз алғысын білдірді.

- Теректі деген мен үшін өте ыстық мекен. Осы ауданда азды-көпті қызмет қылдым. Жаңа жинағым шықса осы Теректіде тұсаукесерін жасауға асығып тұрам. Ауданның халқы да маған құшағын айқара ашады. Енді талай асудан өтіп, дөң басына шықтым. Жетпіс деген жасты мен осылайша суреттеймін. Бүгінгі шараны ұйымдастырған барша теректіліктерге, аудан басшылығына, Өркен Бижанов бастаған Ақсоғымдағы су жаңа мектептің ұжымына алғыстан басқа айтарым жоқ,-деген Дариға Ғазезқызы сиясы кеппеген өлеңін оқып, кездесудің әдемі нүктесін қойды.

image-28-02-24-09-48-26

image-28-02-24-09-48-21

image-28-02-24-09-48-9

Әділет Орынбасарұлы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале