15.05.2023, 9:59
Оқылды: 49

Егіндік басы қарбалас

Далалық жұмыстарды сәуір айының аяғына таман  бастаған теректілік дихандар 75050 га жоспарланған ылғал жабуды межеден асыра, 76 471 га алқапты өңдеп аяқтады. Өткен күзде 17 000 гектарға түскен дәннің шығымы көз қуантады. Қазір дихандар жазғы дақылдарды себу қамына кірісті.

IMG-20230515-WA0001

Биыл жоспар бойынша Теректі ауданында 33100 гектарға жаздық дәнді дақыл салынады.  Соның 19 200  гектары – жаздық бидай. 11 000 га арпа, 700 га – сұлы, 2000 га жерге құмай тұқымы   себіледі. 40 000   га жерге майлы дақылдар,  оның ішінде 8000 га - күнбағыс, 32000 га   мақсары салу жоспарланған.  6000 га жерге мал азығына қажет шөп түрлері себіліп, 430 га жерге картофель, 510 га көкөністер салу көзделген.

«Көктемнің бір күні жылға азық» деген. Қолайлы күндерді тиімді пайдаланған  шаруашылықтар күні бүгін жаздық дақылдар салуды 87,4 %  орындап тастапты.  Майлы дақылдарға жоспарланған алқаптың 12104  гектарына тұқым түскен.

Биылғы көктем ерте келгенімен, қайта-қайта жаңбырлатып, салқын болып тұр.Сондықтан,  картоп-көкөніс салу әлі баяу жүруде.

-Далалық жұмыстар қызып тұр. Литрі 211 теңгеден 1910 тонна арзандатылған жанар-жағар май бөлінді көктемгі егістік салуға. Бұл жұмыстарды атқаратын тракторларға қажетті  дизель жанар майының нарықтық құны 300 теңгеге жеткенін есепке алсақ, бұл шаруаларға үкімет тарапынан көрсетілген үлкен көмек екені сөзсіз,- дейді Теректі ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің  басшысы Мейірбек Сұлтанов.

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале