18.04.2018, 11:54
Оқылды: 48

«Экологиялық мәдениетті қалыптастыруымыз керек»

IMG_7677Жалпақтал ауылының тұрғындары мекеме кәсіпорын қызметкерлерінің қатысуымен жиналыс өтті.

Ауыл тазалығын сақтау мен жеке тұрғындардың мал бағымын ұйымдастыру мәселелері жөнінде Жалпақтал ауылдық округінің әкімі Самиғолла Ақмурзин хабарлама жасады.

-Ауыл келбеті тек сәнді үйлермен, сәулетті ғимараттармен, жасыл желекпен ғана өлшенбейді. Жыл сайын көркейіп келе жатқан ауылдың ажары тазалыққа байланысты.Ауыл тазалығы отбасынан басталады. Десек те бізде әлі күнге тазалық, экологиялық мәдениет орнықпай келеді. Шынын айту керек, егілген көшеттерді жұлып, қоқысты кез келген жерге тастай беретін адамдар арамызда жетерлік. Бұл адамдардың мәдениетінің төмендігін көрсетеді. Ауылдың тазалығы басқаға емес, бірінші кезекте өзіміз үшін керек. Қоғамдық орындарда шылым шегіп, шемекі шаққан адамдарға айыппұл салынса, кез келген жерге қоқыс тастайтын адамдарға да неге айыппұл салмасқа деген ой келеді. Қазіргі таңда әр үйдің маңынан шыққан қоқыс көше бойына дейін артылып жығылады. Аулалардың бәрі таза, мін жоқ деп те айта алмаймыз. Осындайда, аула есіктерін тарс жауып, тек қана үй тазалығын ойластыратындардың әрекетіне таң қаласың. Адамдардың немқұрайлығына лажсыз ренжисің. Тазалық жоқ жерде берекенің болмайтыны да анық. Қанша жерден сенбілік өткізіп, қоршаған ортаны, айналаны ретке келтіріп жатсақ та, кейбір елге жаны ашымайтын, санасы таяз жандардың кесірінен кез келген жерде күл-қоқыстар қайтадан пайда болып, лезде тазалаған жерлер ластанып жататындығы өкінішті. Ал, енді «бұған кім кінәлі?» деген сауалға жауап іздесек, өзіміздің айналамызда жүрген адамдар, жасөспірімдер, әсіресе ересектер болып шығады. Үлкендер жағы өсіп келе жатқан балаға ақыл айтамыз да, өздеріміз керісінше жасаймыз. Аула түгіл, кейбіреулер тұтынған тағам қалдықтарын «пакетке» салып кез келген жерге тастай сала жүре беруді әдетке айналдырған. Айналасын бүлдіріп жүргендер жасаған әрекеттерін ұят санамайды.. Жәй айтқанды түсінгісі келмейтін жерлестерімізді тәртіпке шақырып, айналаны ластағандарға, тазалық сақтамағандарға айыппұл салып, берекетсіздікті азайтуымыз қажет деп ойлаймын. Қазіргі таңда әрбір тұрғын үшін жайлы да таза орта өте қажет. Ел игілігі үшін атқарылған ізгі істерге біздің халқымыздың қайтарымы ретінде ауылымыздың ажарын, ауылдың келбетін тазалықпен көрсетсек, нұр үстіне нұр болар еді?! — дейді округ әкімі Самиғолла Ақмурзин.

Жалпақтал полиция бөлімінің, учаскелік полиция инспекторы Балауса Қаженова кешкі мезгілде бос жүрген мал қамалып, мал иесіне тәртіптік шара алынатынын ескертті.

Халық алдында сөз алған аудан басшысы Абат Абайұлы барша ауыл тұрғындарын ел тазалығын сақтауға, қоршаған ортаны қорғауға шақырды. Жиналыста ауыл тұрғындары сөз сөйлеп, ауыл тазалығы жөнінде, ауылды абаттандыру, тұрмыстық қалдықтарды арнайы орындарға төгу мәселелері бойынша өзіндік ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИ,

Жалпақтал ауылы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале