21.06.2022, 16:39
Оқылды: 92

«Ел үшін қызмет, бұл - біздің өз таңдауымыз»

Биыл ҚР полициясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Қоғамдағы қауіпсіздік қашан да маңызды. Себебі тұрғындардың қауіпсіз тіршілігі мен елдің гүлденуі аталған салаға байланысты. Сондықтан газетіміздің осы санында Бөрлі ауданы полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Уртаев Бекбол Сағидоллаұлымен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

полиц

- Полковник мырза, мерекеңізбен! Алдымен өзіңізді таныстырып өтсеңіз. Бұйрық талқыланбайтын, нақты орындалатын саладағы тәжірибеңіз қанша жылға таяды?

- 27 жыл. 1995 жылы еңбек жолымды Ақжайық ауданында қылмыстық іздестіру бөлімшесінің жедел уәкілі лауазымынан бастадым. Кейін  Казталов, Тасқала аудандарында бөлім басшысының орынбасары, одан әрі осы аталған үш ауданда бөлім басшысы болып қызмет атқардым. Аудандармен жұмыстан соң облыста миграциялық бөлімнің басшысы, криминалды бөлім осылайша жалғаса береді.

-Бөрлі аудандық ПБ -ның басшылық қызметіне де келгеніңізге 5-6 айдың жүзі болды. Қазіргі ахуал қалай ауданда? Соңғы әзірде «Ақсайда...» деп басталатын суыт хабарларды жиі естіп қалып жүрміз...

-Иә, ол жасырын емес. Әрине, Бөрлі ауданы басқа аудандармен салыстырғанда обылыс орталығынан кейін екінші орында тұрады. Неге десек, бұл аудан көлемі жағынан да, халықтың шоғырлануы жағынан да үлкен. Оның үстіне қала статусындағы аудан. 56 мыңдай халқы бар десек, есепке алынбай келіп кетіп жатқаны, жұмыс орындарының да көптігінен сырттан келіп, жұмысқа орналасып жатқандары қаншама? Сондықтан да басқа аудандармен салыстырғанда Бөрлі ауданында, әрине, жүктеме ауырлау. Дегенмен былтырғы жылмен салыстырғанда ауданда қылмыстың тіркелуі 5 айдың қортындысында 1,7 пайызға төмен. Оның ішінде орташа мен онша ауыр емес қылмыстар, құқық бұзушылық  21,6 пайызға төмендесе, жалпы қылмыс 10,8 пайызға азайды.

     -Жасалған қылмыстардың ашылу деңгейі қандай?

-Қандай да бір ұжымның алдына қойған өздеріне тиесілі міндет-мақсаттары болады. Полиция қай кезде де халықпен, елмен, көпшілікпен бірлесіп жұмыс істейді. Өмір болған соң оның әр сәтінің бірқалыпты болуы мүмкін емес. Еліміздің әрбір заңының аясындағы келеңсіздікпен, тәртіп бұзушылықпен, қандай да бір болмасын ірілі-уақты қылмыстық әрекеттермен полиция тікелей жұмыс жүргізеді. Оның ашылуына ғана күрес жасамай, оны болдырмаудың алуан жолдарымен алдын ала күрес жүргізеді. Қылмыстардың ашылуы, оның ішінде орташа қылмыстың ашылуы былтырғымен салыстырмалы түрде 11,6 пайызға, онша ауыр емес қылмыстың ашылуы 5,5 пайызға көтерілді. Ал ауыр қылмысты ашуда қаншалықты жұмыс жасалып жатса,  тіркелуі де соншалықты көбеюде. Аса ауыр қылмысқа интернет алаяқтығы басымдық беріп тұр. Соның әсерінен аса ауыр қылмыстар көбейген.

-Алаяқтық аса ауыр қылмыс дедіңіз. Бұл қазір ең кең таралған қылмыстың түрі болып тұр ғой. Осы интернет алаяқтарға тосқауыл болып, ашылған тұстары болды ма?

-Ауданда алаяқтық қылмыс көп ретте  интернет желісі арқылы тұрмыстық затқа, машинаның құрал-сайманына тапсырыс беріп алдауын айтпағанда, "азаматтарды жұмысқа орналастырып беремін", "пәтер алуға көмектесемін" деп алаяқтық жолмен ақшаларын алып қою деректері көптеп кездеседі. Келтірілген шығын көлемі 1 млн.нан жоғары болса бұл аса ауыр қылмыс болып саналады. Адам сенбеуі мүмкін, бірақ 9 млн-ға дейін алаяқтың құрығына түсіп отырған азаматтар бар. Дегенмен полицияның жедел жұмысының арқасында өткен жылы қылмыстық ашылу деңгейі 4,8 пайыз болса, жыл басынан бері 26,1 пайызға көтерілді.

-Сізді алаңдататын мәселе не?

-Осы алаяқтық. Неге десеңіз, шығынға батып, азаматтардың шырғалаңға түсуі адамды алаңдатпай қоймайды. Қаншама ақпаратты жан-жақтан бейнеролик түрінде де беріп, айтып, түсіндіріп жатырмыз. Банктер де қаншама ақпараттандыруда. Соның өзінде адамдар алданып жатыр. Тағы бір алаңдататын мәселе - жасөспірімдер қылмысы. Басқаны айтпағанда қазір жаз мезгілінде велосипедтердің ұрлануы жиі. Әрине бір балада бар, бір балада жоқ болуы мүмкін. Сондықтан кейде қызығып алып кетіп жатады. Ал ол дегенің іздестіріліп, жауапқа алынып, хаттама толтырылады деген сөз. Сол бір болмашы қызығушылықтан туған әрекет алдағы өміріне үлкен тосқауыл болады. Жасында жасаған қателігі ертеңгі күні алдынан шығады да тұрады, тіпті ол есейгенде де әдетке айналып кетуі ғажап емес. Сондықтан бала тәрбиелеп отырған әр ата-ана бала тәрбиесінде мұқият болса дейміз. Сонымен бірге тұрғындар мұқияттылықпен өз мүлкіне ие болса.

-Жасыратыны жоқ, кейде адамдар полицейлер туралы сын-ескертпелерді жаудырып, жұмыстарына көңілі толмайтындықтарын айтып жатады. Құқық қорғау саласында 30 жылға жуық тәжірибеңіз бар, тәжірибелі маман ретінде мұндай «бағалауға» не түрткі деп ойлайсыз?

-Кәсіптің жақсысы, жаманы болмайды. Полиция қызметкерінің жұмысын оңай деп айта алмаймын. Себебі полиция қызметкерінің басты ұстанымы – өз ар-ожданының алдында таза болу, қандай қиындықтар, кедергілер болса да шыдамдылық танытып, шыдау. Ал бұл – кез келгеннің қолынан келе бермейтін іс. Өмір деген қателесу мен қателігіңді түзеуден тұрады. Полиция қызметкерінің міндеті – заңның сақталуын қадағалау, қылмыстың алдын алу. Мысалы қоғамдық орында ішімдік ішіп отырған адамды көріп тұрып, қасынан жай өтіп кетпейді, барып түсіндіріп, тиісті шарасын жасайды. Сол сияқты жол ережесін бұзған жаяу жүргіншіге «Жолдың белгіленбеген жерінен өту өміріңізге қауіпті, сіз жол ережесін өрескел бұзып тұрсыз», – деп ескерту жасайды. Қарсылық танытатындар болады. Ережемен таныстырып, ол өзінің ғана емес, қасындағы баласының да өмірін қатерге тігіп тұрғандығын, бүгін анасымен бірге жолдың кез келген жерінен кесіп өткен бала ертең көшеге жалғыз шықса, анасының қателігін қайталары сөзсіз. Міне, осыны тәртіп сақшылары асықпай дәлелдермен түсіндіріп айтып жатады. Айта берсек көп, туралық кімге ұнаған... Жалпы қоғамдық тәртіпті сақтау тек полицияның міндеті емес, ол – осы елде тұратын әр азамат пен азаматшаның міндеті.

– Әңгімеңізге рахмет, мерекелеріңіз тағы да құтты болсын!

 Сәнім Меңдібай,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале