28.07.2021, 22:05
Оқылды: 74

Елге зиян тигізбеу де патриотизм

Осыдан үш жыл бұрын көпшілік игілігіне берілген Бәйтерек ауданы орталығындағы демалыс саябақтары қазіргі жағдайда абаттандыру жұмыстарын қажет етіп отыр. Тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналған саябаққа сән берген түрлі фигуралар мен жануарлардың мүсіндері осы күні ескіріп, кейбіреуі бұзақылардың кесірінен бұзылған.

IMG-20210728-WA0013

Қазіргі таңда Переметныйдағы «Ана мен бала», «Бейбітшілік және келісім», «Астана» саябақтары көпшіліктің сейіл құрып, кешкі уақытты балаларымен бірге өткізетін орны. Алайда олардың бүгінгі күйі тұрғындарды қынжылтуда.

Демалыс орындарына жауапты мекеме – аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Данияр Кушубаев та саябақтардың қазіргі күйіне алаңдаушылығын білдірді. Ол басқаратын бөлім теңгеріміндегі орындарда орналасқан елтаңба, демалыс орнының кіре берісіндегі әріптер сынып, монументтерге зақым келген. Данияр Кушубаев алдағы күндері барлық саябақтарда жөндеу жұмыстары қолға алынатынын айтады.

IMG-20210728-WA0014

- Демалыс нысандары коммуналдық шаруашылық бөлімінің жіті бақылауында. Қоғамдық орындарда өскен арамшөп шабылды. Дегенмен орындықтардың сынып, шамдардың бұзылуы тұрғындардың наразылығын тудыруда. Бәзбіреулер мүсіндерге мініп, фонтандарды бұзған. Сондай-ақ әдемі мүсіндер мен ерекше монументтер жөндеуді қажет етуде. Қазіргі таңда гүл құмыралары толығымен қалыпқа келтірілді. Алдағы уақытта орындықтар мен тас төсемелерді ауыстыру жоспарлануда. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң арнайы келісімшарт бойынша жасақталған техникалық паспорт дайындап, нысандарды Переметный ауылдық округі аппаратының теңгеріміне тапсырмақпыз, - деді аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Данияр Кушубаев.

Данияр Кушубаевтың айтуынша, ауыл саябақтарына екі бейнебақылау камерасы орнатылған. Алайда әдепсіздікке барған азаматтар жауапқа тартылмаған. Ауыл тазалығын қатаң бақылауда ұстайтын бөлім мамандары бұзақылық жасап, саябақ сәнін кетіргендерге айыппұл салуды да қолға алмақшы.

IMG-20210728-WA0015

Саябақтар ашылған кезде ел қуанып еді. Көп балақай сол орындарда асыр сап ойнап, ата-ана да кешкі уақытын тиімді өткізетін. Бірақ неге басқаларымыз ел игілігі үшін жасалған орындарды күтіп ұстауға атсалыспаймыз? Саябақ ішін сырттан келген біреулер емес, өзіміздің ауылдастарымыз бұзып жатқаны анық қой. Сондықтан ортақ саябақтарымызды бірлесе күтейік. Қазір аталған нысандарды волонтерлар қозғалысы мен «Жасыл ел» еңбек жасағының жастары тазалауда. Сонымен қатар жергілікті әкімшілік гүлзарлар жасақтап, ағаштар отырғызды. Ортақ игілікті аялай білу де өлкенің дамуына қосқан үлесіміз екенін естен шығармаған абзал.

Аружан Аманжол,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале