19.02.2023, 0:22
Оқылды: 84

Еңбек адамдарына жан-жақты қолдау керек

Теректі ауданына жұмыс сапарымен БҚО әкімі Нариман Төреғалиев келді. Өңір басшысын Теректі ауданы әкімі Тілек Габдушев қарсы алып, аудан аумағында атқарылып жатқан бірқатар жұмыстармен таныстырды.

B0D6B8C3-1EC3-462C-9C6F-9DC30B8A733F

Ең алдымен облыс әкімі Подстепное ауылындағы 13 көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылыс барысын көзбен көрді. Теректі ауданы соның ішінде, Подстепное ауылдық округінде халық санының өсуіне байланысты күн тәртібінен түспейтін мәселелердің бірі – халықты жаңа тұрғын үйлермен қамту. Сол себепті былтыр жазда бірінші қабатында тұрғын емес үй-жайлары бар 3 қабатты 7 көппәтерлі тұрғын үйдің және құрама-монолитті қаңқалы (сыртқы желілері жоқ) 4 қабатты 6 көппәтерлі тұрғын үйлер құрылысы басталды. Құрылыстың нормативтік мерзімі бойынша нысан 17 ай ішінде аяқталуы тиіс. Бұл жөнінде мердігер компания «Жаиксельстрой» ЖШС өкілдері хабарлады. Келісімшарттың жалпы соммасы (мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша) 4 млрд 950 млн теңгені құрайды. Өңір басшысы жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасына ерекше назар аудара отырып, құрылыс қарқынын арттыруды тапсырды.

C49173B3-8241-4029-BF94-0BFD25A29BC3

Одан кейін Нариман Төреғалиұлы Ақсуат ауылдық округіне қарасты Пойма ауылында салынып жатқан мектеп құрылысына барды. Ауыл тұрғындары үшін мектеп құрылысы – елеулі оқиға. Ауданға келген облыс басшылығы яки депутаттардан халық әрдайым жаңа мектеп сұрап келді. Себебі, Пойма ауылының оқушылары осы уақытқа дейін 1960 жылдары салынған ескі ғимаратты бейімдеп жабдықтаған мектепте оқып келген болатын. Қазіргі таңда 108 орындық мектеп құрылысы басталып кетті.  Құрылысқа жауапты мердігер – «КА-Строй ЛТД» ЖШС. Өткен жылы тамыз айында басталған әлеуметтік нысанның құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Мердігер компания өкілдері құрылысты биыл тамыз айында аяқтап, пайдалануға беруді жоспарлап отыр.

86CFC0C9-D810-417E-A62E-8BDF13B49C67

Теректі ауылдық округіне қарасты Жайық ауылындағы жаңа  медициналық пункт те халық игілігіне берілгені күні кеше еді. Ескі медициналық пункт авариялық жағдайда болуына байланысты тұрғындар тарапынан жаңа нысан салу бойынша ұсыныс көтеріліп келген болатын. Аталмыш нысанның құрылысы  2022 жылдың қазан айында басталған.  Ғимаратты ЖШС «Баталасу» медігер компаниясы салыпты. Құрылысқа 52 млн теңге көлемінде қаражат жұмсалған. Бүгінгі таңда Жайық медициналық пункті 422 адамға қызмет көрсетеді.

90213FCF-8AE2-4ACF-A5B2-0C1A7F30B566
- Ғимараттың іші-сырты көз тартады. Бұл - халық үшін, ауыл тұрғындары үшін аса керек нысан. Алайда, медициналық пункте тек бір ғана медбике жұмыс жасайды. 400-ден астам адамға жалғыз медбикенің қызмет етуі қаншалықты ақылға қонымды? Осы мәселені әртүрлі деңгейде көтеруіміз керек. Кадр мәселесі өзекті екендігін түсінемін. Алайда, бір медбикенің тұтастай бір ауылға қызмет көрсетуі оңай дүние емес, - деді өңір басшысы Нариман Төреғалиев.

4BCDB12C-E525-4338-B3D5-3B6C9A6A367F

Батыс Қазақстан облысының ауданға жұмыс сапары Теректі ауылындағы мәдениет үйінде жалғасты. Онда облыс әкімі теректіліктермен жүздесіп, аудан әкімінің атқарылған жұмыстар бойынша есебін тыңдады. Мәдениет үйі фойесінде мемлекеттік грант көмегімен өз жобаларын жүзеге асырған кәсіпкерлер өңір басшысымен тілдесіп, инвестициялық жобалар таныстырылды.

6F0B646C-654D-4BFB-AFE6-AC89D2C0CFBB

Өз сөзінде Теректі ауданы әкімі Тілек Александрұлы ауданның алға қойған мақсаттарымен қатар, өзекті мәселелерді де тілге тиек қылды.

- Теректі - даму әлеуеті жоғары, аумағынан халықаралық және республикалық маңызы бар автокөлік және темір жолдар өтетін, бірнеше ірі кәсіпорындар орналасқан, туристік өлкетануды өркендетуге, бизнесті дамытуға қолайлы аудан. Ауданымызда мемлекеттік бағдарламалардың барлығы дерлік жүзеге асуда. Мысалы, биыл бастау алған «Ауыл аманаты» пилоттық жобасына ауданнан 5 ауылдық округ (14 елді мекен) іріктелді, онда 10 068 адам тұрады. Мемлекеттен берілетін қайтарымсыз грантты да ұтымды пайдалану арқылы сүтті мал басын көбейтудеміз. Былтыр 192 грантпен жұмыссыздар және осал топ санатындағы отбасылар қамтылған болатын, биыл да сол бағытта бөлінген 61 грантпен жастарға арналған 20 несие арқылы жұмысты жалғастыратын боламыз. Сонымен қатар пайдаланылмай жатырған ауыл шаруашылық жерлерге түгендеу тұрақты жүргізіліп, 12 округтің 21 елді мекеніне 27,5 мың гектар қайтарылса, биыл тағы 12 округтегі 37,9 мың га жерді жайылымға беруді жоспарлаудамыз, - деді Тілек Александрұлы.

52C4022D-E265-4FBB-90AB-AB482A247FDF

Аудан әкімі тұрғындарды баспанамен қамту күн тәртібінен түспейтінін мәлімдеді. Расымен, баспанамен қамту - тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін мәселелердің бірі. Аудан бойынша тұрғын үй кезегінде 1278, тұрғын үй салу үшін жер учаскесіне – 14 997 адам тұр. Өткен жылы Тоқпай ауылы маңынан 120 пәтер «Отбасы банк» салымшыларына табысталған еді. Биылғы жылы тағы да осындай 120 пәтер тапсыру жоспарда бар. Сонымен қатар Жаңа Өмір ауылынан 24 пәтер иелеріне табысталмақ.

- Егістіктерді суару үшін судың тапшылығы - өзекті тұрған мәселе. Инвесторлар бар, жақсы инвестициялық жобалар бар, бірақ олардың толық қуатында жемісті жұмыс істеуі үшін су ресурстары жеткілікті болуы керек.  Өте өткір тұрған тағы бір  мәселе – электр желілері. Желілердің тозуы 90 % жетеді және шұғыл жөндеуді қажет етеді. Ауа-райының өзгеруі сымдардың үзілуіне және электр жарығының жиі өшуіне әкеледі. Былтыр ауданда 30,1 млн теңгеге 196 ағаш бағана, 2 шақырым СИП кабель, электр құрылғылары ауыстырылды, 4 КТП  сатып алынды. Біздің тарапымыздан облыстық электр желілерін таратушы компанияға желілердің тозығы жеткендігі, материалдық-техникалық базаның жоқтығы және мамандар жалақысының аздығы туралы хат жолданды. Аудан орталығындағы ауыз су мәселесін шешу де күн тәртібінен түспейді. Сол мақсатта насостар сатып алынды. Қазіргі кезде су беру үздіксіз жүргізілуде. Алдағы уақытта осы мәселені түбегейлі шешу үшін «Жайықгидрогеология» мамандары зерттеу жасап, скважиналар тексерістен өткізілді. Мамандар су жеткізу жүйесі толыққанды жұмыс жасауы үшін, авария болған жағдайда да су қорын сақтайтын қосымша резервуар қажет деген ұсыныс берді. Қазіргі кезде қосымша резервуар орнатуға жоба жасақтаудамыз,-деді өз сөзінде Теректі ауданы әкімі Тілек Габдушев.
0320CF82-E549-412E-9F27-1C9F1E7B8D1B

Жиынға келген теректіліктер тарапынан да сауалдар қойылды. Мысалы, Төңкеріс ауылының тұрғыны Т.Момот ауылға кіреберіс жолды күрделі жөндеуден өткізу мәселесін көтерді. Подстепный ауылының тұрғыны Р.Бектеміров ауылға тағы бір мектеп керектігін алға тартса, ауданның құрметті азаматы С.Қоқашев аудан орталығындағы ауыз судың сапасын тілге тиек қылды. Тағы бір ауданның құрметті азаматы М.Төлегенов ұрпақ тәрбиесіне тоқталып, аудандағы мәдени ошақтардың жұмысын сынға алды.

2B1AA498-8A85-4619-A8F5-FE8EB827AF84

- Көтерілген барлық мәселелерден хабардармын. Бәрін бірдей  бір уақытта жүзеге асыру мүмкін емес. Кемшіліктер бар, алайда жасалып жатқан жұмыстар да жеткілікті. Жол мәселесі облыс бойынша өзекті боп тұр. Алайда, біз бүгінгі таңда басталған жобаларды аяқтауымыз керек. Республикалық Подстепное-РФ тас жолының жөндеуі биыл басталады. Оған республикалық бюджеттен қаржы бөлінбек. Аудан орталығын абаттандыру жұмыстарына да назар салынуы керек. Тағы бір маңызды мәселе – еңбек адамдарын қолдау. Өз кәсібін ашам деген тұрғындарға жергілікті атқарушы билік соңына дейін жәрдемдесуі керек. Яғни, тұрғындар мемлекеттік бағдарламалар туралы, несие яки гранттар хақында көп мағлұмат білмейді. Тіпті хабарсыз деуге болады. Осы олқылықтың орнын толтыру аса маңызды,-деді БҚО әкімі Нариман Төреғалиев өз сөзінде.

2B5C7A9C-363A-4201-8D8C-693736135E2D

Халықпен кездесуден кейін Нариман Төреғалиев жеке мәселесімен келген азаматтарды қабылдады. Қабылдауға облыс әкімімен бірге құқық қорғау органдары мен облыстық басқарма басшылары да қатысты.

 

Әділет Орынбасарұлы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале