1.11.2021, 14:40
Оқылды: 88

Еңбек етуге ерінбеген Еркін

Бүгінде төрт түлік өсірген ауылда кәсіптің басқа түрімен де айналысатындар көбейген үстіне көбейіп келеді. Бұндай кәсіптің қатарында ауыл халқын тамақ өнімдерімен қамтамасыз ететін және туған жердің келбетін келтіретін де кәсіптің түрлері бар. Осындай жұмыстарды атқарып жүрген олар өзінің тұрмысын жақсартып қана қоймай, айналасына да көмегін тигізуде. Дегенмен екі қолға бір жұмыс таба алмай, кеңседен кеңсе жағалап, «менің анауым жоқ, менің мынауым жоқ» деген адамдар шоғырының бар екенін де жасыруға болмас. Оларға «Қол-аяғың балғадай, бір кәсіппен айналыс десең, «Ешқандай жұмыстың көзі жоқ, немен айналысамын?» деп өзінің жігерсіздіктерін көрсетеді. Қимылдаса, бір нәрсені мақсат етсе, маңдай тердің несібесін көретінін бостандықтық кейіпкердің кәсібінен-ақ байқауға болады. Ол 2009 жылдан бері Сарыөзеннің жағасында бау-бақша өсірумен айналысады. Тек бау-бақша егіп қана қоймай, жалға алған жерінде ауылды көгалдандыру үшін талдардың көшеттерін отырғызуда. Бұл дегеніміз Жер-Ананы сақтау, оны қастерлеп, табиғаттың қалпын бұзбай, болашаққа қалдыру болып табылады.

Еркин ага (1)

Сары алтын күз айы басталғанда Казталов ауданы орталығының базарында ауыл тұрғындары Еркін Насыровтың бау-бақша өнімдерін алуға асығады. Себебі халық бүгінде клондалған, тегі белгісіз дүкен сөрелеріндегі жасанды өнімдерден ығыр болды. Сайып келгенде туған жердің топырағында өскен бау-бақша  өнімдерінің және жеміс өсімдіктерінің табиғи таза, ешқандай химиялық қоспасыз екенін тұтынушылар түсінді. Сондықтан да Еркіннің табиғи өнімін алуға асығады. Кейіпкерімізбен хабарласып, әңгімеге тарттық.

-Адам баласы еңбек арқылы тәрбиеленеді. Мақсатыңа жету үшін де қажырлылық, табандылық, сабырлылық керек. Қазіргі таңда бақша өнімдерін жинап болып, келесі жылға 3 гектар жерді жыртып дайындаудамын.

Еркин ага (2)

Апта сайын өткен жәрмеңкеде өнімдерді саттыққа шығардым. Бұл – жаз бойы төккен тердің жемісі. Өнімдерімізге сұраныс артуда. Тұтынушыларымыздың басым көпшілігі – аудан тұрғындары. Олар жергілікті өнімге қолдау көрсететіндігін айтып, ризашылықтарын білдіруде. Адам баласы жалқаулықты азайтып, бар күш-жігерімен еңбектенсе діттеген мақсатына жетері сөзсіз. Қайдам, бүгінде қолды қалтаға салып, еңбектенуге ерінетін жандар көп. Тіпті бұндай аға-інілерді, қарындастарды көріп, іштей қынжыласың. Барлық жерлестерімді адал еңбек етіп, бақытты өмір сүруге шақырамын! – деді Еркін ағамыз.

Халқымызда «бұлақ көрең көзінді аш, тал ек, өткел сал» деген өсиетті сөз бар. Еркіндей азаматтар сол өсиетті адалдықпен орындауда. Аудан орталығындағы мекемелерде және басқа да ауылдарда жайқалып өсіп келе жатқан жасыл желектер – Еркіннің талдары.10 жыл өтер, 20 жыл өтер, жасөспірім талдар алып терекке айналғанда, міне, Еркіннің болашаққа жасаған еңбегі осылай жайқалып тұрары сөзсіз.

«Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген бабамыздан қалған нақыл сөзі осындайдан шықса керек. Еркін Насыров аудан тұрғындарын тек көкөніспен қана қамтып қоймай, осындай болашақтың ісімен де айналысуда.

Міне, ауылдың жұмыссыз жүрген азаматтары осындай еңбекқор жандардан үлгі алса, тұрмысымыз жарқырай түсер еді.

Әсем Болат,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале