17.11.2021, 11:17
Оқылды: 119

Ерен еңбегін ел-жұрты ұмытпайды

Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, жидашы ұстаз, ақын Төлеген Сейткереевтің туғанына биыл 80 жыл толып отыр. 

75C07E68-70DC-4779-B404-4DA6A21F4559

Өзі жанындай сүйген, тарихы терең, топырағы киелі туған жерімен есімі егізге  айналған қадірлі жан  1941 жылдың 10 желтоқсан күні Орал облысының Көктерек ауылында дүниеге келген. Әкесі соғысқа кетіп, оралмай, ата-әжесінің, анасының тәрбиесінде өсіп, есейген. Балалық шағын соғыс жалмап, ойын қумай, ой қуған. Жанұяда үш апасынан кейінгі жасынан жан-жақты, зерек, қабілетті де дарынды ұл әуелі Көктерек жеті жылдық, кейін Жұлдыз орта мектебін үздік бітірген. Қиын да жұпыны жылдар  артта қалып, ел әлденіп, тірлігі шырайланған шақта – 1959 жылы Орал педагогикалық институты физика-математика факультетіне оқуға түсті. Студент кезінде бала күнінен жеңіл де ширақ спорт  сүйгіш жан жеңіл атлетикамен айналысып, 400 метрлік эстафетаға жүгіруден облыс чемпионы болған. Республикалық жарыстарға жиі барып, тіпті, олимпиада чемпионы болған әйгілі Әмин Тұяқовпен жарысқан. 1962 жылы дойбыдан Орал қаласының чемпионы атанған. Аталмыш оқу орнын аяқтап, еңбек жолын  туған жері Көктерек ауылындағы орта мектепте бастаған жас маман  1965 жылы Самарқанд қаласында әскери борышын өтеп те үлгіреді.

Біліміне біліктілігі сай келген, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, қағілез, талантты да жалынды жас сүттің бетіндегі қаймағындай болып бірден ерекшеленді. Көп кешікпей-ақ жауапкершілігі мол мектеп директорының мектептен тыс және сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастырушы қызметіне  тағайындалды. Ұшқыр ойлы, қырағы, өзгенің қамын жеп, ғұмырын халық игілігіне, ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұстаз  ұзақ жылдар бойы тәрбие жұмысын  талапқа сай жүргізіп, жоғарғы деңгейге  жеткізді.

Адамгершілігі биік, парасатты жанның еліне деген  перзенттік  махаббаты жыл өткен сайын  қаншалықты жаңғыра түссе, елінің өзіне деген шексіз сенімі соншалықты арта түсті. 1987 жылы ел халқының  қалауымен Көктерек орта мектебінің директоры болып тағайындалып, 2004 жылы зейнеткерлікке шыққанша, қызме­тін қалтқысыз атқарды. Ел құрметіне, көптің алғысына бөленді.

Біз қаласақ та, қаламасақ та әр адамға олар өлшеп беріледі. Әттеген-ай...

Жылдар бойы іргелі ауылдың берекелі тірлігін сомдауға жауапкершілікпен үлес қосып, талмас табандылықпен тәрбие-тағылым таратып, қиын сәтте қай жұмыстың да  ауыр жағын өз иығына  көтеріп алып, әр шаңырақтың жанынан  табылатын жаны жайсаң жақсы адам 2013 жылдың  25 сәуір күні өмірден өтті. Ел ардақтысынан, шәкірт сүйікті ұстазынан, отбасы отағасынан айырылды. Халқы қимай, ұрпағы жоқтаған асыл жан өзі өлсе де, артында  өлмейтұғын  ізін, ісін  қалдырды.

Тарқата айтар болсақ, ұстаз бала күнінен-ақ өлең жазуға қабілетті, жан-жақты дарынды, нағыз «сегіз қырлы, бір сырлы» адам болған. Ол тек математик, сызу пәнінің ұстазы ғана емес, сонымен қатар ақындық, жазушылық, суретшілік өнерімен де көзге түскен. Алғашқыда баласына, атасына арнап жазған жыр жолдарынан бастап бірнеше әнге сөз жазуы, оның сезімін сөзбен де, суретпен де  бере білуі – кез-келгеннің басына қона бермейтін бақ. Мереке күндері мен жиын-тойларда дос-жаран, құрдастарға арнаған әзіл өлеңдері қаншама. Талғамы биік, танымы терең жанның шығармаларынан  туған жерім деп тебіреніп өткен азаматтың шынайы сыры, жүрек тынысы байқалады.

Әзіл өлеңдерімен қоса «Ұлыма», «Ділжан атамды еске алғанда», «Өңіріміздің өнегелі өрендері», «Немерелерім – Сапар мен Балжанға», «Туған жердің  терегі», «Қырық бірінші жылданбыз», «Десектағы» т.б өлеңдері  мен арнаулары баспа беттерінде жарық көрсе, ауыл­дың  әнұранына  айналған «Көктерек вальсі»,«Ағаға лебіз», «Кездесу әні», «Дариға қыз» әндері ел арасында шырқалып жүр.

Сондай-ақ ұлағатты ұстаздың артында қалған игі істерінің бірі – 1975 жылы  ашқан музейі. Жәдігер болатын  көненің  көздерін  жинап, халық, ұрпақ игілігі үшін өлке тарихын іздестірді. Халыққа музей жұ­мысының  мәнін  түсіндіре отырып, жабдықтау ісіне ел тұрғындарын  тарта білді. Әр шаңырақ бабасынан қалған  естелікті музейге сыйға ұсынып, жидашы жанды қолдап, көмектерін аямады. Жылдар бойғы ізденістің нәтижесінде тарихи кезеңге сай құрылым жасақталып, Көктерек тарихи-өлкетану музейі деп аталды. Шағын ауылда бой көтерген  таным мен тәрбие орталығы тынымсыз еңбектің нәтижесінде дамып кеңейіп, өткеннің шежіресін шертер қара шаңырақ­қа, мемлекеттік асыл қазыналар мекеніне айналды.

Музей  ісіне  38 жылын  арнаған талантты ұйымдастырушының зор талғаммен, асқан шеберлікпен жасалған қолтаңбасына музейге келуші қонақтар таңдай қақты. Жылдан-жылға қызмет аясы кеңейіп, музей аты республикаға танылды. Шалғай жатқан ауылға бара қалып, Көктерек ауылы десең, «Төлеген мұғалім», «музейі» арқылы  танып жатқанына, әрине, мақтанасың, қуанасың! «Көктеректің  бағына  туған азамат» деп берілген баға қандай лайықты еді!

Төлеген мұғалім, Төлеген мұғалім,

Өмірге мың азық өнегең, мұғалім,

Ауылын ән-жырға бөлеген мұғалім,

О баста басқадан бөлек ең, мұғалім.

 

Ел-жұрты асылға теңеген мұғалім,

Ойы озық, не деген зерек ең, мұғалім.

Әлсізге тыныс боп, демеген мұғалім,

Ертеңін елінің елеген  мұғалім,

 

Төлеген мұғалім, Төлеген мұғалім,

Сіз бейне бір үлгі  көнеден мұғалім.

Көңілді тап басқан көреген мұғалім,

Аумайсыз мұз жарған кемеден мұғалім.

Жерлесіміз, ардагер ұстаз, айтыс ақыны, шәкірттерінің бірі – Дариға Мұштанованың бүгінде шырқалып жүрген «Төлеген мұғалім» атты арнау өлеңінің алғашқы үш шумағы ұстаздың бар болмысын баяндап тұр емес пе?!.

Өмірде масаттанып мақтанбайтын, өзін  мақтағанды сүймейтін аяулы жан өмірінің соңғы сәтінде «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мұғалім Төлеген Сейткереевтің ұйымдастыруымен 1975 жылы ірге тасы қаланған Халық музейі» деп жазылған тақта орнатуды  жанұясына  аманаттауы өзі сүйген елі мен халқының шексіз адал ниетін, шынайы сүйіспеншілігін риясыз көңілмен  қабылдауы  шығар.

«Мұрнынан шаншылып» жүрген  мұғалімнің де өзіне жәйлі отбасы болғаны қандай ғанибет!  Үйден шығып, мектепте жүрген сәттен бастап ойыңда тек  атқарар ісің, айтар сөзің, алар қамың болсын, мектептен кері қайтқанда, ойыңда тек  күйттейтін тірлік, күткен үйің, қамқор жарың болсын! Сонда бос уақытың болмай, екі бағытқа да беріле істеген болмысың баянды болып, бағың жанбаса, маған кел!».

Бұл мектеп, музей, отбасы тізгінін қатар ұстаған ұстаздың бойына сіңіп кеткен ұлағатты ұстанымы еді.

Өтіп жатырған уақыт емші дегендей, тәлімді тәрбие, білім мен біліктілік, татулық пен бірлігі жарасқан  отбасы өткен жанның естелігімен жәйлі күн кешуде. Қатар жүріп, өмір жолының ыстық-суығын бірге көтерген жары Бақыт апай – ұзақ жыл тарих пәні мұғалімі болған, «Халық ағарту  ісінің  озық қызметкері» атағының иегері, бүгінде зейнеткер. Елі асылдың сынығы деп үмітпен қарайтын ұлы Жайсан артында мұра етіп қалдырған әке аманаты – музей ісін жаңа құрылымда жасақ­тап, жалғастыруда. Келіні Аягул – педагог-психолог. Қызы  – Жайдарман ауыл кітапха­насы­ның озық қызметкері.

Сүйікті немерелері – Сапар мен  немере келіні Дина заң саласының қызметкерлері болса, Балжан Ақтөбе қаласындағы М. Оспанов атындағы БҚММУ-дың резиденті, Орал  қаласындағы көпбейінді облыстық аурухананың анестизиолог-реаниматолог дәрігері, жиені  Әлихан – оқушы, шөбересі Ділжан балабақша жасында.

Иә, өмір-өзен. Тоқтамай өз арнасымен ағады, қат-қабат тірлік жәйімен жалғасын табады. Ел мен жерді сүюдің үлгісін көрсете білген аяулы жанның өзі өмірден өтсе де, айтулы тұлғаның біздің аудан мен ауыл-аймақтың қоғамдық-мәдени өмірі үшін тындырған іргелі ісі, айшықты қолтаңбасы жұрт жадынан өшпейтіні  анық.

Ақмарал Әдиетова,

Көктерек тарихи-өлкетану музейінің экскурсоводы,

Казталов ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале