8.12.2022, 11:31
Оқылды: 57

Еркебұлан  Мұсағалиев: «Арманым ауданымыздан Азия чемпиондарын шығару»

Дзюдо күресі – бүгінгі таңда көп баланың қызығушылығын оятып, бос уақытын тиімді ұйымдастыруға негіз болған спорт түрі. Бұл спорттың Тасқала ауданында дамуына  атсалысып жүрген жаттықтырушылардың бірі және бірегейі, білікті маман – Мұсағалиев Еркебұлан Сапарғалиұлы. Бала күнгі арманы орындалған жаттықтырушымен бозкілем үстінде жасаған сұхбатымыз төмендегідей өрбіді.

 13

- Еркебұлан, Қазақстан Республикасының чемпионатында шәкіртіңіз чемпион атануымен құттықтаймын. Өзіңдей білікті жаттықтырушылардың туған жерін бірі білсе, бірі біле бермейді. Өзіңіз жайлы айта өтсеңіз?

- Құттықтауыңызға алғысым шексіз! Иә, осындай қуанышқа ие болғаным рас. Өзім 1993 жылы Шыңғырлау ауданына қарасты Ақсуат ауылында дүниеге келдім. 2005 жылы Тасқала ауданына көшіп келіп, 2009 жылы Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта білім беретін мектебін тәмәмдадым. Жоғары білімім - Батыс Қазақстан гуманитарлық-иновациялық университетінің «Дене шынықтыру» мамандығы. 2013 жылдан бастап, бүгінге дейін Тасқала аудандық балалар және жасөспірім спорт мектебінде дзюдо күресінің жаттықтырушысымын. Сол шақтарда Туркаев Алмаз Ертөстікұлы алғашқы  жаттықтырушым болды, кейіннен әріптес болып, ұстаз-шәкірт ретінде сыйласып келеміз.

- Дзюдо күресіне балалардың қызығушылығы қаншалықты деңгейде?

Дзюда күресі – балалардың қызығушылығы мен тәртібіне зор әсер беретін, олардың ел қорғар азамат болып өсуіне, күш-жігерінің жетілуіне, жауапкершілікті сезінуге үйрететін спорттың түрі. Жыл сайын дзюдоға балалардың қызушылығы тұрақты деңгейде, секцияның талабына сәйкес толық қатысады. Өзіңіз көріп тұрғандай балалардың әрекеттері ширақ, шаршауды білмейді, чемпион болуға бар күш-жігерлерін салуы қызығушылық жоғары екенін көрсетеді. Бізге бір үйдің аға-інілері дейін бірлесе қатысуы қызықты жәйт. Сол арқылы отбасында дзюданың қызығы мен қажеттілігі сөз болатыны байқалады.

- «Ұстазсыз шәкірт - тұл» демекші, шәкірттеріңіз туралы айта өтсеңіз, жетістіктері қандай?

- Ұстаз үшін шәкіртінің жетістікке жеткені – үлкен қуаныш. Жыл сайын жетістіктер тізбегі жоғарылап келеді. Айта өтер болсақ, Бисен Аян 2017 жылы Белларусия еліндегі Гоммел қаласында өткен халықаралық дзюдо жарысынан І орын,  2018 жылы Москва қаласында өткен Носов атындағы турнирдан ІІІ орын, сол жылдың шілде айында Сольилецк қаласында халықаралық турнирден чемпион атанса, 2021 жылы дзюдо күресінен Баракад Батыс аймақтық турнирінде жүлделі ІІІ орынға ие болды. Шәкіртім Жанболатұлы Эльнар 2018 жылы Атырау қаласында  өткен қазақ күресінен ел турнирінен ІІІ орын, 2021 жылы өңіріміздегі Ақсай қаласында өткен самбо күресінен ел чемпионатында чемпион атанды. 2022 жылдың Нұрсұлтан қаласында өткен дзюдо күресінен жасөспірімдер арасында ел чемпионатында ІІІ орынды иеленді. Сонымен қатар, шәкірттерім 2018 жылы Атырау қаласында өткен қазақ күресінен ел турнирінен Жеміс Мерей ІІ орын, Мамбетов Дінмұхамбет ІІІ орын иеленді. 2018 жылы Самара қаласында өткен «Лига Волга» жарысынан Сырымов Дамир ІІ орын, Бекмурзин Арман ІІІ орын алды. 2018 жылдың самбо күресінен Сольилецк қаласында халықаралық турнирден Нығметов Жандос І орын және Бисен Абднур ІІІ орын, 2021 жылы «Бала би» ел турнирінен қазақ күресі жарысы бойынша Бекмурзин Арман ІІ орын алды.  Осы жетістіктердің бағытын көріп, аудандағы дзюдоның болашағы жарқын екенін көруге болады.

- Шәкірттердің шетел асып, үлкен жетістікке жетуі үлкен қолдауды қажет еді. Осы тұста күреске қолдау жағы қалай?

- Әрине, ел қолдап, ата-аналар жәрдем етпесе, балалар ауылдағы боз кілемнен әрі аспас еді. Жұмасына үш рет дайындалып, тіпті кей жағдайда уақыттан асып кетсек те ата-аналар түсіністік танытады. Қажет жағдайда чемпионаттарға тікелей қолдау білдіріп, бар мүмкіндікті қарастырып қолдайды. Әр баланы өзімнің балаларымдай көргесін бе, ата-аналар аянып қалмай жатады. Сонымен қатар, күні кеше дзюдо жанашырлары арқан, гимнастикалық төсеніш әкеліп қуантып тастады. Сонымен қатар, аудан әкімінің қабылдауы, чемпионымызды ел болып күтіп, көк туымызды желбіретіп, ел азаматтарының қарсылауы бұлардың барлығы  болашағы бар спортқа жасалынған үлкен қолдау дер едім.

- Спортқа қатысатын баланың әлді болып, дене тұрғысынан күшті болатыны белгілі. Кей тұстарда сондай әрекеттерді теріс қылыққа пайдаланып жататынын естиміз. Біздің батырларда бұл жағы қалай?

Әрине, кей тентектердің кесірі, спортқа тиіп жататыны бар. Дегенмен бұл батырлардан ондай теріс қылық, сөз әкелетін жайттарды естімеппін. Үйдегі ата-ананың қақпалауы, ұстаздардың тәлімі, боз кілемдегі жаттықтырушының талабының арқасы шығар, шәкірттерім өнегелі, үлкенді сыйлап, кішіге ізет білдіреді. Өз басым үнемі тәртіпті алға тартып, балаларды дұрыс өсуге, азамат болуға шақырамын. Осы арқылы елін, жерін сүйетін азаматтардың шығатынын айтып жүремін. Атақты ойшыл Әбу Насыр әл Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес,  тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» демеп пе еді.

- Келешекте бұданда жоғары жетістікке жетсеңіз, облыс орталығы, өзге өңірлерден шақырту жіберсе келісер ме едініз?

- Әрине, болашақ еншісінде мәселеге ойламаппын. Дегенмен әр жетістіктің артындағы біздің мүдде осы ауданның, осы елдің мүддесін көтеру, елдегі жастарды жақсылыққа, отансүйгіштікке, батырлыққа тәрбиелеу. Әзірге бар мақсатым осы ауданның азаматтарынан, мына батыр чемпиондардан Азия чемпиондарын шығару болып табылады. Аспандағы айға секірмей, көз жететін межеге қанат сермеу керек емес пе?! Оған қол жетсе, одан әрмен есіктер ашыла жатар. Дегенмен осы қарқында, мына болашақ чемпиондардың ерік-жігерін көріп, бұл күннің алыс емесін сеземін.

- Жуық арада  қандай жарысқа бару жоспарлануда?

- Жоғарыда атап өткенім – бұл біздің алға қойған мақсатымыз. Алда 12-16 желтоқсан аралығында Астана қаласында өтетін «Жас барыс» республикалық турнирге дайындық үстіндеміз. Әзірге жаттығу залынан дайындықтарды пысықталуда. Бұйырса ол жарыстан да жоғары жетістікке жетеміз деген ой бар. Қорыта айтқанда, қай жарыс болмасын, шәкірттерімнің бабында жүруге бар күшімді саламын.

 

Меңдібек Нұрболатұлы,

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале