20.11.2020, 10:38
Оқылды: 44

Ерлігі ерен, еңбегі еселі майдангер

Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 75 жыл толды. Соғыста ерлігімен көзге түсіп, неміс басқыншыларын кері шегіндіруге өз үлесін қосқан майдангер жерлестеріміздің қатарында марқұм Қисым Нұрмұханов та бар. Атамыз тірі болса, биыл 100 жасқа толар еді.

4C485236-EDD4-49F0-AAF7-73D9D50C6596

Қисым ата 1920 жылғы 10 мамырда Орал облысының Фурманов ауданындағы Балықты ауылдық кеңесіне қарасты №449 «Красный партизан» кеңшарының аумағында өмірге келген. Ол 1940 жылы Фурманов аудандық әскери комиссариатының шақыртуымен әскер қатарына алынған. Әуелі фин соғысына, кейін Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысады. БЛКЖО мүшесі, кіші сержант шеніндегі сарбаз Волхов, Солтүстік Батыс майдандарының  сапында 137 ОСБР (дербес атқыштар бригадасы) С3Ф жауынгері ретінде неміс басқыншыларының бетін қайтаруға қаруластарымен бірге үлес қосты. 137-атқыштар бригадасының артиллерия дивизиясының арбакеші Қ.Нұрмұханов Волхов майданында Любань қаласы үшін болған соғыста қарша бораған оққа қарамастан, жауынгерлерге оқ-дәрілерді уақытында жеткізіп отырған. Дивизияның батпақты жерде орналасып, оған барар жолда жау тылының әскерлері орналасқандығына қарамастан, жолын тауып, күніне бір рет барудың орнына екі рет барып, дивизия солдаттарына оқ-дәрі, киім-кешек, азық-түлік жеткізген. Бірде Қисым батпақты жердегі дивизияның оқ-дәрісін күзетіп тұрған екі солдатының жаралы болғанын және  бораған оқтың салдарынан екі ат өліп қалғанын көреді. Сол сәтте ол еш ойланбастан жаралы қос жауынгерді ұрыс алаңынан аман-есен алып шығады. Осы ерлігі үшін оны 137-атқыштар бригадасына қарасты артиллерия дивизиясының командирі, майор Ильиннің 1943 жылғы 17 шілде күнгі мінездемесі негізінде «Ерлігі үшін» медалімен марапаттайды.

Соғыс аяқталып, бейбіт заман орнай бастаған 1947 жылы кіші сержант Қисым Нұрмұханов әскер қатарынан босап, елге оралды. Фурманов ауданындағы «Красный партизан» кеңшарының №3 бөлімшесіне келіп қоныстанған майдангер әуелі веттехник, кейін ұзақ жылдар бойы аға шопан болып еңбек етті. Өмірлік жары Мәлика Молдасейітовамен 1948 жылы отау құрып, бір қыз, бес ұл өмірге әкеліп, тәрбиеледі. Атамыздың аға шопан ретіндегі табыстары айтулы. 1959-1965 жылдар аралығы Фурманов ауданының өміріне елеулі өзгерістер әкелді. КОКП Орталық комитетінің 1962 жылғы наурыз пленумында Фурманов ауданаралық өндірістік басқармасы құрылып, оған Батыс Қазақстан облысының оңтүстік беткейіндегі мал шаруашылығымен айналысатын Жәнібек, Жаңақала, Казталов, Фурманов аудандары кіреді. Жаңақала ауданы таратылып, бұрынғы колхоздар ізінен ірілендірілген Айдархан, Бірлік, Жаңаталап, Мәстексай совхоздары Фурманов ауданына, Жаңақала, Құрманғазы совхоздары Казталов ауданына берілді.

Фурманов ауданында да, бұрынғы ірілі-ұсақты колхоздар есебінен жаңадан 1963 жылы Ақкөл, Жұлдыз, Көктерек совхоздары, ал 1966 жылы Қараөзен совхозы құрылды. Мал саны өз төлі есебінен өсіп отырды. 1965 жылғы мәлімет бойынша ауданда 403 мың қой бар болса, 1970 жылы 600 мыңға жетті. Осы және өзге де табыстары үшін 1971 жылғы 8 сәуір күні Қазақстан Компартиясы Фурманов аудандық комитетінің бірінші хатшысы Кенжебек Меңдәлиевке КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының шешімімен Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Дәл сол күні бірқатар аудан шопандары мен малшылары, механизаторлары мен жылқышылары және шаруашылық ұйымдастырушылары түрлі ордендермен марапатталған болатын. Солардың қатарында «Красный партизан» қой совхозының №3 фермасының меңгерушісі Жұмат Сәрсембиев пен аға шопан Қисым Нұрмұханов та болды. Сол жолы ферма меңгерушісі мен аға шопан Еңбек Қызыл Ту орденін өңірлеріне тақты. Қисым атамыз 1979 жылы зейнеткерлік демалысқа шығуына байланысты шопан таяғын өзгелерге тапсырып, ферма орталығы Кіші Талдықұдық ауылына көшіп келді. Араға 10 жыл уақыт салып, 1989 жылы қайтыс болды.

Миржан Қарабалин,

БҚО мемлекеттік архиві

Жалпақтал филиалының директоры

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале