31.10.2024, 10:15
Оқылды: 149

«Есірткі қылмысына балта шабамыз» – полиция

«Тағы бір маңызды міндет есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күрес. Бұл ұлттың генетикалық қорын аман сақтап қалу мәселесі деген сөз. Біз осыған дейін қажетті заңнамалық шараларды қабылдадық. Бірақ нақты нәтижеге қол жеткіздік деуге әлі ерте. Әрбір мемлекеттік құрылым, әсіресе, құқық қорғау орындары тиімді жұмыс істеп жатыр деп айта алмаймыз. Есірткі мәселесі ушығып барады. Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Азаматтарды, әсіресе, жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан біз өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әрекеттерден аулақ болуымыз керек» - деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында.

Ел Президентінің өзі «ушығып барады» деп ашық айтқан осы мәселе бойынша Бөрлі аудандық полиция бөлімінің бастығы Сұлтан Шалдарбековтан сұқбат беруін өтінген едік.

fa2658f2-bdfe-4463-81c2-e01630002e55

Сұлтан Зұлқайнарұлы, ауданда осы есірткі таратудың жолын кесу мәселесі бойынша, нақтырақ айтқанда қанша құқықбұзушылық болғаны туралы мәлімет берсеңіз?

– 2024 жылдың 9 айында аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен заңсыз есірткі айналымымен байланысты 25 қылмыс пен қылмыстық құқықбұзушылықтар анықталған болатын. (Өткен жылы осы уақытта 20 құқықбұзушылық болған). Атап айтқанда, ҚР ҚК-нің 297 бабы бойынша (есірткі заттарын сату) 4 ірі көлемде сату фактісі анықталды. Өкініштісі, осы қылмыс үшін сотталғандардың бірі – жасөспірім бала. ҚК 296-бабы 1,2,3 бөлімдерімен – 16 (сату мақсатынсыз есірткі затын сақтау), ҚК 299-1 бабы 1 бөлігімен – 1 (есірткі заттарын жарнамалау) белгілі болды. ҚК 300-бабы 1 бөлігімен – 4 (есірткі заттарын заңсыз өсірумен айналысу). Олардың ішінде синтетика да, кептірілген марихуана да, гашиш те, мефедрон да, қарасора да бар. Мөлшерінің аз, көптігіне қарамастан, марихуананың аты – марихуана, мефедронның аты – мефедрон.

Полиция бөлімі есірткі таратқандарды ұстаумен бірге нашақорлықтың алдын алу бойынша да жұмыс жүргізетіні мәлім. Осы жұмыс бойынша біле отырсақ.

– Аудан аумағында ЖІШ өткізу кестесіне сәйкес, «Допинг», «Қарасора», «Канал-тосқауыл» жедел-іздестіру іс-шаралары тұрақты жүргізіледі. Бұл жұмыстар ҚР ҰҚК ШҚ қызметкерлерімен бірлесіп жүзеге асырылады. Аудан аумағында есірткі транзитіне жол бермеу мақсатында полиция қызметкерлері «Ақсай» кеден бекеті қызметкерлерімен де жиі бірлескен іс-шараны жүзеге асырып отырады. Алдын алу мақсатында Ақсай қаласының КСК, ОСИ және көлікжай кооперативтерінің өкілдерімен есірткі құралдарын насихаттауға жол бермеу туралы жұмыс кездесуі өткізілді. Яғни есірткі сатуы мүмкін дүкендердің  мекенжайларындағы «граффити» түріндегі жарнаманы қалай байқауға болатыны түсіндірілді. Күдікті «граффити» анықталған кезде тұрғын үйлердің аулаларын, көлікжайларын тұрақты негізде аралап, оларды дереу бояу және ПБ-не хабарлау сұралды. Сөйтіп осы жазуды қолданған адамды анықтау шаралары тұрақты түрде жүргізіледі. Сонымен қатар Бөрлі ауданының ПБ қызметкерлері мүдделі мемлекеттік органдармен есірткінің зияны тақырыбында дөңгелек үстелдер, спорттық іс-шаралар өткізеді.

Қылмыстық кодекстің баптарына санкциялар және оқушылар мен студенттердің есірткі және психотроптық заттарды қолдануының алдын алуға бағытталған басқа да іс-шаралар атқаруда. Жақында аудандық мәдениет үйінде өткен «Ақжайық» үні вокалды-инструменталды ансамбілінің концерті  «Біз есірткіге қарсымыз» деген атпен өтті. Концерттің негізгі мақсаты – мәдениет үйіне жиналған оқушыларға нашақорлық сияқты «ғасыр дертінің» адам денсаулығына зияны мен әкелетін қасіреті туралы мағлұмат беру, нашақорлықтың алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндірме жұмыстары. Сондықтан да әуелі есірткінің адам өміріне төндіретін қаупі туралы видеофильм көрсетілді. Ал облыстық полиция департаменті тәрбие және кадрлық жұмыстар басқармасының бастығы Қадыржан Сағын осы тақырыптағы баяндамасында ата-аналарды бала тәрбиесіне көбірек көңіл бөлуге, жастарды есірткіден аулақ болуға шақырды.

Нашақорлық өте ертеден келе жатқан, қазіргі таңда өршіген дерт екені белгілі. Наша пайдалану дерт қана емес, қылмыс саналады. Дүниежүзінде есірткі дерті шарпымаған ел жоқ шығар. Бала-шағаның болашағы, еліміздің келешегі үшін одан іргелерін аулақ салудың орнына кейбіреулер оны өсіріп, пайда табу үшін сатып та жататынын естіп, біліп те жүрміз. Бізде ондай жоқ шығар деп ойлаймын. Жалпы ауданда нашақорлық құқық бұзушылық бойынша жедел жағдай қандай деңгейде?

– Есірткі бизнесіне қарсы күрес бойынша тұрақты негізде жеке құрам есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына қатысы бар фактілер мен тұлғалар туралы жедел ақпаратты жинауды, талдауды және іске асыруды және олардың қылмыстық қызметінде уақтылы әшкерелеуді жүргізіп келеміз. Үйде өсіреді дегенге келсек, осы жылғы 9 ай ішінде осындай 4 факті анықталған болатын. Күні кеше ғана біздің қызметкерлердің жедел іздестіруі, жіті бақылауы нәтижесінде 5 фактіні анықтап отырмыз. Есірткі түрлерін үйде өсіру қылмыс және біз бұл қылмыстың түбіріне балта шабатын боламыз. Қазіргі уақытта аудан аумағында есірткінің заңсыз айналымына байланысты қылмыстар бөлігінде жедел жағдай тұрақты деп айта аламын. Биылғы жылдың аталған мерзіміне біздің бөлім қызметкерлерінің қажырлы еңбегі мен күш-жігерінің, жедел қимылының нәтижесінде өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда қылмыстың тіркелуін 71 фактіге азайттық деп атап айтқым келеді. Алайда, біз қол жеткізген нәтижелер есірткіні сатумен және қолданумен айналысатындар санының өсу тенденциясына бүгінгі күні жауап бермейді. Жалпы біздің барлық күш-жігерімізді есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресте, мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, БАҚ-ты тарта отырып, жасөспірімдер арасында нашақорлықтың алдын алу бойынша бірлескен шаралар қабылдауды, бұл мәселені жасөспірім кезінен бастап шешу, жасөспірімдерге есірткі мен психотроптық заттарды қолданудың зияны мен салдарын түсіндіруді тоқтатпауымыз қажет. Қазіргі таңда жедел-іздестіру шаралары бойынша бірнеше бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр.

Әңгімеңізге көп рахмет. Аудан тұрғындары біраз мәлімет алды деп ойлаймын.

Сұқбатты жүргізген Дариға Нұрашова

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале