15.06.2022, 10:15
Оқылды: 39

Евдокия — ел анасы

Тағдыры табыстырып, тарихы тоғыстырған түрлі өзге ұлт өкілдері егеменді еліміздің іргесін бірге қаласып келеді. Солардың бірі Мәскеудің Брянск деген жерінен қазақ ұлының етегінен ұстап, Бөкей ордасына бірге келген орыс халқының қызы Евдокия еді.

WhatsApp Image 2022-06-15 at 10.13.20

Евдокия Теманенко 1932 жылы дүние есігін ашқан. Отбасында екі қыз өскен. Балалық шағы Ұлы Отан соғысы жылдарымен тұспа-тұс келіп, кейіпкеріміз оқып білім ала алмай қалған екен. Соғыста жүрген сарбаздарға шұлық, қолғап тоқитын анасына жәрдемдескен. Шаруаға жастайынан араласқан ол екі қолын алдына салып отырмай, қара жұмыстың қай-қайсына да түсе берді.
Бойжеткен Евдокия осы Брянск жеріне жұмыс сапарымен келген қазақтың Орынбай есімді баласымен жүздесіп қалады. Екі жас сөйлесе келе, бір-бірін ұнатып, қол ұстасып Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасына келеді. Сөйтіп, орыстың қызы 1951 жылы қазақ отбасына келін болып түсті.

FB_IMG_1655255598358
Жолдасы Орынбай 1928 жылы дүниеге келген. Жалпы, Бөкей ордасының тумасы. Кейін жұмыс барысымен Теректі ауданына қарасты Шағатай ауылына қоныс аударған. Сол жерде совхозда еңбек етіп, бригадир болған. Қазіргі таңда Орынбай Жүнісұлы, өкінішке орай, ортамызда жоқ.
— Менің жолдасым отбасында ұлдың кенжесі. Мен қазақ жеріне келін болып түскенде, қазақ тілін білмейтін едім. Енем Тәттіқарадан бәрін-бәрін үйреніп алдым. Жүре-бара қазақшаға судай болдым. Енем қазақ халқының салт-дәстүрін, оның мән-мағынасын ашып айтып, түсіндіретін. Кейін қазақша табақ тартудың, мал етін мүшелеп бөлудің хас шебері болып алдық.
Үйімізде әр мейрамды қалт жібермейміз. Наурыз айы — отбасы мүшелері үшін ең керемет ай. Айталық, Көрісу айтта көрші-көлем, тума-туыс, құда-жекжат бір-бірімізге көрісіп, бір жасап қаламыз. Қазір ауыл тұғындары «Жасы үлкен кісі, батасын алайық» деп маған келіп, көрісіп жүр. Ол кезде жүзім жадырап, балаша қуанып қаламын, әрине. Наурыздың 22-сі күні үйде ет асулы, Наурыз көже пісулі тұрады. Мұның бәрі енемнің тәлім-тәрбиесі. Бүгінгі уақытта өзім де енемін. Бар білген-көргенімді келіндеріме үйретіп отырамын, - дейді Евдокия Ивановна.
Қазақтың келіні Евдокия 7 құрсақ көтерген. Төрт қыз, үш ұлдан немере-жиен сүйіп отырған қазақтың ақжаулықты әжесі. Ел үшін еткен еңбегі бар тыл ардагері.
— Қазақтың топырағын басуды бұйыртқан екен, оған еш өкпем жоқ. Бақыттымын. Шүкір, балаларды ешкімнен кем қылмай бағып-қағып өсірдік. Қазір заман жақсы. Бастысы елімізде бейбітшілік болсын! Мына қысқа ғұмырда бір-бірімізді сыйлап, тату болайық, — деп ақжарма ақ тілегін ақтарды әжеміз.

Самал Жамет,
Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале