23.07.2020, 9:49
Оқылды: 597

Фельдшер Болатбек

Жүзінен мейірімі төгіліп, орда бұзар отыз жастан асқан осынау жігіт ағасын мен бала күнінен жақсы білемін. Жаны ізгілікке құмар көпшіл жігіттің таңдаған мамандығы да өзінің ішкі табиғатымен үйлесім тапқандай. Ол мектеп бітірген жылы Орал медициналық колледжінің "Емдеу ісі" бөліміне оқуға түсіп, фельдшер мамандығын меңгерді.

FB472F6F-91EE-438B-80C5-77AFD25213AF

Сәйкестікке дауа жоқ қой. Болатбек Сарманов оқу орнын бітіріп, алғаш ауылға маман болып орналасқан тұста орталық телехабардан "Тәуіп Хо Жун" деген кәрістің атақты сериалы жүріп жатты. Ол кездегі ауыл тұрмысы біршама қиын, медицина саласы болса тоқырау үстінде, медиктер саны жетіспейтін өліара уақыт еді. Болатбек колледж бітірісімен ауданымыздағы Оразғали деген шағын ауылдағы медициналық пункт пен Жұлдыз ауылындағы ОЖББ мектебіне фельдшер болып орналасты. Осы тұста білікті медицина қызметкеріне зәру болып жүрген ауыл тұрғындары Болатбектің ыждағаттылығы мен білімдарлығына жоғары баға беріп, оны бірден "Тәуіп Хо Жун" деп, "емші бала" атап кетті.

Міне, өзінің бала күнінен армандаған алғашқы еңбек жолынан бастап халықтың ықыласына бөленген Болатбек көп уақыт өткізбей Жалпақтал ауылындағы  арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына (қарттар үйі) жұмысқа ауысады. Оның кішіпейілдігі мен тілалғыштығы ұжымдағы үлкенге де, кішіге де бірден ұнап, жақсы атаққа іліге бастайды. Ауылдың үлкендері «Маман болса, Болатбектей болсын» деп риза болып, алғыстарын білдіреді.

CDAB2E58-0181-4EA8-9C29-BF09795236FD

Сәби күнінен "доғдыр боламын" деген арманымен ержеткен Болатбек медицина колледжінде оқи жүріп, қала орталығындағы емханаларда тәжірибеден өтіп, қалаған мамандығының жауапкершілігін сезіне білді. Оқуды бітіргесін екі жылда ысылып, науқастарға ем қабылдап, өзінің негізгі міндетін тиянақты атқара білуге төселді. Қазір сол тәжірибесімен Жалпақталдағы "Жедел жәрдем" бөлімінде фельдшер болып абыройлы қызмет атқарып келеді.

D540E393-508F-47E5-9B60-276E9AEF400B

Өзі туып-өскен Жалпақтал ауылындағы аурухананың "Жедел жәрдем" бөлімі Болатбек үшін екінші жанұясы деп айтуға әбден болады. Болатбектің бұл бөлімде қызмет жасағанына сегіз жылдың жүзі болыпты. Ол шақырту жіберген әр науқастың хал-жағдайын сұрап, анықтау арқылы диагнозын қойып, алғашқы дәрігерлік көмек көрсетуді басты міндетім деп біледі. Содан да шығар ауылдастары Болатбекті "әмбебап маман" деп қабылдап жүр.

– Маман есебінде мен үшін ең бастысы – науқас адамның денсаулығы мен өмірі бірінші кезекте тұрады. Жұмыс барысында төтенше жағдайлар да жиі кездеседі. Ондай кезде тез әрі жылдам шешім қабылдауға тура келеді. Сондықтан білген-түйгенімді жинақтап, тәжірибелі мамандардан ақыл-кеңес аламын. Жұмыс барысында тәуліктің қай мезгілінде де уақытпен санаспай, жұмыс істейтін сәттеріміз көп болады. Біздің ауыл тұрғын пациенттері көп шоғырланған үлкен ауыл болғандықтан, шақыртуға байланысты үй-үйді жиі аралаймыз. Ең қиыны лайсаңы көп көктем мен күз болса, қыс мезгілі де өз қиындығын тарту етіп тұрады.

Биыл әлемді алапат індет жаулап, ауыл тұрғындарына өте қиын болып тұр. Жедел жәрдемнің де тынымсыз уақыты ұзаққа созылып кетті. Ретіне қарай күндіз де, түнде де қалаға науқастарды тасып, жиі қатынаған кездеріміз аз болған жоқ. Адам жанының арашашысы болғандықтан, ондайда шаршағанымызды да ұмытып кетеміз, – дейді көп сөйлеуді ұната бермейтін Болатбек бауырым.

Адам баласына тағдырдың пешенесіне жазған өз тауқыметі болады ғой. Болатбектің жас отбасы мезгілсіз қазаға ұшырап, жан-жары дүниеден ерте озды. Қазір мектеп жасындағы қызын  өзі тәрбиелеп отырған Болатбек бауырынан өрбіген ерке қызына сүйікті әке атануда. Бөбек болса да білімге құштар қызғалдақтай өрімтал қызды тәрбиелеп отырған Болатбекке ауылдастарының да ризашылығы ерекше.

Болатбектің қоғам белсендісі атанып, көптің көзіне ерте ілігуі оның табиғи мінезіне тікелей байланысты болса керек. Ауылда Болатбек араласпаған қоғамдық жұмыстар кемде-кем шығар. Ол елдегі алғашқы еріктілердің қатарынан табылып, туған жерінің көркеюіне бір кісідей атсалысып жүр. Ал қайырымдылық іс жасау Болатбек үшін міндетті қызметтердің қатарында. Ол ауылдық қоғамдық Кеңестің де тұрақты мүшесі. Оның белсенді жастардың қатарынан табылып, жағдайы төмен отбасыларды қамқорлауы, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетуі, жан-жағына ауыл жастарын шоғырландырып түрлі қайырымдылық шаралар өткізуі, ауылдың мәдени тұрмысы мен жастардың көпшілік іс-шараларын жүзеге асырудағы белсенділігі бір ғана азамат деген атағына әбден лайық екенін дәлелдеп тұр. Ол өткен жылы ауылдағы 2019 жылдың "Үздік жас белсендісі" атағының иегері атанды.

Қыдыр Харесұлы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале