28.04.2022, 19:13
Оқылды: 174

Ғали Есқалиев: "Сырым ауданын үлгі етіп жүремін"

Бүгін Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев Сырым ауданы тұрғындарымен кездесті.

IMG-20220428-WA0025

Жымпитыдағы аудандық мәдениет үйінде болған кездесуде Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде хабарлама жасап, өңір басшысына қысқа мерзімді жоспарлары мен негізгі өзекті мәселелерді таныстырды.

IMG-20220428-WA0051

Сырым ауданы экономикасының негізі – ауыл шаруашылығы. Аудан билігі бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану, өндіріс пен қайта өңдеу көздерін ашу, жаңа жұмыс орындарын құру, сапалы әрі толық көлемде мал азығын дайындау, жалпы шаруашылық өнімдерінің ішкі сұранысын толық көлемде іштей қамту жұмыстарын ширатуда.

IMG-20220428-WA0034

Өңір басшысы Ғали Есқалиевтің аудандарға берген бір тапсырмасы – егістік көлемін ұлғайту болса, ол іс Сырым ауданында айтарлықтай ілгерілеген. 2022 жылы сырымдық диқандар 18400 гектар алқапқа дән салуды жоспарлап отыр. Сәйкесінше, көлем өткен жылмен салыстырғанда 125,6% - ға артпақ. Көктемгі егіс науқанына 33 шаруашылық кірісті.

Шағын және орта бизнестің де тынысы кеңіп келеді. Өткен жылы кәсіпкерлер мен инвесторлар арқылы жалпы құны 213, 5 млн теңге құрайтын 10 жоба жүзеге асты. 22 шағын цех дербес өнім шығарып, өнімнің жалпы құны 118, 4 теңгені құрады. Болашақта Сырым ауданы өңірдегі қой шаруашылығының орталығына айналуы ықтимал. «KazMeatIndustry» ЖШС Шолақаңқаты ауылдық округіне 40 000 бас асыл тұқымды романов қойларын әкеліп, жылына 6500 тонна қой етін эскпорттауды жоспарлауда. Құны 11 млрд 500 млн.-ды құрайтын жоба 2025 жылға дейін жүзеге асады.

Аудан көлеміндегі аурухана, мектеп пен балабақшалардың асханаларындағы ас мәзірін жергілікті өніммен қамту ісі де ауданда жолға қойылған. Атап айтқанда, қажетті 19 тонна ен өнімін сырымдық шаруалар өздері ұсынып отыр. Ал, сүт, жұмыртқаға сертификат алу қиындық тудыруда.

Тұрғындарды орталықтандырылған ауыз сумен қамту көрсеткіші ауданда 89, 7 пайызды құрайды. Биыл «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында облыс басшысының қолдауымен жалпы құны 2 млрд 313 млн теңгенің Бұлан, Жамбыл, Көздіғара, Қособа, Жырақұдық, Алғабас, Қарағанды секілді 7 ауылды аңқасын ашатын тамаша жоба іске қосылмақ. Демек, 2022 жылы Сырым ауданының 94, 5 пайызы сапалы ауыз суға қол жеткізеді.

Ауданның даму бедері бір шолғанға осындай.

Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің айтуынша, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай, биылдан бастап әкімдердің ел алдындағы кездесулерінің кейіп-сықпыты, стиль-форматы өзгерді. Енді облыс әкімі аудан халқының алдында жылына екі рет жасалған жұмыстың есебін беріп, жасалмаған істің себеп-мәселесін аяқтай жүріп анықтауға міндетті. Жиналыстарда да жалындатқан, дабылдатқан ұрандар емес, халықтың көңіл күйін шынайы бейнелейтін нақты сауал-мәселелер күн тәртібіне шығады.

Сол қағидаға сай, хабарламадан кейін әкімдер елдің сауалдарына жауап беруге көшті. Халық билік өкілдеріне тек жиналыс барысында ғана емес, әлеуметтік желінің көмегімен де сұрақ қою мүмкіндігіне ие болды. Мәселен,  Төлеген Төреғалиев электронды пошта және әкімдіктің WhatsApp нөмірі арқылы қабылданған 11 тұрғынның сауалын ел алдында оқып, жауап берді.

IMG-20220428-WA0018

Есептік жиындағы көтерілген мәселелердің мән-маңызы алуан. Баспана, байланыс, жол, электр жарығы секілді күнделікті мәселелерден бөлек сырымдықтар білім беру және медицина мекемелерін жөндеу, мәдениет үйлерін салу жөнінде ұсыныстарын айтты.

Кейбір түйткілдердің оң шешімін естіп қуанып қалдық. Мәселен, облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және архивтер басқармасының басшысы Петр Лежниковтың айтуынша биыл ауданның іргесінде болса да, «байланыс аясынан тыс жерде» тұрған Бұлан ауылдық округі аумағында Beeline және kcell ұялы байланыс операторлары желі тарата бастайды. Жиналыстан кейін нақтылап сұрағанымызда, Петр Станиславович жұмыстар шілде-тамыз айларында жүзеге асады деді.

Электр желілерінің мәселесі де енді біртіндеп шешіле бастауы мүмкін. Ғали Есқалиевтің айтуынша, былтыр күзде әуе электр желілерін таратушы компания мемлекеттің меншігіне өткен. Алғашқы «жылымықты» электромонтерлар сезген. Жалақылары көтеріліпті. Өңірде 416 шағын елді мекен, 20 мың шақырым электр желісі бар болса, қазір апатты жерлер мен ақаулы тұстар зерттеліп, зерделеніп, құжатталуда. Сырым ауданының «жарықшылары» қызметтік көлік сұрап, жазбаша ұсыныс түсірген екен. Облыс әкімі «Бір көліктің шаруасы шешіледі! Электромонтерлер жаяу жүрмеуі керек!» - деді.

Көлік дегеннен шығады, Талдыбұлақ пен Елтай ауылдық округі «Жедел жәрдем» көлігіне зәру. Ғали Нәжімеденұлы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Қалыбековке мәселені шешуді, көлік тауып беруді тапсырды.

IMG-20220428-WA0050

Жымпиты ауылдық ардагер кеңесінің төрағасы, ардагер спортшы Алғабас ауылынан жоспарланған 10 тұрғын үйдің құрылысын бастауды, аудандық мәслихат депутаты Жасқайрат Кенжебаев Шолақаңқаты ауылдық округі, Аңқаты ауылының тұрғын үйлеріне газ тарту жұмыстарын жүргізуді, ардагер ұстаз Асан Жүсіпов А. Жұмағалиев атындағы мектепті жөндеп, оқушы тасымалдайтын «терминатор - автобусты» («Сырым елі» газетіндегі мақаланың тақырыбы) ауыстыруды, ауылдағы жас мамандарға жатақхана ұсынуды сұрады. Аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі Тауфих Елубаев өңір басшысын Өлеңті ауылындағы 42 үйдің құрылысының кешеуілдеуі, мәдениет үйінің құрылысын бастау секілді мәселелермен таныстырды.

IMG-20220428-WA0022

Сырым ауданында 2019 жылы ашылған мектеп-лицейде бүгінгі күні 115 шәкірт білім алады. Лицейге бейімделген ғимаратта орналасқан. Тереңдетілген білім алатын оқушыларға дербес мектеп салу мәселесі ауданда әлі күнге өткір тұр. Есептік жиналыста белгілі болғандай, таяу жылдары Жымпитыда 300 орынға арналған жаңа мектеп-лицей мен 100 орындық жатақхана құрылысы басталмақ. Жобаны сырымдық кәсіпкерлер мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асыруға ниетті.

- Бір ауысымда 300 оқушы білім алатын мектеп салынады. Қазіргі уақытта құрылыстың жобалық-сметалық құжаттарын даярлау және жер телімін реттеу жұмыстары басталды. ҚР Білім және Ғылым министрлігінің қаржы бөлімімен келісімшарт жасалады. Бұл игі бастама Қ.Мырзалиев атындағы мектептен түлеп ұшып, бүгінде бизнестің сан-саласында қызмет қылып жүрген азаматтардың қолдауымен жүзеге асқалы тұр,–деді жоба демеушілерінің өкілі, «Жайық Сити» ЖШС бас директоры, құрылысшы Мереке Молдағалиев.

- Мен басқа аудандардағы сапарларым барысында Cырым ауданын үлгі қылып, осы жобаны мысалға келтіріп жүрмін. Жымпитының іскер азаматтарымен Нұр-Сұлтан қаласында жеке кездестім. Өзара жобаның тиімділігі туралы ақылдастық.  Бұл - ауыл болашағына әсер ететін жоба. Жақсы мектеп пен жақсы мұғалім – саналы ұрпақтың, кемел келешектің кепілі. Билік елге игілікті қай бастаманы қолдауға дайын.

Біз мектептерге, жақсы, сапалы білім үйлеріне мұқтажбыз. Батыс Қазақстан өңіріне қазіргі таңда  жаңа 77 мектеп салу қажет. Аудан орталықтарына жеке мектептер салған ыңғайлы. Теректі, Бөрлі аудандарында да осы мәселені айттым. Бұл үдерістің алғашқы нәтижесін Сырым ауданы көрсеткелі отыр, –деп ризашылығын айтты Ғали Нәжімеденұлы.

Педагог Мұқат Қайыржановтың айтуынша, мектеп мәселесі туралы көп айта беруге болады. Кейінгі жылдары Қ. Мырзалиев атындағы орта мектепте оқушы саны қарқынды өсуде. Мектепте қазіргі таңда екі ауысыммен 1000-ға жуық бала білім алып жатыр. Жыл сайын бірінші сынып 6 жинақпен сабақ бастайды. Бұл дегеніңіз әр қыркүйек сайын мектеп табалдырығын 300-ден астам бүлдіршін аттайды деген сөз. Оқу бөлмелерінде жетіспеушілік бар. Сондықтан, мектеп ауласынан арнайы бастауыш сынып үшін жаңа корпус салудың қажеттілігі туындап отыр.

IMG-20220428-WA0036

- Бірінші кезекте, лицей салуға жұмыстанғанымыз дұрыс. 300 орындық жаңа білім ошағы Қ. Мырзалиев атындағы орта мектептің оқушы жүктемесін едәуір азайтады деп ойлаймын,– деді Төлеген Төреғалиев.

Мұқат Қайыржановтың көтерген екінші мәселесі - Самара-Шымкент халықаралық күре жолының сапасы. Алғабас ауылы мен Жымпитының арасындағы жол «иленген қамырдай» жайылып, ойылып тұр. Апандай шұңқырларды жамай беру де пайда бермей тұр. Күзде бітелген ойық, көктемде аңырайып, ашық жатады.

Самара-Шымкент халықаралық күре жолының 145 шақырымы Сырым ауданының аумағы арқылы өтеді. «Қазақавтожол» ҰК АҚ БҚОФ директорының міндетін уақытша атқарушы Эльдар Садықтың мәліметінше, биыл 48 шақырым жол орташа жөнделеді. Мердігер анықталды, жұмыстар  мамыр айында басталады.

- Самара Шымкент жолының игілігін біз әлі күнге дейін пайдалана алмай отырмыз,–деп әңгімеге араласты өңір басшысы.

- Бір дерек келтірейін, Қазақстаннан Ресей Федерациясына бара жатқан көліктердің 26 % - ы Батыс Қазақстан облысының аумағы арқылы жүріп жатыр. Ол – мыңдаған жолаушылар, миллиондаған қаражаттар. Ресей үкіметі «Меридиан» атты жаңа дәліз салуды жоспарлап отыр. Дәліз Самара қаласын Мәскеумен қосады. Жаңа жол ағынды артырады. Сондықтан жол бойына инвестиция құйған, автокешен салған адам ұтылмайды. Билік тарапынан ниетті кәсіпкерлерге жер телімін ұсынып, инфрақұрылым жеткізуге жәрдемдесуге дайынбыз.

IMG-20220428-WA0048

«Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің редакторы, аудандық мәслихат депутаты Бауыржан Ширмединұлы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жөнделген музей ғимаратын экспозициялауға қаражат бөлу, Сырым батырдың ескерткішін орнату ісіне қолдау көрсету және аудандық аурухана ғимаратын жөндеу шаруаларын айтты. Өткен ғасырдың 70-інші жылдарының ортасында салынған ғимараттың кәріз жүйесі әбден тозып, іріп-шіріп тұр. Үш қабатты ауруханаға науқастар үшін жеделсаты да керек-ақ!

Жиналысты облыс әкімі Ғали Есқалиев қорытындылады.

- Пандемиядан кейін еліміз жаңа мәселемен бетпе-бет келді. Ол – Қазақстан Республикасы шекарасының аумағындағы геосаяси ахуал. Ел айналасында саяси жағдай нашарлауда. Кесір мен әсерді ең алдымен кәсіпкерлер сезді деп ойлаймын.

Сындарлы сәттен қазақ жұртын, қазақстандық қоғамды тек ауызбірлік алып шығады. Ең бастысы елге бейбіт өмір керек!– деді ол. Кейін әріптестерімен бірге тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Б. Шерім,

Суреттерді түсірген:

Айжан Амангелдина

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале