5.05.2022, 11:01
Оқылды: 64

Ғамзаттың ғажап арманы

Жыл басында Ақжайық ауданы әкімінің қабылдауында жас спортшы болды. Ол сонау Абу-Дабиде өткен аралас жекпе-жектен әлем чемпионатында еліміздің атынан шығып, қола жүлдеге ие болған. Бағалай білгенге, әр жеңістің артында қаншама еңбек, жігер, құлшыныс тұратынын түйсінгенге бұл үлкен жетістік, өйткені аузын айға білеген балуандардың арасынан қола медалға ие болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұл спортшы – сарытоғайлық Самғат Шабдан деген өрен. Сонда байқағанымыз – балуанның жанында одан жасы көп үлкен болмаса да, жас таланттың талабын шыңдаған алғашқы жаттықтырушысы, оның ағасы Ғамзат Шабдан болды. Осынша жас бола тұра, әлем чемпионатына спортшы дайындаған бұл жәй жігіт болмас деп ой түйдік. Сол кездесуден кейін Ғамзатпен тілдесудің реті енді келіп, оған хабарластық.

Ғамзат

Биыл 23-ке енді толатын оның спортқа деген қызығушылығы бала кезінен оянған. Шағын ғана ауылда сол кезде спорт үйірмесі қайдан бола қойсын, теледидардан күрес, бокстан сайыстарды көре қалғанда, өзімен тетелес өсіп келе жатқан інісі Самғатпен алыса кетіп, өздерінің қай әдісті байқап қалғанын жарыса айтып, соны қолданып көруге тырысатын. «Біздің ауылда да осындай спорт түрлері болып, менде жарыстарда жеңіс тұғырына көтерілсем» деп армандаған жасөспірім қиялында өзінің ауылынан асып, түрлі қалаға сапар шегетін.

– Әкеміз ауылдас ағаларымыздың кезінде күреспен шұғылданғанын айтатын. Баламыз ғой, аңғал көңіл. Соларға барып, «бізді де үйретіңізші, үйірме ашыңызшы»  деп өтінетін едік. Баланың дегені әп сәтте қайдан бола қойсын. Күнделікті шаруадан, жұмыстан босамайтын ағалар бізді баулудан бас тартатын, – дейді Ғамзат.

Балалық шақта жалаң аяқ ауыл көшесінің шаңын бұрқыратып талай жарысқан ол құрдастарын шан қаптыратын. Желаяқ бала бапкерді талап етпейтін осы спорт түріне ден қоя бастайды. Аудандық күзгі кросқа қатысып, жеңісімен мектебінің мерейін асырды. Одан кейін облыстық сайыста бақ сынап, мұнда да алдына жан салмайды. Атақты жеңілатлетші Әмин Тұяқов атындағы чемпионатқа қатысып, бірінші орын алғанда, өзінің болашақта кім болатынын анық сезінді. Тоғызыншы сыныпты бітірісімен, мақсаткер жас Орал қаласындағы Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжге жаттықтырушы мамандығына оқуға түседі. Бірден өзінің бала кезіндегі арманы күреспен шұғылданып көреді. Бала кезден жаттықпағасын, сүйектері қатып кеткенін алға тартқан жаттықтырушылар үлкен жарыстардан үміт күтпеуін айтыпты. Бірақ күреске құлшынысы зор, талабы таудай, жігерлі жасты бұл сылтау тоқтатсын ба?! «Құласаң, аттан құла» демей ме, ол алдыңғы буын ағалардың ескертуіне қарамастан, аралас жекпе-жекпен айналысуға бел байлайды.

– Мен аралас жекпе-жекпен енді айналыса бастағанда, ауқымды бір жарыс өтетін болды. Алғаш келгенімде, жаттықтырушының қойған сұрағы: «Қай спортпен шұғылдандың?». Тайпақ ауылының облысқа күреспен аты мәлім екенін білетінмін. Саспастан «Тайпақтанмын, күреспен айналыстым», – деп жауап қаттым. Ешқандай спортпен айналыспағанымды айтып, ағымнан жарылсам, сайысқа қатыстырмайтынын ішім сезіп тұр. Әрі шынымды айтсам, бала кезгі арманым орындалмас еді. «Тәуекелдің кемесі суға салса, батпайды» деген рас екен.  Сол сайысты бірінші орын алдым. Өзім де аң-таң, күресті тек теледидардан көріп өскен, көгілдір экранда айла-әдісімен қарсыласының жауырынын жер иіскеткен балуандарға еліктеп өскен балаға бұл таңғаларлық жайт болды. Содан оқу бітіргенімше, аралас жекпе-жекпен шұғылдандым, – дейді Ғамзат жымиып.

Диплом алардың алдында, ол 2 айға ауылға іс-тәжірибеден өтуге келеді. Қысқа ғана уақыттың ішінде туған ауылында аралас жекпе-жектен үйірме ашып, оқушыларды дайындай бастайды. Жас балалардың спортқа қызығушылықтары зор екенін байқаған ол облыс деңгейінде өткен жарысқа 8 шәкіртін қатыстырып, бесеуі бірінші орын алып қайтады. Өзінің айтуынша, өзіннен кейін өсіп келе жатқан балалар күресті аңсап жүр екен,  қай әдісті көрсетсеңде, тез меңгеріп кетеді. Құлшыныстары да ерек – бос уақыттарын спорт залында өткізіп, жекпе-жектің қыр-сырын тезірек меңгергісі кеп тұрғаны. Содан оқуын бітіріп, дипломын қолға алғанда білікті маманға облыс орталығындағы мықты спорт мектептері «құда түсіп», жұмысқа шақырады. «Жүгіру ме, жекпе-жек пе, қайсысынан жаттықтырушы боласың ба, қалағаның таңда» депті. Ауылдың реті бөлек қой, әрі екі ай дайындап, жаттықтырған шәкірттеріне бауыр басқан Ғамзат Жанамасына жол тартады.

– Басында ата-аналар бұл спорттың түрін түсінбей «баламыз жарақаттанып қалмай ма?» деп үрейленетін, – дейді Ғ.Қайратұлы, – бірақ кейін түрлі сайыстарға жолдама алып, еліміздің қалаларын аралаған ұлдарының бағы жанғанын көрген олар «баламызға ел көрсеттің, жеңіске талабын шыңдадың» деп алғыстыстарын айтып жатты.

Оның Самғаттан өзге Айса Оралбай деген шәкірті ҚР чемпионатының жүлдегері атанса, Мақсат Назарбай Атырау облысы атынан сайыстарға қатысып, өңірдің абыройын асқақтатып жүр. Олар ауылмен байланысты үзбей, қолдары босаған кезде, жерлес балғын балуандардың шеберлігін шыңдауға қолғабыс етеді. Мұны өзі жаттығулардың бірсарындылығын сейілтіп, балалардың қызығушылықтарын одан бетер арттыруға зор серпін.

Бүгінде Ғамзаттың «Жас батыр» үйірмесінде 30 оқушы жаттығуда. Бос уақыттарында залдан шықпайтын олардың да болашақта талай жарыстарға қатысып, үмітін ақтайтынына жаттықтырушылары сенімді. Мысалы, сегіз жасар інісі Орынбек – облыс чемпионы, алтыншы сынып оқушысы Сергей Нұркен – Қазақстан чемпионы және Манарбек Амангелдиев  облыс чемпионаттарының жүлдегері атанды.

Қарапайым шаруа отбасында өскен Ғамзат бала кезінде ауылында спортқа талабын шыңдар бір жаттықтырушының болғанын қалап еді. Бүгін ол өзі жаттықтырушы – осылай өзінің де, ауылдағы жас жеткіншектердің де арманын ақиқатқа айналырды. Өзінің жете алмаған биігіне солардың жеткенін қалайды.

– Қазіргі балалар физикалық тұрғыда да, рухани жағынан да әлсіз, күні-түні телефонға үңілумен отырады. «Қасынан үлкен кісі өтіп бара жатыр, амандасу керек-ау» деген ой алаңдатпайтын сыңайлы. Кермеге бір тартылуға әлі әрең жетеді. Білімінің, өнерінің арқасында ауылдан тағы басқа да жерлерді көруге болатынын ауыл баласы қайдан түсіне берсін?! Менің мақсатым – телефон мен компьютерге кіріп кеткен балаларды саламатты өмір салтына ортақтастырып, бойындағы дарынын ояту, – дейді жаттықтырушы.

Ғамзатты қынжылтатыны – күреспен айналысатын жеке залдың жоқтығы. Осы уақытқа дейін олар мектептің спорт залында оқушылардың сабағы аяқталғасын, айналысып жүр. Залға келген жас балуан ештеңеге алаңдамай жаттығумен шұғылданып кетсе, керемет емес пе?! Матты төсеп, қайта жинауға да біраз уақыт керек.

Аңсаған арманына қол жеткіземін деп алға ұмтылған мақсаткер жас – көпке үлгі. Жастардың көбі қаладан жайлы өмір іздейтін үрдіс белең алған қазіргідей кезде туған ауылына бет бұрып, өскелең ұрпақтың жігерін қайрап, жүректерінде жеңіске деген ұмтылысты маздатқан Ғамзат Шабданның алда еліміздің туын әлемдік аренада желбірететін әлі талай мықты шәкірт тәрбиелейтініне анық сенесің.  Мақсаты мығым, ойы таза, кемел келешекке ұмтылған азаматтар көп болса, еліміз болашағы жарқын.

Нұрбек Ихсанов,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале