23.11.2021, 17:40
Оқылды: 87

"Ғибратты ғұмыр" жобасы өз мәресіне жетті

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Казталов ауылдық округі аналар кеңесінің төрайымы Нұрия Хабибуллинаның «Ғибратты ғұмыр» атты авторлық, тағылымдылық-танымдық жобасы іске асып, жыл басынан бері елге қызмет жасаған сыйлы ағалар мен аналардың ғибратқа толы ғұмыры туралы әспеттелген еді. Жоба кейіпкерлері Казталов ауданынының әлеуметтік-экономикалық және мәдени-ағартуы жолында зор үлес қосқан азаматтар болатын. Аудандық мәдениет үйінде өтіп жүрген жоба бүгін өз мәресіне жетті.

51
Өскелең ұрпақ үшін тәрбиелік маңызы зор «Ғибратты ғұмыр» жобасының бүгінгі қонағы ұлағатты ұстаз, танымал сазгер Нұрлан Нығметов болды. Нұрлан Серікұлын жерлестері киелі өнерді өзіне серік қылған, өмірі өнегеге толы сазгер ретінде және зейнетке шыққанға дейін шәкіртерінің жүрегіне музыканың әдемі ырғақтарын құя білген ұстаз ретінде де жақсы таниды. Кеш барысы ағамыздың шығармашылығымен байланыстырылып, ғибратты ғұмырынан да біраз әңгімелер айтылды. Әсіресе, өзі жазған әндердің шығу тарихы туралы келелі де қызықты сәттер баяндалды.

52
Нұрлан Серікұлы бүгінде ауданның өнер мен музыкасы тарихында ойып орын алатын «Казталов вальсі», «Тәуелсіздік жыры», «Саз мектебі», «Ақ желкен арман», «Мектебім әнім», «Күтемін сені», «Асылым сен», «Гүл тағдыр», «Қоштасқым мәңгі келмейді», «Туған өлке», «Аудан әнім», «Тырналар», «Қайыңды вальсі» секілді тағы басқа да лирикаға толы көптеген әндердің өмірге алып келді. Шығармашылығының шыңға жетіп, өнегелі өмірі дәріптелген кеште ағамыз музыкасын жазған әндерді сахнада төрінде С.Садықов атындағы киелі өнер ордасының әншілерімен бірге өзі ұстаздық қылған аудандық саз мектебінің өнерлі жастары шебер орындап, кештің сәнін келтірді.

55
Кеш соңында сөз алған Казталов ауданы әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жүсіп Шакуов кеш қонағы Нұрлан Серікұлына ізгі тілектерін жолдап, алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыс етті.

54
Елдің тарихымен, ел ағаларының еңбегін насихаттаған осындай өміршең жоба жалғасын таба берсін дейміз!

Қайрат Жақып,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале