26.01.2022, 10:15
Оқылды: 185

«Гибридті соғыс» деген не пәле өзі?

– Қазіргі заманда әлемде ұлтаралық сипаттағы қарулы қақтығыстар мен соғыс өрті лезде тұтанады. Тіпті кейбір мемлекетті тұралатып, дағдарысқа душар қылатын әскери-саяси қым-қуыт оқиғалар көбеюі таңсық болудан қалып барады. Соңғы кездері бұқаралық ақпарат құралдары «гибридті соғыс» деген терминді жиі қолданатын болды. «Гибридті соғыс» технологиясының ерекшелігі неде екенін білгім келеді. Осы терминге қатысты мол  мағлұмат берсеңіздер екен. Жалпы, «гибритті соғыс» деген не пәле өзі?

гибридная война (2)

Ержан Оразов, 

гуманитарлық ғылымдар магистрі, 

Орал қаласы:

InShot_20220126_101223959

– Жаһандану үдерісі қарқын алған сайын «гибридті соғыс» түсінігі кең ауқымда қолданылып келеді. Қазіргі кезде соғыс қатері бір елді басып алу үшін қару-жарақ арсеналын түгел жинап, шекараға зеңбірек мойнын бұрып, әскери ұшақтардың көкте торуылдауына жол берумен сипатталмайды. «Гибрид» сөзінің өзі латын тілінен аударғанда «будан» деген мағынаны білдіреді. Яғни қару-жарақпен қатар соғыстың дәстүрлі емес ұрыс тәсілдері де кеңінен қолданылады. Бұған қоса  сарапшылар гибридті соғыс жүрген жерді шекара арқылы бөле-жара көрсету қиынға соғатынын айтады. Тіпті сырт қарағанда күнделікті тыныс-тіршілігі жаймашуақ, мамыражай, бейбіт көріне-тін мемлекеттерде «көрінбейтін майдан» жүріп жатуы мүмкін. Ақ-қарасы ажыратылмаған ақпарат ағыны, цифрландырылған жүйені кіріптар қылып қоятын кибер технология, мемлекет тұтастығына сызат түсіретін арандату әрекеттері,  көпшіліктің ашу-ызасын тудыратын саяси үндеулер, құпия құжаттардың қалтарысында қалатын сан алуан әдіс-тәсілдер қолданылады. Гибридті соғыс ұзақ мерзімге жүйелі жүргізіледі. Кейбір сарапшылар ХХІ ғасырда жаһандағы саяси жанжалдар мен әскери қақтығыстар ошағы жиі тұтанып, әлемнің түкпір-түкпірінде ұласып отыруына байланысты «гибридті соғыс» ұғымы көпшілік үшін жұмбақ болудан қалып бара жатқанын, бұқара халық әскери стратегтер мен саяси ойыншылар қадамын «алыстан тануға» бейімделуде екенін айтады. НАТО мен Пентагон құжаттарында гибридті қауіптер ұғымы жиі көрсетіледі. Теорияшылар «гибридті соғыс» ұғымына байланысты түрлі анықтама берген. Осы тұжырым авторларының бірі – АҚШ теңіз жаяу әскерлерінің бұрынғы офицері, АҚШ Қорғаныс министрлігінің ғылыми қызметкері Фрэнк Хоффманның түсіндіруінше, «гибридті соғыс» – ажал аранына айналатын мемлекетаралық қақтығыс пен үнемі тұтанып отыратын партизандық соғыстың шектен шыққан көрінісінің қосындысы. Қарсыластардың әскери әлеуеті мығым болады, заманауи технологияларға сүйеніп, шифрланған командалық жүйелерді, портативті жер-әуе зымырандарын қолданады. Хоффман болашақтағы қақтығыстар көп модельді және көп нұсқалы болатынын жазған. Стандартты қару-жарақ, ретсіз ұрыс тәсілдері мен құралымдар, лаңкестік шабуылдар (зорлық-зомбылық пен мәжбүрлеу) және қылмыстық әрекеттер мен тобырлық тәртіпсіздік, әртүрлі соғыс режімдері гибридті қауіпке жатады.

гибридная война (3)

Гибридті соғыс өртін мемлекеттер ғана емес, қарулы топтар, әскери технологияны жетік меңгерген жасырын ойыншылар әлемнің кез келген жерінде тұтандыра алады. Кейбір тарихи деректерге сүйенсек, гибридті соғыс тәсілдері ежелден бері қолданылып келе жатыр. Оған мысал ретінде біздің дәуірімізге дейінгі 431-404 жылдары Ежелгі Грекия жеріндегі Афина империясы туралы айтылады. Империяны ішкі идеологиялық жанжал шоғы мүжіп тастаған. КСРО-ның Ауған (1979-89 ж.ж.) жеріне басып кіруінде де гибридті соғыс технологиялары қолданылған делінеді. Саяси сарапшылар Ресей Федерациясының Қырымды аннексиялап алуын ұзақ талқылағаны, «гибридті соғыс» деп баға бергені белгілі. Түйіндей айтсақ, шекарасыз майданға төтеп беру үшін кез келген мемлекет мығым дайындалуы тиіс. Күтпеген жерден басталатын қым-қиғаш сценарийлер салдары өте ауыр болуы ықтимал. Бейбітшілік туын желбіретіп келген Қазақстан да «Қаңтар қасіретін» басынан кешіріп отыр. Көңілге күмән ұялатқан қақтығыстар көлеңкесінде «гибридті соғыс» қылаң бергендей. Демек, ұлт трагедиясына шетелдік және отандық сарапшы-зерттеушілер нақты саяси бағасын беретіні анық.

Бақытгүл Диярова, 

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале