27.01.2022, 15:20
Оқылды: 99

«Hyunday»-ын қайырымдылыққа салды

Бөкей ордасының тұрғыны Нұрлыбек Иманбаев автолотореядан «Hyunday Accent» көлігін ұтып, ұтысты қаржылай алып, түгелдей қайырымдылыққа жұмсап отыр. Көліктің құны 7 млн. 519 мың теңге тұрады. Сол қаржының бір бөлігін кешегі Алматыдағы бүлік кезінде қаза тапқан Дәулет Жұпарбеков, Мейірхан Бітімнің отбасыларына, тағы бір бөлігін оралдық үш жасар баланың еміне аударған.

1

– Қалған бөлігін қайырымдылық қорына аударып, бисендік мұқтаж жандардың бір жоғын түгендеп берсем, – дейді Нұрлыбек.

Бірден айта кетейік, Нұрлыбекті сұхбатқа келістіру қиынға соқты.

– Мұндай дабыра боп, сұхбат беремін деп ойлағам жоқ. Оңай жолмен келген олжа ғой. Маған да сауап болмайды. Газетке беріп, жариялаудың қажеті жоқ, – деп тұрып алды.

– Ұтыс болса да, құдайдың берген несібесі деп тақымымызға басып аламыз ғой. Қазір өзіңіз білесіз, ебін тауып екі асап  қалуға дайын отыратындар көп. Ал сіз қомақты қаржыны еш қиналмастан қайырымдылыққа деп аударып отырсыз. Жеке көлігіңіз де жоқ екен.  Мұның өзі үлкен азаматтық. Жақсының жақсылығын жариялаған артықтық етпейді. Көпке ой салар, үлгі боларлықтай іс қой, – деп әрең көндірдік.

2

Нұрлыбек Иманбаев – Бисен ауылының тумасы. Шекара қызметінде жүрген азамат. Отбасылы, екі ұл мен бір қызғалдығын тәрбиелеп отырған ардақты әке. Нұрлыбек бұдан бұрын да біздің газеттің кейіпкері болған еді. Қос қыранын  спортқа баулыған, бала тәрбиесіне аса көңіл бөлетін жақсы әке деп жариялаған едік. Сол жақсы жанымыз бүгін де жомарттығымен көзге түсіп жатыр. Нұрлыбектей нұрлы жүрек иелері көп болса, мына әлемнің басқаша болары анық.

Ұлпан Әнуарқызы,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале