12.08.2021, 17:42
Оқылды: 202

Интернет v/s газет

Ақпарат ағын судай тасыған заманда өмір сүріп жатқандықтан нақты әрі шынайы ақпаратты талдауға тура келеді. Одан бөлек, ақпарат тасқынындағы фейк жаңалықтар да көпшілікті адастыруда. Бұған төтеп бере алатын күш газет еді. Бірақ осы күні үнпарақтар өзіне жүктелген міндетті ойдағыдай атқара алмай жатыр. Өйткені бүгінгі жаңалық ертең ескеріп қалады. Ал аптасына бір не екі, әрі кетсе, үш рет шығатын басылым тенденциядан қалып қоймағанымен, жылдамдыққа ілесе алмауда. Ауыр болса да, газеттердің интернет басылымдарға жылдамдық жағынан жеңіліп жатқанын мойындауымыз керек.

инет

Газет ғасырлар бойы адамзатқа қызмет етіп келеді. Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі, ол жоғалса барлығы құриды деген сыңайдағы әдемі сөздерді айтып, оны интернет алмастыра алмайды дейтін жандар бар. Болады да. Бірақ соңғы кезде ондай жандардың саны азайды. Көп адам интернетке көшу керек екенін түсінді.

Ғаламтор пайда болғалы газет неден айырылды? Соны бір саралап көрсек. Ең алдымен газеттен жастар бас тартты. Жаңа технологияны тез меңгерген жаңа ұрпақ газетке шүйлігіп, қағазға телміріп отырғаннан гөрі, қажетті ақпаратын интернеттен тауып алғанды жөн санайды. Табады да. Материалды дайындау барысында ауыл тұрғындарын тілге тартып, күнделікті жаңалықтарды қайдан оқитындарын сұрадық. Әр үшінші тұрғын жаңалықты интернеттен оқитындарын айтты. Одан бөлек, теледидардан да мағлұмат алатын азаматтар табылды. Ал газетті оқушылар саны көп болмады. Аудан газетінің инстаграм және фейсбук желілеріндегі ресми парақшалары арқылы жаңалықты қайдан алатыны туралы сауалнама жүргізіп көрдік. Оның қорытындысы да газет жақтаушылары мен ұжымды қуанта қоймады. Сауалнамаға қатысқан 150 адамның 89-ы жаңалықты интернеттен оқитынын белгілесе, 47 респондент теледидарды таңдапты. Ал газетті оқушылар саны 14 адамды құрады. Бұл газеттің берері азайды дегенді емес, оны оқуға деген сұраныстың төмендегенін көрсетеді. Қазір аудан газетіне 2341 адам жазылды. Бұл бүкіл аудан халқының тек 4 пайызы газетке жазылды дегенді білдіреді. Егер газет идеологиялық құрал деп санайтын болсақ, 4 пайыз – өте төмен көрсеткіш. Оны өсіруге болады. Бірақ одан пайда болмайды. Өйткені басы-қасында жүргендіктен, газетке жұрттың қалай жазылатынын көріп жүрміз. Десе де, бұл мемлекеттік ақпараттық саясат ақсап тұр дегенді білдірмейді. Өйткені аудан басылымының инстаграм және фейсбуктегі парақшалары арқылы жаңалықтар мен аудан өмірі туралы ақпараттарды күніне 1300 бен 1500, аптасына 15000, ал айына 70 мың адам оқып отырады. Газетті тегін таратқан күннің өзінде де бұндай көрсеткішке жету неғайбіл. Сондықтан да бар оқырманды сақтай отырып, күшті интернет журналистиканы дамытуға салған дұрыс. Өйткені интернет газетті тек жылдамдығымен ғана емес, мультимедиясының кеңдігімен де артта қалдырып отыр. Сондықтан өткенге жабыса бергеннен гөрі заман ағымына ілескен дұрыс. Газет арқылы жүретін идеологияның лайвқа шығару – заман талабы. Осы істі қазір қамдамасақ, барымыздан айырыламыз. Өйткені бұны түсінгендер алдымызды орап кетті. Оны жүргізген сауалнама қатысушылары да айтты. Ауыл тұрғыны Айбану Өтепова осы күні газет көп оқымайтынын мойындады.

– ХХІ ғасыр – технологияның дамыған заманы. Сол себепті қажетті ақпаратты интернет желісінен бақылап отырамын. Қазір газет түгілі  теледидар қарауды да азайттым. Өйткені Facebook, Instаgrаm, Telegram әлеуметтік желілеріндегі жаңа жаңалықтар тез әрі уақтылы шығады, жақындарыммен бөлісуге де ыңғайлы. Қоғам, мемлекет, бизнес және де басқа да қызықты тақырыптардағы мақалалар түрлі сайттарда да қолжетімді. Бұқаралық ақпарат құралдарының да әлеуметтік желідегі парақшаларының болғаны дұрыс. Өз басым түрлі облыстық және өзіме пайдалы болады-ау деген басылымдардың парақшаларына жазылдым. Жаңалықтардан хабардар болып отырудың тиімді жолы осы деп есептеймін. Тек мен ғана емес, барлық жас буын күнделікті жаңалықты гаджеттерден алып жүр, – дейді ауыл тұрғыны Айбану Өтепова.

Оның сөзінше, ақпарат құралдары қазіргі таңда барлық азаматтардың мақала мен мәлімет қорын еркін аша алатын күйге жеткен. Сондай-ақ ғаламтор желісі тек ақпарат алып қана қойғай, білім алуға, қашықтықтан жұмыс жасап, ақша табуға да мүмкіндік береді екен.

Алдыңғы буын өкілдері де осы күні газеттен гөрі ғаламторға көп уақытын бөлетінін айтып жүр. Ауыл тұрғындарымен өткен сауалнама барысында өз пікірін білдірген Райса Бегалиеваның пікірінше, қазір дүние жүзі қажетті ақпаратты интернеттен алады екен. Бүгінде ақпарат құралдары, әсіресе телеарналар жаңалықтың тез әрі нақты болуына көңіл бөле бастапты. Оның үстіне қазір әркімнің қолында жүрген ұялы телефондар мен гаджеттер тұнып тұрған ақпарат екенін айтады Райса ханым.

– Әлемді шарлаған ақпараттың адамға пайдалысы да, пайдасызы да бар. Сондай-ақ шындыққа жанаспайтын жаңалықтар да өріп жүр. Сол себепті өз басым қажетті жаңалықты мерзімді басылымдардың ресми сайттарынан оқимын. Өйткені маған тексерілген, дұрыс ақпарат керек. Мүлдем газет-журналға бас сұқпаймын деуге де болмайды. Жастайымнан қалыптасқан дағды болған соң түрлі газеттерді ақтаратыным бар. Көбіне аналитикалық және эксклюзивті мақалаларды оқуға тырысамын, – дейді переметныйлық Райса Бегалиева.

Сөздің шыны керек, интернет тұрғындармен кері байланыс орнатуға да мүмкіндік берді. Ол үшін әр адам өзінің пікірін қалдырып, жеке хабарламалар жаза алады. Бұрын редакцияға түскен хаттың жауабын оқырман апталап, кей кездері айлап күтетін болса, қазіргі таңда әр адамның пікіріне сол бойда жауап бере аламыз. Олармен кеңесіп, тұрғындарды толғандырған сұрақтардың жауабын табуға болады. Одан бөлек, газет аудиториясына да көңіл бөліп, қай бағытқа күш салу керек екенін біліп отыра аламыз. Қазір басылым аудиториясы да әр қилы. «Ауыл тынысы» жаңалықтарын оқитын тұрғындардың 41,3 пайызы 25 пен 34 жас аралығындағы адамдар болса, 27,3 пайызы – 35 пен 44, 12,1 пайызы – 18-24, 8,9 пайызы 45-54 жастағылар. 55 пен 64 жас аралығындағы оқырмандардың пайыздық көрсеткіші 4,7-ні құрап отыр. Тіпті 65 жастан асқан оқырмандар да бар. Олар газеттің интернет парақшасын оқитындардың 0,9 процентін құраған. Аудан газетінің жаңалығын тек бәйтеректіктер ғана емес, Орал, Алматы, Жаңаөзен, Ақтөбе, Петропавл қалаларының тұрғындары да оқиды. Оған Ресей мен Қырғызстан және Иран мен АҚШ еліндегі оқырманды қосыңыз. Тіпті Кеңес үкіметі кезінде де аудан жаңалығы осындай масштабта таралмаған болар?

Жарнамадан да қағылдық

Жасыратыны жоқ, газеттердің біразы мемлекеттен қаржыландырылады. Барлық аудандық газеттер күнін мемтапсырыс арқылы көріп отыр. Оған түрлі жарнамалар келетін еді. Осы күні жарнамадан да қағылдық. Өйткені жұрттың бәрі жарнаманы интернетке салады. Алысқа бармай-ақ аудандық «Ауыл тынысы» газетін алайық. Күні кеше бір жұмыс беруші газетке жарнама салғысы келді. Бағасын айттық. Келіскендей болып едік. Белгіленген күні әлгі адам келмеді. Хабарласқанымызда, жарнаманы enbek.kz сайтына жариялап тастапты. Ол ыңғайлы әрі тиімді екен, сөзінше. Сондай-ақ әлеуметтік желілердегі түрлі бірлестіктерге де орналастырыпты. Ол үшін жарнама берушіні жазғыруға болмас. Өйткені әр адам өзіне тиімді жағын қарастырады. Газеттегі жарнаманы екі мың адам көрер. Ал желідегі хабарландыруды он-он бес мың кісі көре алады.

Интернет нарығы тек бізді ғана емес, әлемді жаулап алды. Соңғы жылдардағы зерттеулер қорытындысына көз салар болсақ, желідегі жарнама екі есе өскен. Соның нәтижесінде баспа нарығы осы бағыттан түсетін қаржыдан айырылып отыр. Бұл тенденция енді тоқтамасы анық. Сондықтан түлкі заманды тазы боп шалуымыз қажет. Ол үшін жарнаманы тек газетке ғана емес, желіге де салуымыз керек.

Қайтпек керек?

Қазіргідей оқырманның қағаз газетке жазылғанын күтіп отыру, мұғалімдер мен бюджет саласының жұмысшыларын жаздыру және кәсіпкер біткенді аралап, жоқ-жітімге газет сыйлауын сұрап жүретін болсақ, басылымның жаназасын шығара беруге болады. Бұл жол күндердің күнінде тығырыққа тірейді. Ол – заман шындығы. Не істемек керек? Басқа елдер газет оқырмандарын қалай сақтап қалды? Журналистиканы зерттеушілердің жазғандарына көз жүгіртсек, олар біраз істі жасағанын көре аламыз. Бірі газет сайтына кіруді ақылы еткен, енді бірі желідегі мақаланың толық нұсқасын оқу үшін ақы алған. Бірақ біреуі де оң нәтиже бермепті. Осылай жасаған «Times» және «Sunday Times» сияқты газеттер оқырмандарының 90 пайызын жоғалтып алған. Өйткені оларда бар жаңалықты басқа ашық платформалардан оқып алыпты тұрғындар. Сол себепті бұл нұсқа бізге келіңкіремейді. Тиімдісі «HuffingtonPost», «The Atlantic», «Daily Mail», «Journal Register Company» сияқты басылымдардың тәжірибесіне сүйену. Олар желі құрылымын сол қалпында қабылдап, интернет ережесімен ойнаған. Газеттің «цифрлық бөлімшелерін» ашқан. Блогосфера оқиғаларын бақылап, оларды баспаға шығарып, желі мүмкіндігін кең пайдаланған. Нәтижесінде оқырмандарының саны 190 мыңға бірден өсіпті. Басылымды мобильді құрылғылардан қолжетімді еткен. Интернетті жеңудің жолы – оның ережесіне бас ұсыну.

Жаңалықты желіге салу ең алдымен жас аудиторияны тарту үшін керек. Жарнамадан қағылып қалмас үшін де желі мүмкіндігін пайдаланған жөн. Иә, газет толықтай өлмейді. Бірақ оның маңыздылығы төмендейтіні рас. Оқырман сақтап қалудың жолы газет беттеріне эксклюзив материалдар мен аналитикалық мақалаларды салу. Фейкньюс пен фактчектің заманында әр мақала, әр ақпарат шынайы әрі тексерілген болуы керек. Әйтпесе болмайды. Алдағы күндері дәстүрлі газет редакциясы үйреншікті жұмысын тоқтатып, мультимедия мен видеоны меңгерген, әлеуметтік желі жұмысын білетін универсалды журналистерді жұмысқа алады. Ал ескі сүрлеу ХХ ғасырда қалды. Ол – шындық. Қолымызды кеш сермеп қалмайық.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале