10.10.2023, 17:45
Оқылды: 34

Қайырымдылық шаралары жалғасып жатыр

Қазан айының басында басталған қайырымдылық шаралары әлі де жалғасын табуда.

2c0d1602-dfdb-4b40-9cc9-99df36e09115

Оған дәлел, бүгін аудан орталығындағы «Сары-Арқа» кафесінің иесі Әділбек Жанболатұлы ауданымыздағы көру мүшесі зақымдалған І, ІІ, ІІІ топтағы мүгедектігі бар жандарға арнап дастархан дайындады.

Шараға қазақ зағиптар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сәкен Еслямғалиев, аудандық ерікті мүгедектер қоғамының төрайымы Халила Нұрсұлтанова және аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің үйде арнаулы әлеуметтік көмек көрсету бөлімінің бөлімше меңгерушісі Айнұр Мұханбетиярова қатысты.

Алғашқы сөз тізгінін алған Сәкен Болатұлы дастархан басында жиналған жандарды мерекелерімен құттықтап, одан әрі Халила Нұрсұлтанова мен Айнұр Алпамысқызы:

- Сіздер мүгедек емессіздер, қоғамда өзгелермен тең өмір сүруге құқылысыздар. Сіздердің бойларыңызда бар асыл қасиет, ерекше өнер басқаларда болмауы мүмкін. Әр күндеріңіз жарқын, әр сәттеріңіз көңілді өтсін. Сіздер тек жақсыға лайықты жансыздар, - деп ақжарма тілектерін арнады.

 Сондай-ақ кафе иесі, Жаңақаланың атымтай жомарты Әділбек Жанболатұлы да қонақтарға қош келдіңіздер айтып, қашанда қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Шара барысында Сәкен Еслямғалиев «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің БҚО филиалының басшысы Мұрат Қадірбековтың атынан, Айнұр Мұханбетиярова аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Еркін Сапаровтың атынан кафе басшысына алғысхат табыс етті.

Жиналғандар ақ баталарын беріп, алғыстарын білдірді.

Айзада Ақбасова,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале