15.01.2024, 18:00
Оқылды: 65

Кәмелетке толмағандар толғандырады

Бүгін Жәнібек ауданы әкімдігінде аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдоловтың төрағалығымен кәмелеттік жасқа толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысы өтті.

IMG_20240115_175213

Жиынға аудандық мәслихат төрағасы Тахир Қадимов, комиссия мүшелері мен бөлім басшылары қатысты.

Жаңа жылдың кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты алғашқы кеңесінде екі мәселе талқыланды. Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Асхат Молдағалиев пен аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Нұфтығали Төрешев мектепте және ішкі істер бөлімінде есепте тұрған балалар туралы жеткізіп, отбасындағы жағдайын зерделеу, балаларды спорт үйірмелеріне қатыстыру жұмыстарына тоқталды.

Асхат Хамитұлының баяндауынша, 2023-2024 оқу жылында «Біртұтас тәрбие бағдарламасын» жүзеге асырудағы «Жеткіншектің жеті жарғысы» жобасы аясында аудан мектептерінде аудандық полиция бөлімімен бірлескен құқықтық тәрбие жоспары бекітілген. Ол:
- Аудан бойынша 2024 жылда Ішкі істер бөлімінде есепте тұрған оқушылар жоқ. Мектептердегі бақылауда 14 оқушы тұр. Оларға арнайы жұмыс жоспары құрылып, жұмыс атқарылып жатыр, - деді өз сөзінде.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ләззат Садирова «Кәмелетке толмағандар арасындағы діни экстремизмнің алдын алу» тақырыбында ой қозғады. Ләззат Айтқалиқызының баяндауынша, 2023 жылы осы бағытта 10 шара өткізіліп, оған 491 адам қатысқан. Оның ішінде спорттық шаралар, түсіндіру жұмысы бар. Аудандағы жасөспірімдердің тәртібі мен тәрбиесі – өзекті мәселелердің бірі. Комиссия төрағасы Жақсылық Каримоллаұлы соңында өз ұсыныстарын айтып, жиынды қорытындылады. Қуанғанымыздың басты себебі оқушылардың түнгі уақытта дәмханаларда жұмыс жасауының тоқтатылғаны болды. Мұны полиция қызметкерлерінің үздіксіз рейдке шығып, мәселемен білек сыбана күрескенінің арқасы деп білеміз. Дегенмен кәмелетке толмағандардың ісі әлі де толғандырады. Олардың мінезі, өзін ортада ұстауы, отбасындағы орыны, мектептегі тәртібі комиссия мүшелерінің назарында болмақ.

Әлібек Қаржау,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале