Бөрлі ауданы, Қанай ауылында ауылдың үлкендеріне, ақсақалдары мен ақ жаулықты әжелеріне қолдау көрсету мақсатында игі іс ұйымдастырылды. Ауыл азаматтарының бастамасымен қысқы мал азығына қажетті шөп 6 отбасыға тегін таратылды. Барлығы 84 рулон шөп түсірілді.

Бұл – ауылдағы өзара көмек пен үлкенге деген құрметтің жарқын үлгісі. Қыс мезгіліне дайындық кезінде мал азығының маңызы ерекше. Әсіресе, жасы үлкен ауыл тұрғындарына қолдау көрсету – кейінгі буынға үлгі боларлық сауапты іс.

Аталған қайырымды бастамаға қолдау білдіріп, шөппен қамтамасыз етуге өз үлестерін қосқан «Достар» және «Ирик» шаруа қожалықтары, «ХайдарАгро» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі және Сулейменов Бауырғали есімді ауылдың жанашырына тұрғындар атынан алғыс білдіреміз.

Жақсылық жасау – үлкен қаржы немесе ерекше мүмкіндік талап етпейді. Кейде бір-біріне қолдау көрсету, үлкеннің жағдайын сұрау, қажет кезде қол ұшын созу – ауылдың береке-бірлігін арттыратын маңызды қадам.

Осындай игі бастамалар ауыл тұрғындарының арасындағы ынтымақ пен жанашырлықты нығайтып, кейінгі ұрпаққа өнеге болары сөзсіз.
Мейрамбек Сыдықов,
Бөрлі ауданы