29.05.2019, 13:00
Оқылды: 36

Қарақұдықта мал бордақыланып, Тоғанаста ферма ашылмақ (ФОТО)

Сырым ауданына Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Миржан Сатқанов келді. Әкімнің орынбасары Бұлдырты ауылдық округі Қарақұдық елді мекендегі «Иманғали» шаруа қожалығының жұмысымен танысты.

syrym merjan satqanov (1)

         Нұрболат Оңғарбеков жетекшілік ететін «Иманғали» шаруа қожалығы 2015 жылдан бері жұмыс жасайды. Иелігінде 100 шақты ірі қара, 500 қой және төлімен қоса санағанда жарты мыңдай жылқы бар.

         Қожалық жетекшісінің кеңесшісі Марат Оңғарбеков табиғи, төл өнімді өндіру мен тұтынуды негізгі мақсат қылып отыр. Шаруашылықтың жылқының тұқымын асылдандыру мен өнім алуға үлкен күш салуының да бір себебі - осы. Былтыр шаруашылық 30 бие сауып, 3 тонна қымыз өндірді. Биыл желіге былтырға қарағанда 20 бие артық байланды. Сәйкесінше, өнімнің көлемі де еселенеді деген жоспар бар. Биелер автоматты сауу құрылғысымен сауылуда.

syrym merjan satqanov (7)

         Қарақұдық даласында мұғалжар және көшім тұқымды жылқылар бағылуда.

         «Иманғали» шаруа қожалығы биыл құс шаруашылығын да қолға алды. Аулада үй құстарының ішіндегі етті тұқымдары - 500 үйрек, 100 күрке тауық және 100 цесарканың балапаны өсірілуде.

         Қожалық үш жылдың ішінде 1000 басқа арналған мал бордақылау алаңын құрылысын аяқтады. Құрылыс мемлекеттік комиссиядан өтіп, іске қосылды. Қожалықтың өкілі Марат Оңғарбековтың айтуынша, «Иманғали» қожалығы секілді мал бордақылайтын базасы дайын шаруашылықтар бар. Бірақ, істі ілгерілетпей тұрған кейбір түйткілдер бар. Мысалы, «ҚазАгроҚаржы» АҚ шаруаларға айналым қоры есебінде қайтарымды қаржыны 17 пайыздық өсіммен ұсынып отыр. Марат Оңғарбеков облыс әкімінің орынбасары Миржан Сатқановқа пайыздық өсімді 6 пайызға дейін төмендету жөнінде ұсыныс айтты. Себебі, 17 пайыздық өсім шаруалардың еңбегін ақтамайын деп тұр.

syrym merjan satqanov (10)

         Округтердің аумағында мал бордақылау алаңдарының жұмыс жасауы жергілікті халық үшін де тиімді болатыны рас. Біріншіден, мал иелері мал тапсыру үшін алысқа бармайды, тасымалдауға шығынданбайды. Оларға мемлекет тарапынан еттің әр келісі үшін 200 теңге субсидия қарастырылған. Мамандардың айтуынша, тұрғындар орташа есеппен бір бастан 240 мың теңгедей пайда көреді.

Миржан Сатқанов Жымпитыдағы «Қайсар» спорт клубының ғимаратымен де танысты. Ескі ғимарат бүгінгі күні жөндеуді қажет етіп тұр.

Сырым ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Сырым ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Ахметовтың төрағалығымен, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Миржан Сатқановтың және облыстық басқармалардың өкілдерінің қатысуымен жиын өтті. Жиында негізінен кәсіпкерлік саласына қатысты мәселелер мен оларды шешу жолдары айтылды. Облыстық мәслихаттың депутаты, «Жібек жолы» шаруа қожалығының жетекшісі Ғанимат Нұрмұханов кәсіпкерлерге жалға берілетін жерлерге инженерлік-коммуналдық желі тарту жөнінде ұсыныс айтты.

         Осы жиналыста облыстың, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар аудан тұрғындарына Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтің алғыс хаты табыс етілді. Марапатқа ие болғандардың ішінде, шаруа қожалықтарының жетекшілері және білім, денсаулық, жастар саясатының өкілдері бар.

         Осы күні Сырым ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында облыс әкімінің орынбасары Миржан Сатқанов азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

syrym merjan satqanov (3)

         Шолақаңқаты ауылдық округінің аумағында «West Agro-Milk» серіктестігі 240 бас сауын сиырға арналған сүтті – тауарлы ферманың құрылысын бастамақ. Миржан Сатқанов округте болып, ферма салуға ниетті инвесторлармен кездесті. Облыс әкімінің орынбасары ферманың жұмысына қоса мал азықтық дақылдар егу сияқты қосымша кәсіпті жүргізу, ол кәсіпке Аңқаты су қоймасының игілігін пайдалану жөнінде ұсыныс айтты.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

syrym merjan satqanov (2)

syrym merjan satqanov (8)

syrym merjan satqanov (5) syrym merjan satqanov (9) syrym merjan satqanov (11) syrym merjan satqanov (12) syrym merjan satqanov (13) syrym merjan satqanov (14) syrym merjan satqanov (16)

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале